Судья мінбері | Судебная система

Іс-қағаздарын сапалы жүргізу уақыт талабы!

Іс қағаздары қоғам өмірінде үлкен қызмет атқарады. Іс қағаздарының түрлері, оларға қойылатын талаптар, олардың безендірілуі, лексикасы сияқты ерекшеліктері бар. Іс қағаздары деген тіркестің ұғымы кең: олар-адамның күнделікті өмірінде жиі қолданылатын ресми құжаттар, яғни, бұйрық-жарлықтар, хаттамалар, анықтамалар, сенімхаттар, қолхаттар, арыздар, сот актілері және  т. б. Шартты түрде айтқанда, бұлардың ресми деп аталатын себебі-көбінесе бір түрде, біркелкі қалыптасқан үлгі бойынша жазылатындығы. Осылардың ішінде сот істеріндегі іс-қағаздарының маңызы зор!

Соңғы жылдары еліміздің сот саласында іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге айрықша көңіл бөлініп жүр. Сондай-ақ сот саласы алғашқылардың бірі болып күнделікті іс барысында жиі қолданатын құжаттарын электронды форматқа көшірді. Бұл өз кезегінде сот саласында жемқорлықтың алдын алуға, ашықтыққа, жариялылыққа жол ашты.

Осы орайда айта кетер жайт, іс қағаздарындағы көптеген терминдер орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген. Олардың көпшілігінің қазақшаланған нұсқасы бар. Кейбірінің орыс тіліндегі нұсқасы да қазақшаланған нұсқасы да қатар қолданылып жүр. Жалпы сот ісін жүргізу тілі сотқа берілген құжаттардың берілуіне қарай жүргізіледі, әрбір азамат істі өзінің ана тілінде, немесе өзі білетін басқа тілде жүргізуді талап етуге құқылы және өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу және кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі, сол сияқты онымен қамтамасыз етіледі. Іс қағаздарын қазақша жүргізуді қалыптастыру үлкен де жауапты іс. Мемлекеттік тілде іс жүргізудің мақсаты іс қағаздарын жазудағы, оның стандарт нұсқаларын қалыптастырудағы өркениетті елдер тәжірибесіне сүйене отырып, ана тілінің өз заңдылықтарын сақтап, өз мүмкіншілігін сарқа пайдалана отырып ұлттық іс қағаздарын қалыптастыру. Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, оны сапалы түрде дамыту – уақыт талабы болып отыр.

Айгүл САРМАЕВА, Алматы қаласы. Бостандық аудандық №2 сотының кеңсе меңгерушісі. 

Комментарий