Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

Көшеде адам ағзаларын өртеген: Шымкенттік жекеменшік компанияға айыппұл салынды

Шымкентте көшеде медициналық қалдықтар мен адам ағзаларын өртеген компанияға айыппұл салынды. Бұл туралы экология, геология және табиғат ресурстары министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ыбыраева Facebook желісінде мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Шымкентте экология департаменті «Эколайф Астана» ЖШС-ның рұқсат етілмеген жерде медициналық қалдықтарды өртеуіне қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізді.

«Тексеріс нәтижесі бойынша, «Эколайф Астана» ЖШС ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 328 (Экологиялық рұқсатта белгiленген, қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң асып кетуi не экологиялық рұқсаттың болмауы) және 332-баптары (Мемлекеттiк экологиялық сараптаманы мiндеттiтүрде жүргізу туралы заңнама талаптарын орындамау) бойынша әкімшілік жауапқа тартылды», – дейді министрліктің баспасөз хатшысы.

Экология департаменті Түркістан облыстық және Шымкенттің денсаулық сақтау басқармаларына «Эколайф Астана» ЖШС-ның мемлекеттің келісімшарт талаптарын орындамауы туралы хат жолдады. Сонымен қатар Сарыағаш ауданы мен Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік келісімшарттың тоқтатылуы туралы хабарлама жіберілді.

Еске сала кетсек, Шымкентте жекеменшік компания адамдардың мүшелері мен медициналық қалдықтарды тура көшеде өртеген еді. Ереже бұзушылар қалдықтардан өзен жағасында тұрып арылғалы жатқан жерінен ұсталған. «Эколайф» компаниясы бұл жұмыспен көп жылдан бері айналысып келеді. Әрдайым жазадан айыппұл төлеу арқылы құтылып кетіп отырған.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Комментарий