Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

МҰҒАЛІМНІҢ ЖҮКТЕМЕСІ АЗАЙЫП, ЖАЛАҚЫСЫ КӨБЕЙЕДІ

Өткен жұмада еліміздің педагогтары Елордада дәстүрлі тамыз мәслихатына жиналды. Бұл жиынның мазмұны «бұрынғы әннен өзгерек» болып, мұғалімдердің ішінде жүрген біраз қыжыл, қоғамды алаңдатқан бірқатар мәселелер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузымен айтылды. Бүгінгі заман ағымы білім саласына қойылатын талаптардың сипатын өзгертіп отырғаны белгілі. Жахандану көптеген құндылықтарға өзгеше көзқарас қалыптастыруда. Олардың пайдасы мен зияны бірдей. Бұл үрдісте тек өз дәстүріне адал, діліне берік, тарихи санасы жойылмаған, технологияның озығын меңгерген ел ғана ұтылмай, дамудың жаңа көкжиегін бағындыра алады. Ал, бұл адам капиталы мен білім сапасына қойылатын талаптарды ұлттық құндылықтар негізінде жаңғыртып, жетілдіруді қажет етеді.

Мемлекет басшысының ұстаздарға арнаған сөзінің әлқиссасы да осы ойдан басталды. Ол бұл ретте Алаш көсемдерінің бірі Мағжан Жұмабаевтың «Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті» деген сөзін еске алып, жас жеткіншектерге ұлттық құндылықты сіңіру, олардың танымы терең, ділі берік болуының бірден-бір кепілдігі екенін еске салды. «Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылатын зор үміт. Кейінгі ұрпақ тәуелсіздігіміздің туын әрқашан жоғары ұстауы тиіс» деді. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналғанын айта келіп, жастардың тек біліммен қаруланып, еңбекке ғана арқа сүйеуі тиістігін, қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болу қажеттігін, бұл ретте білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеді.

Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Сондықтан «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті. Адамзаттың өмірін өзгертіп жатқан IT мен биотехнология жаңа шындықтарға тез икемделуді қажет етеді. Соған орай әлемнің мектептері балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, цифрлық технология мен нақты ғылымдарға үйретуге барын салуда. Бұл үшін олар оқытудың форматын өзгертіп, жаңа мамандықтар мен машықтарды меңгерудің жолын іздестіріп жатыр. Әлемнің бір бөлшегі – Қазақстанда да білім беру ісі осы бағытқа түсуі керектігі айқын. Өкінішке қарай, бұл ретте кедергілер аз емес. Олар білім сапасын көтеруге тікелей әсер ететін мұғалімдердің біліктілігіне, оқулықтардың сапасына, заман талабына сай инфрақұрылым мен материалдық қорға байланысты мәселелер. Мемлекет басшысы өз сөзінде кемшіліктің әрқайсысына арнайы тоқталып, нақты тапсырмалар берді. Соның бірі білім беру жүйесінің сапасына теріс ықпал ететін бір фактор – ұсынылатын реформаларда педагогтардың нақты қажеттіліктері есепке алынбайды. Бүгінде мұғалімдерді кәсіби тұрғыдан дамыту Білім және ғылым министрлігінің салалық құрылымдары өткізетін курстармен және семинарлармен шектеледі. Мұндай шаралардың қажет екені түсінікті. Дегенмен, аталған курстарда мұғалімдер қауымын толғандыратын өзекті мәселелер назарға алынбай қалады. Былтыр осы шараның нәтижесінде педагогтардың 35 пайызы шекті деңгейді еңсере алмай, сертификат ала алмай қалған. Ұстаздардың дайындығын бағалау жөніндегі дұрыс идея әкімгерлік әдіспен біржақты жүзеге асырылды. Аталмыш реформалар мұғалім мамандығының мәртебесін төмендетеді. Осы ретте президент мұғалімдер жиі шағымданатын бақылаушы орган үшін есептіліктің артуы олардың жұмыс жағдайын төмендетіп отырғанына қынжылыс білдірді. Сонымен қатар, жаңартылған білім беру мазмұны аясында білімді бағалау жүйесінің мұғалімдерге де, оқушыларға да қосымша жүк болып отырғанын, жағымсыз нәтиже үшін олардың оқу орны басшылығы тарапынан «мектеп рейтингін төмендеттің» деп қыспаққа алатынын да орынды атап көрсетті. Осы мәселелерді шешу үшін Үкіметке тез арада, түбірлі шаралар қабылдауды тапсырды. Бүгінгі таңда жоғары білім сапасына да қоғамда наразылық көп. Бұған соңғы кезде еңбек нарығында дипломды мамандарға деген сұраныстың төмендеуі ықпал етуде. Мемлекет басшысы бұл мәселеге де арнайы тоқталып, оны шешу үшін маман дайындау ісінің сапасын арттыру қажеттігін айтты. Мұнсыз білім беру гранттарын арттыру жөніндегі ізгі ниет баяу жарылатын минаға айналуы әбден мүмкін. Сондықтан жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету жолындағы әрекет оның құнсыздануына әкелмеу керек. Үкімет мемлекеттік гранттың бағасын жіті зерделеп, оның уақыт талабына сай қаншалықты сай екендігін анықтағаны ләзім. Әйтпесе, жоғары оқу орындары оқытушы-профессорлық құрамды студенттер санына сай ету үшін штаттық бірлікті көбейтуге мәжбүр. Мұндай жағдай оқу үрдісінің сапасын арттыруға инвестиция алуға мүмкіндік бермей отыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ғылымды қаржыландырудың
ашық болуы керектігін, ғылыми ортада бұл үрдіске сенімсіздік қалыптасып отырғанына да назар аудартты. Үкіметке осы ретте ғылымды одан әрі институционалды дамытудың нақты практикалық ұсыныстары қамтылған тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Ал, орта білімге қатысты стратегияны анықтау қажеттігін мәлімдеді. Бұл орайда президент жалпы орта білімнің әлемде 12 жылға есептелген белгілі талабы қалыптасқанын, бастауыш мектепте оқу үрдісінің ұзақтығын арттыру ағымы сақталып отырғандығын, әлем елдерінің 60 пайызында мектепте оқыту 6 жастан басталатынын, мұның жеткіншектердің интеллектуалдық даму мен әлеуметтенуге ерте бейімделуге ықпал ететіні жайлы дерек келтірді. Үкіметке осы тәжірибе негізінде Ғылым мен білімді дамытудың 2025 жылға арналған бағдарламасы аясында білім берудің 12 жылдық үлгісіне бірқалыпты көшуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұл ретте Мемлекет басшысы үш ауысымды және шағын комплектілі мектептер мәселесіне айрықша тоқталды. Аталмыш мектептердің ахуалы өзекті мәселеге айналып тұрғаны белгілі. Өйткені, елде білім беріп жатқан 7 014 мектептің 128-і үш ауысымды болса, 31-і апатты жағдайда жұмыс істеуде. Президенттің айтуынша, 2019- 2020 жылдары республикалық бюджет есебінен үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді жою үшін 35 мектеп салынады. Жалпы тәуелсіздік алған уақыттан бері 1 198 мектеп пайдалануға берілген. Президент тұрғындар санының артуына байланысты, демографиялық ағынға сай мектеп салу, оларды жетілдіру ары қарай жалғаса түсетінін айтты. Бірақ, бұл үрдісте Білім және ғылым министрлігі құрылыстар шығынын жоспарлау әдістерін өзгертіп, жекелеген жағдайда нысан бойынша емес, норматив бойынша жоспарлауға өтуі керек. Аймақ әкімдері жергілікті жердегі демографиялық және көші-қон көрсеткіштерін жіті қадағалап, жаңа мектептерге қажеттілікті нақты айқындауы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жекеменшік мектептер салыну қажет. Басымдық негізінен, шағынкомплектілі мектептерді дамытуға берілгені жөн. Өйткені, көптеген алыс елді мекендер осындай білім ұяларының арқасында өмір сүруде. Ендеше, мұндай мектептерді ойланбастан жаба бермей, болашағы бар елді мекендерді дамыту қажеттігін ескере отырып, шешім қабылдау керек. Осыны айта келіп, өз ойын Мемлекет басшысы «Әрбір шағын комплектілі мектептің ахуалы ауыл тағдырымен тікелей байланысты, ауыл – біздің алтын бесігіміз, ата-бабамыздың мекені, терең тарихымыздың куәсі. Сондықтан, оны сақтап қалуымыз керек» деп түйді.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар, үштілді білім беру жүйесін енгізуге қатысты да нақты шешімін айтты. Бұл ретте ол академик Ахмет Жұбановтың «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті» – деген сөзінің біз үшін негізгі ұстанымға айналуы тиістігін атап көрсетті. Елімізде үштілді жүйеге көшу оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асатынын мәлімдеді. «Бұл ретте, ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деп өте өнегелі ой айтты. Сондықтан, ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын. Ал, жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу қажет» деді.
Мемлекет басшысы мұғалім мәртебесіне қатысты мәселеге де айрықша тоқталды. Осы ретте «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасында педагогтарды қолдаудың кешенді шаралары қамтылатынын мәлімдеді. Яғни, бұл құжатта мұғалімдер жүктемесін азайту, оның ар намысының қорғалуының кепілдігі, материалдық ынталандыру шаралары қамтылатын болады. Солардың ішінде маңыздысы – мұғалімдерге сынып жетекшілігі мен дәптер тексергендігі үшін екі есе көлемде қосымша ақы төленетіндігі, барлық педагог үшін демалыс уақытының 56 күнге артатыны, тағы басқалар. Педагогтың жүктемесін азайту бойынша жеке нормалар қарастырылып, оған міндетіне сай келмейтін жұмысқа тартуға, шектен тыс есеп ұсынуға, негізсіз тексерулер өткізуге тыйым салынып отыр. Бұған қоса Тоқаев Үкіметке білім беру ісіне білікті кадрларды тарту үшін төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есеге арттыруды тапсырды.
Президент назар аударған мәселенің бірі білім беру ісіндегі теңсіздікті еңсеру болды. Бұл проблема әсіресе, дамушы елдер үшін маңызды. Балалар тұрған жеріне немесе әлеуметтік статусына қарамастан сапалы білім алуы керек. Осыны ескерте келе Мемлекет басшысы Үкіметке табысы аз отбасы балалары мен күрделі әлеуметтік жағдайда жұмыс істейтін мектеп оқушыларының академиялық артта қалушылығын еңсеру үшін арнайы бағдарлама жасауды тапсырды. Облыс әкімдеріне бұл мәселемен мақсатты түрде айналысып, білім ұяларына таңдаулы менеджерлер мен педагогтарды тарту үшін арнайы гранттардың бөлінуін қамтамасыз етуді міндеттеді.
Әлемде білімге салынған инвестиция тұрақты және ұзақмерзімді экономикалық өсім беруде. Бүгінде жаһандық жалпы ұлттық өнімнің өсімін интеллектуалдық қызмет беруде. Болашақта дүние жүзін жасанды интеллект билейтін болады. Сондықтан Үкімет білім беру ісін өз қызметіндегі басым сала ретінде ұғынып, жұмыс істеуі тиіс. Осылайша Мемлекет басшысы саланың дамуын тежеп тұрған біраз мәселені өз атымен жіліктеп берді. Сөзінің соңын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген атақты тұжырымымен аяқтады.
…Тыңдар құлақ болса, енді білім беру ісінің біраз мәселесі шешілуі керек деп ойлаймыз.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий