Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

“30 рет пышақтаған”: Ақтөбеде дүкеншіні өлтіріп кетті

Ақтөбе облысына қарасты Қарғалы ауданының орталығы Бадамша ауылында дүкеншіні өлтіріп кетті. Бұл биылғы жылы аудан орталығында болған төртінші өлім. Қылмыскерлер келіншекке отыз рет пышақ жарақатын жасап, тонап кеткен. Әйелді қансырап жатқан жерінен күйеуі тауып алған екен.

“Фируза деп едім дауысы шықпады. Қойма бар еді кіріп қарасам шашылып жатыр екен. Бірнәрсе болып қалғанын бірден сездім. Терминал бар еді ол құлап жатты. Сол жағыма бұрылып, тоңазытқыштың арғы жағына қарап едім, қан кетіп жаттыр екен. 30 рет пышақтаған. Қарсыласқан болуы керек, шынтағының барлығында пышақ іздері”, – дейді Тілектес Құрманов.

Өзбекстаннан көшіп келген отбасы осыдан он жыл бұрын дүкен ашып, екі қабатты үйдің бірінші қабатында сауда-саттық жасаған. Бұзақылар 40 мың теңге алып, келіншекті пышақтап кеткен. Олардың басты мақсаты да ақша алу болған.

“Айқайлап жатты. Сосын шыдамай далаға шықтым. Ойбай бізді тонада, Ферузаны өлтіріп кетті деді. Бұрын тыныш еді, соңғы жылдары қорқынышты болып жатыр”, – дейді ауыл тұрғыны Базар Ескендірқызы.

Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынған. Қылмыскерлер алыстан келмеген екен. Бірі сол ауылдың тұрғыны, бәріне таныс жігіт болып шықты. Осы деректерге байланысты адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

“Жазасын алса екен. Ертерек шығармаса дейміз. Төртінші өлім болып жатыр. Егер бұл жағдайды бақылауға алмаса, халық наразылыққа шығады”, – дейді марқұмның туысқаны Бақыт Пірманов.

Комментарий