Судья мінбері | Судебная система

Ата Заңымыз азаматтарымыздың құқығын қамтамасыз етіп отыр!

Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Осы орайда еліміздің Ата заңы 24 жылдан бері өзінің міндетін қалтқысыз атқарып келеді. 

Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, осыдан жиырма төрт жыл бұрын, 30- тамызда еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі – Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.

Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтіп, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеп келеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек. Ата Заңымыз алдағы уақытта да халқымыз үшін қызмет етіп, Ата Заңға бағынған еліміз көркейе берсе мақсатымыздың орындалғаны болмақ!

А.А. Бакин, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий