Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Санат АЙНАҚҰЛОВ, заңгер, ғалым:«Заңгерлік кеңес беретіндердің бәрі сауатты емес»

– Әлеуметтік орталықтардың ішінде, оған қоса халыққа қызмет көрсететін түрлі мекемелерде «Заңгер кеңесі» бұрышы бар. Олар қандай қызмет көрсетеді? Халыққа көмегі қандай?
– «Заңгер бұрышында» отырып кеңес беретіндердің барлығы бірдей толыққанды заңгер деп айта алмаймын. Арнайы маманданған, құқықтық білімі жоғары жандар емес. Қарапайым халық өзіне кеңес беріп отырған маманның білімінің қандай екенін қайдан білсін? Аты дардай болған соң жарнамасына сеніп жәрдем беретін жалғыз тетік сол деп ойлайды. Заңгер кеңесіне жүгінетін жандардың қарасы қалың болғандықтан, мұндай орталықтарда кімдердің жұмыс істейтінін, білімінің сәйкестігін тексеріп тұрған артықтық етпейді. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, жаңбырдың арасынан су болмай өтетіндердің халықты алдауына жол бермегеніміз жөн. Өйткені біз құқықтық мемлекетпіз. Жалпы, басына іс түсіп, мәселесін шешсем деп көмекке жүгінетіндерді қолтығынан демеуді тәжірибелі мамандардың қолына тапсыру қажет. Таза, кәсіби білікті заңгерлер әлі де аз. Заңгер дегеніміздің өзі жалпы заң саласындағы, қала берді, заңгерлік қызметтегі, заңдық істерді жүзеге асыратын маман емес пе?! Қазіргі қоғамда заңгер мамандардың өз мамандығына сәйкес келуі аса маңызды болып отыр. Заңгерлердің ішкі дайындығы, кәсіби стандартқа сәйкестігі, заң жұмысының негізін білуі қоғам талабы. Кеңеске жүгінушілердің жұмыстарын орындау барысында заңгерлер тек құқық көздерін ғана көрсетіп қоймай, құжат мәтіндерін талдай алуы керек. Шынайы көмек солай беріледі. Заңгерлік білімді мемлекеттік басқарудың әр саласында, айталық – ғылымда, экономикада, мәдениетте, спортта және журналистикада пайдалануға болатынын бүгінгі уақыт дәлелдеуде. Жалпы, жоғары білікті заңгер қай кезде де қажет. Заңгер мамандығын тәмамдаған шынайы білікті мамандар жоғары интеллектуалды әрі ұйымдастырушылық қабілетке ие болуы керек.
– Азаматтардың заңгер кеңесіне жиі жүгінетінін айттыңыз. Тұрғындарды қандай сұрақтар көп мазалайды? Қандай мәселелер бойынша кеңес алады?
– Соңғы уақыттарда халықтың көпшілігі әлеуметтік мәселелер бойынша заңгер кеңесіне жүгінеді. Әсіресе, көп балалы аналар мәселесі, әлеуметтік жәрдемақылар жөніндегі сұрақтарға жиі жауап беруге тура келеді. Адам ең бірінші жеке басындағы кезек күттірмейтін мәселелерін шешпей, өзге де маңызды дүниелерге бас қояды деп айта алмаймыз. Міне, сондықтан да заңгер мен қоғам бірбірімен тығыз байланысты. Қазір заңгер кеңесіне сұраныс көп. Жалпы, халықтың құқықтық сауаттылығы әлі де болса төмен. Әлеуметтік мәселелерді шешуде өздігінен ізденбейді. Әйтпесе, қазір интернет деген зымыраннан өзіңнің қиындығыңа қатысты мысалдарды да, оны шешудің жолдарын да тез тауып алуға болады. Менің таңқалатыным, электронды қызметті пайдаланбайтындар арамызда өте көп. Тіпті мекенжай бойынша анықтама алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып кезекке тұрады. Бұл нені көрсетеді? Бұл азаматтардың мүлде оқымайтынын, құқықтық мүмкіндіктеріне мүлде көңіл бөлмейтінін айғақтайды. Әйтпесе, анықтама тұрмақ, қазір көптеген қызметтерді электрондық қолтаңбаның көмегімен үйден-ақ шығарып алуға болады. Ол үшін уақытты шығындап, қаржыңды кетіріп арнайы орталыққа барудың қажеті жоқ. Бүгінде барлық салада серпіліс, ізденіс, жаңғыру бар. Жаңа технологияның мүмкіндігін кез келген сала тиімді пайдалануда. Бірақ, сол ізгілікті негізгі тұтынушы қолданбақ түгілі, жаңалықтан хабарсыз болса, жұмыстың бәрі текке кетпей ме? Сондықтан, бізге жаңалықтарды қолға алумен бірге насихат жұмысын қатар алып жүру керек. Насихат болмаса, халықтың құқықтық сауатын
көтермесек, бастама жасаудың бәрі бекер. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қазір жұртшылық қолда бар нәрсенің өзін пайдаланбайды. Цифрлы сауаттылықтың төмендігі мен өз құқығыңды білмеу фактілері бір-бірімен тығыз байланысты дер едім. Осыған арнайы методикалық құрал шығару керек пе деп ойлаймын кейде. Заңгер кеңесіне жүгінетіндер қатарының көп болғаны жақсылықтың нышаны деп айтуға келмейді. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру ісі әрдайым мемлекет назарында болуы керек деп есептеймін.
– Қаншама жылдан бері студенттердің ортасында жұмыс істеп келесіз. Жастар меңгерген мамандығы бойынша жұмыс тауып, заңгерлер шоғырын қалыптастыруға септігін тигізіп отыр ма?
– Сауатты, білімді маманға қай кезде де сұраныс бар. Ұстаздық етіп жүргеніме жиырма жылдан аса уақыт болыпты. Осы аралықта қаншама шәкіртті үлкен өмірге қанаттандырып шығарып салдық. Әрине, жастардың бәрі білімді немесе сауаты кем деп бір жақты пікір айтсақ күпірлік болар. Кейде мықты топтар болады. Шәкірттер бірінің айтқанын екіншісі іліп әкетіп, өз беттерінше ізденгенде ертеңгі күнге деген сеніміңді бекіте түседі. Кейбір топтан қанша тыраштансаң да қоғамға екі-үш білікті маманды дайындап шығаруың мүмкін. Бұл енді сабаққа қызықтыра алмаған ұстаздың емес, осы мамандықты қате таңдаған, болашағын басқа саламен байланыстырып, сабаққа самарқау қараған шәкірттің де кінәсі. Жастарда ізденіс жетпейді. Өз бетінше біліктілігін көтеретіндер аз. Мысалы, оқуды бітіріп кеткеннен кейін де кеңес сұрап хабарласатын шәкірттер болады. Бастапқы кезде жас маман ғой деп сұрағанын айтып беріп, жол көрсетуге тырысасың. Алайда 10 жыл өтсе де «ағай, мынау қалай еді?» – деп қарапайым сұраққа кеңес сұрағанда қарның ашады. Осындайда дұрыс ұстаз бола алдым ба деген ойға қаласың. Заңгерлердің арасында қарапайым еңбек шартын дұрыс жасамай, салғырттыққа бас ұратындар да кездеседі. Соларды саралап отырып, заңнамалық базаны қайта қарастыру керек пе дейсің. Менің ойымша, мемлекет бекіткен стандарттағы міндеттелген пәндер ішінде құқықтану пәні болуы керек секілді. Қазір кез келген маман құқықтық келеңсіздікке тап болып, шешімін таппай жатады. Сырқаттан таяқ жеген дәрігерлер, оқушы мен ата-ана бопсалаған мұғалімдер, айлығын ала алмай сандалып жүрген құрылысшылар құқықтық кеңеске зәру. Егер олар құқықтық әліппені мектепте, жоғары оқу орындарында тереңдетіп оқығанда бүгінгідей арыз-шағым, даулар көп болмас еді.
– Заңгерлік пен ұстаздық қызметті қатар алып жүрген жансыз. Әрқайсысының өзіне тән қиындығы мен қызығы бары белгілі. Сізге қайсысы жақын?
– Иә, мен ұстаздық пен заңгерлік кәсібін қатар алып келемін. Екеуі бірбәріне кедергі емес. Керісінше, пайдалы тұстары жеткілікті. Себебі, заңның тек қана теориясын білу, меңгеру жеткіліксіз. Өйткені теорияның тәжірибемен сәйкеспейтін кездері аз. Теориямен айналыспайтын әріптестерім қайшылықтармен бетпе-бет келетіндерін айтады. Шала жазылған заңдағы баптарды түсінбей жатқан кезде олар ғалымдар мен ұстаздарға жүгінеді. Менің ойымша, біз балабақшада бүлдіршіндерге ғылыми көзқарас қалыптастыруды жолға қоюымыз керек. Балалардың ойлауына, өз бетінше шешім қабылдауына көмектескен жөн. Ғылыми баға беру қабілетін жетілдіру осы кезден басталады. Бұл пікіріме қарсы шығатындардың аз болмайтынын білемін. Тіпті олар әркімде ғылымға деген қабілет бола бермейді деген уәжді алға тартуы мүмкін. Ол да дұрыс шығар. Дегенмен, біз сол қабілеті бар балаларды дамытуды қаперде ұстауымыз керек.
Жалпы, менің жаныма ұстаздық қызмет көбірек жақын. Себебі жастармен жұмыс істеген ұнайды. Олар бір-біріне ұқсамайды, жыл сайын креативті ойлайтын жастар көбеюде. Мақтанатын шәкірттерім де бар. Әр жылдың түлектерін салыстырып қарасам, көңілім марқаяды. Өз ісінің майталманына айналғандарды ізін басқан шәкірттеріме үлгі етіп отырамын.
– Діни сауаттылық және құқықтық сауаттылық турасында не айтасыз? Осы тақырып аясында маманданған заңгер ретінде көпшілік қай тұста жиі қателесетінін айта аласыз ба?
– Дін тақырыбы өте нәзік, сонысымен бірге, өте қауіпті. Оған соңғы жылдары анық көз жеткізе түстік. Дінді қару еткендердің залалы қандай екенін түсіндірудің өзі артық. Қазір дінге бет бұрғандардың саны жылдан жылға көбеюде. Бұл жақсы үрдіс. Бірақ, жастардың жат ағымдардың жетегінде кетпеуі үнемі басты назарда болғаны жөн. Тіпті, кейде адамдар діннің маңызын терең түсінбей ме деген ойға қаласың. Өйткені кейбірі мешітке кіріп, дұғасын оқып тысқа шыға салысымен біреумен ұрысып жатады, болмаса бір жерге түкіріп кете барады. Тек жақсылықты, әдептілікті, имандылықты дәріптеген асыл дініміздің парқын білсе
өстір ме еді?! Бір сыныптағы 25 баланың бір ақпаратты әртүрлі қабылдайтыны секілді, дінді де әркім әртүрлі қабылдайды. Абай атамыз айтқандай, «Ақылмен түсінген дін – нағыз дін». Сондықтан, діни сауаттылықты әлі де қүшейте түсу керек. Бұл өте күрделі сұрақ. Өзге ағымдарға кетіп, мен адасыппын деп қайта келетін адамдар бар арамызда. Міне сондайларды көргеннен кейін құқықтық сауаттылықты балабақшадан бастау керек дегенді жиі айтамын. Тіпті, осыны ғылыми жоба ретінде ұсынып, жүлдеге ие де болдым. Ресейде «ертегі ішіндегі менің құқықтарым» деген атпен танымал болған ертегідегі құқықтық ситуациялар арқылы балаларға мүддесін таптатпауды үйрететін әдіс бар. Әрине, мұнда балаларға құқықтарын тікелей емес, тұспалдап жеткізу көзделеді. Мәселен, «қасқыр мен жеті лақ» ертегісіндегі аналары тысқа кетіп қалғанда, есікті қаққан қасқырдың әрекетін «бөтеннің мүлкіне қол сұғу» деп түсіндіреді. Күншіл үйрек ертегісіндегі әрекетті «өзгенің құқығын төмендетушілік» деп ұғындыратыны – тиімді тәсіл. Жалпы, ертегілер арқылы балалардың санасына құқықтық сауаттылықты сіңіруді қарастыруды қос-қолдап қолдаймын.
Мөлдір БЕГІМБЕТ,
«Заң газеті»

Комментарий