Судья мінбері | Судебная система

Ата Заңымыз – айбынымыз!

Елбасымыз соңғы рет Ата Заңға өзгерістер енгізу кезінде “Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ” деген болатын. Бүгінгі күні еліміздегі бейбітшілік пен ұлттар арасындағы татулыққа қарап отырып Ата Заңға бағынып, оның талаптарына сай өмір сүріп отырғанымызға көз жеткіземіз.

Құқықтық саясатымызда Тәуелсiздiгiмiз бен Конституциямыз тайға таңба басқандай ажырамас егiз ұғымға айналған. Бiрiнсiз бiрi толыққанды мазмұнға ие бола алмасы анық. Біздің Ата Заңымыз жарқын болашаққа апаратын айқын жолымыз, арқа сүйер асқар тауымыз, ардағымыз, айбарымыз. Осы әділ Заң аясында көп ұлтты Қазақстан халқы бір анадан туып, бір ананы емгендей тату-тәтті бақытты өмір сүріп, еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, байлығын молайтып, қорғаныс қуатын арттырып келеді. Ата Заңымыз мемлекетімізді мекендейтін халықтардың тыныш әрі бейбіт өмір сүруінің кепілі болып отыр. Ата заң аясында алтын дала- Қазақстан әлем елдері алдында экономикалық реформалар жүргізу мен демократиялық қоғам қалыптастыруда, әр түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүруі және әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуы жөнінен үлгі болып отыр.

Ата Заңымыз 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Біздің еліміз Ата Заң аясында тарих үшін аз жылдың ішінде әлеуметтік- экономикалық жағынан қарқынды дамып келе жатқан, саяси тұрақтылық берік қалыптасқан, іргесі мықты, айдынды ірі мемлекет ретінде дүниежүзіне танылды. Қазақстан Республикасының Ата Заңы біздің еліміздің дамуына жол ашып, жаңа тәуелсіз мемлекет буынының бекуіне себеп болды. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін Ата Заңымыз жаңа сипатқа ие болып, еліміздегі демократиялық реформалар тереңдей түсті. Еліміздің Ата Заңы мемлекетіміздің бүгінгі құрылымын шынайы бейнеленген, ұлттық мақсатты айқындап берген темірқазық. Ендеше алда келе жатқан мереке құтты болсын!

С. О. Жайлыханов, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының бас маманы, Сот Мәжілісінің хатшысы.

Комментарий