Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

«Қуыршақ… Түк те тындырмаған»: Гүлшара Әбдіхалықованың қызметінен босауы қызу талқыға түсті

«Жалпы, оның бірдеңемен айналысқанын біреу білді ме? Тек үнсіз отырды және ақылды түр жасап алды. Біреудің әйелі ме, әлде, әпкесі ме?».

Таяуда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Гүлшара Әбдіхалықованы Үкімет басшысының орынбасары қызметінен босату жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Сонымен, мемлекеттік қызметтегі лауазымы бойынша әжептәуір карьера қалыптастырып алған Әбдіхалықова 19-ыншы жұмысымен қоштасып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары қызметінен босатылсын» делінген Жарлықта.

Қысқаша өмірбаянына тоқтала кетсек, 1965 жылы 15 мамырда Қызылорда облысында дүниеге келген ол, 1987 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Бір қызы бар.

Еңбек өтілі 1987-1994 жылдар аралығында Қызылорда облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасында аға инспектор, бөлім бастығы болып жұмыс істегенінен басталады.

Одан кейін, яғни 1994 жылдан бастап ҚР Жоғары кеңесі халықты әлеуметтік қорғау комитетінің консультанты; «Өмірді сақтандыру компаниясы – Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ басқармасының төрайымы; президенттің кеңесшісі, президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы; Қазақстанның мемлекеттік хатшысы; премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарған.

Қалған жұмысының бәрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кеңсесінің ішінде жалғаса берген. Сондағы басқарма басшысының орынбасарлығынан бастап, министр болғанға дейінгі ірілі-ұсақты қызметтің көбінен төбе көрсетіпті.

Алайда, 2001 жылғы «Ерен еңбегі үшін» медалі мен 2009 жылы алған «Парасат» орденінен басқа мардымды марапаттары да жоқ екен. Омырауында тек «Астана», «Қазастан Конституциясына – 10 жыл», «Астанаға – 10 жыл», «Астанаға – 20 жыл» мерейтойлық медальдары сыңғырлайды.

Биліктің шахмат тақтасында орнын ғана ауыстырып отыратын үйреншікті «фигураларының» бірі болғандықтан ба, бұл кісінің саясатта аса салмағы да жоқ. Жоғарыдағы саяси сатыларына қарап отырсаң, керемет кеңседе тыныш қана отыратын лауазымдар атқарғанына ғана көз жетеді. Оны президенттің осы соңғы Жарлығы әлеуметтік желілерге тараған сәтте-ақ, қырағы желі қолданушылары біраз талқылап тастады.

Комментарий