Судья мінбері | Судебная система

Мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне шағымдануға кедергі жоқ

Мемлекеттік қызметтің сапасын көтеру, қызметшілердің біліктілігі мен білімін жетілдіру мәселесі ешқашан назардан тыс қалған емес. Бірақ, бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, мемлекеттік қызметшілердің арасында да өз жұмысын талапқа сай орындамайтындар аз кездеспейді. Олардың тарапынан кеткен бір кемшілік азаматтарды біраз әуре-сарсаңға салатыны шындық. Мұндай жағдайда азаматтар бұзылған құқықтарын сот органдарына шағым жазу арқылы қалпына келтіре алады.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әр азаматтың құқығы мен бостандығын сот арқылы қорғалуына кепілдік берілген. Мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне шағымдану реті де арнайы дәйектелген. Сондықтан да азаматтар қолында билігі бар деп сескеніп мемлекеттік орган тарапынан кеткен кемшілікке көз жұмып қарамауы керек. Керісінше, жіберілген қатені дер кезінде көтеріп, құзырлы орындардың назарын аудару – мемлекеттік қызметшілерді сын тезіне салып, жұмыс сапасын арттыруға септігін тигізеді.

Сот тәжірибесі көрсеткендей, соттарға лицензия және рұқсат беру қызметімен айналысатын мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне қатысты шағымдар жиі түседі. Бұл арыздар Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сәйкес қаралады. Кодекстегі 29-тарау «Мемлекеттік биліктің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істер бойынша іс жүргізудің  тәртібі қарастырылған. Судья арыз қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде істі сот талқылауына дайындайды. Дайындық мерзімі аяқталған күннен бастап бiр ай мерзiмде сот арызды азаматтың, заңды тұлға өкілінің, шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтылып отырған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, қоғамдық бірлестік, ұйым басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің немесе олардың өкілдерінің қатысуымен қарайды. Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде заң бұзушылықтарды жою үшін арыз жазылған мекеме басшысына жіберіледі. Мекеме хат қолға тигеннен кейін бір ай ішінде шешімнің орындалғаны туралы сотқа, азаматқа немесе заңды тұлғаға уақыт созбай хабарлауға міндетті. Өйткені, сот шешімін орындамаған лауазымды адамдар заңда көрсетілгендей жауаптылыққа тартылады.

Толқын Далабаева,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

 

Комментарий