Экономика

Қазақ пен қарыз егіз ұғымға айналып барады

 

Жасыратыны жоқ, халқымыз үшін несие алу «сәнге» айналғандай. Саяси шешімдер институтының мәліметіне сенсек, халқымыздың жартысына жуығы несиелі екен. Несие алып той жасап, несиемен үйін толтырып, тіпті баласының оқуының ақысын да несиемен жауып, ипотекаға алған үйіне несие алып той жасау халқымыздың қанына сіңген әдет болып барады. Осы «әдетінің» арқасында қазір халықтың банктерге берешегі 6 триллион теңгеге жуықтаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Демек халықтың  несие алуға деген құштарлығы жыл өткен сайын артып келеді. Халқымыз несиеге неге  үйір дейсің еріксіз?! Шынымен жетіспеушілік, әлеуметтік жағдайдың төмендігінің әсері ме, әлде «қарыз болса бір кесе қымызды қанса да артық ішудің әлегі ме»?!

Сарапшылар «елде­гі банк жүйесі ха­лық­тың төлем қабілетін ескерместен несиені оңды-солды таратуын доғарар емес» деп кінәлайды. Бес жыл бойы жүргізілген ауқымды зерттеудің нәтижесінде Гарвард уни­верситетінің ғалымдары жұрттың лаң­кестіктен емес, қаржы мекемелерінен көбірек зардап шегетінін дәлелдеп шыққан. Олардың мәліметінше, осы мерзім ішінде 40 мыңға жуық адам қар­жылық қиындықтар салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған көрінеді. Сондықтан, бүгінде шетелдік мамандар несие мәселесінде жұртшылықты жауапкер­шілікке баулу қажеттігін айта бастады. Өкінішке қарай халқымыз несиені еселеп алуға тырысып-ақ бағуда. Несиесін төлей алмай талайлар кепілге қойған баспанасынан айырылып жатқаны да, несиесін төлей алмаған жастардың  шаңырағы ортасына түсіп жатқаны да шындық. Ал олардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, несие пайыздарымен дұрыс жұмыс істеуді үйрету бағытында елімізде айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Қазір еліміздегі жеке тұлғалардың 92 пайызы екінші деңгейдегі банктерге, 5 пайызы түрлі қаржылық ұйымдарға, ал 3 пайызы онлайн несие берушілерге кіріптар екен. Банктердің кейбір өнімдерінің арқасында қазір халық тіпті несиеге киініп, несиеге түскі асын іше бастаған. Иә, иә рас шетелде де кредиттік карточкалар кең тараған. Алайда біздің елімізде тұрғындардың елеулі бөлігінің әлі де болса қаржылық сауатын, төлем мүмкіндігін ескермесек беталды берілген несиелердің қайтпай қалу қаупінен қаржылық ұйымдардың қызметіне елеулі қауіп төну қаупі байқалады. Себебі елімізде берілген несиелердің басым бөлігі әрі қарай «жұмыс істемейді» екен. Яғни алынған несиелер өндірістік бағытта жұмсалып, белгілі бір пайда түсіретін мақсатта емес, жекелеген адамдардың мақсатына жиі жұмсалады екен. Яғни бизнеске қарағанда қарапайым халық қарызды көбірек алады.

Қаржы саласының басы-қасында жүрген мамандар несие жүйесінде кінәратты несие алушыға артады. Себебі бүгінде жұртшылық қарыз деген сөзден қорықпайтын болған. Тұрмыстық техниканы топырлатып алып, несиеге той жасайтындар да жетіп артылады. Айтпақшы дәл қазір еліміздің оңтүстік өңірінде несиеге той жасаушылардың қатарының артқанын байқаған белгілі блоггер Серғали  Балажан әлеуметтік парақшасында «Шымкентте той өткізуге лимит қоймаса, мына темппен халқы 5-6 жылда тас кедейге айналады» деп жазба қалдырды. Өте алаңдатарлық жайт. Ертеңгі күні несиесін қалай өтейтініне қарамастан бәсекелестікпен, бей берекет жұмсалған қаржының сұрауы бар екенін көпшіліктің түсінбейтіні өкінішті. Мәселен дәл қазір төлем уақыты 90 күннен асып кеткен қайтарылмаған қарыз көлемі жыл басынан бері 5,7% ұлғайып жалпы берілген несиенің 9,7%-ын құраған, яғни, әрбір оныншы теңге қайтпай қалуы мүмкін. Бұл – банк секторын дағдарысқа ұшыратады делінген қауіпті 10%-ға жетер-жетпес көрсеткіш.

Айта кетер жайт, соңғы уақытта елімізде онлайн несиеге жүгінетіндердің қатары артқан. Себебі несие тарихы бұзылған жұрт банктерден қарыз ала алмағаннан кейін амалсыздан онлайн қарыз беретін қаржы ұйымдарына жүгінеді. Қазіргі кезде халықтың мойнындағы несиенің 2,9%-ы онлайн қарызға тиесілі. Былтыр осы уақытта ол көрсеткіш 2,5% болғанын ескерсек, қазақтың онлайн несиеге де бой үйрете бастағанын байқауға болады.

Маусым айының соңында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан азаматтарының қарыз жүктемесін төмендету шаралары туралы» Қаулыға қол қойғаны белгілі. Құжатқа сай, әлеуметтік аз қамсыздандырылған кей топтың банктер мен шағын қаржы ұйымдарына берешегіне бір реттік кешірім беріліп, тұтынушылық несие бойынша өсімпұл мен айыппұлдар да кешірілді. Сонымен қатар, мемлекет басшысы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз азаматтарға несие беруге тыйым салуды тапсырды. Шын мәнінде халықтың несиеге қатысты бей берекет ұстанымы ел басшысын осындай шешім қабылдауға мәжбүр етті. Алайда сарапшылар «мұндай қадамның халықтың тәрбиелемей керсінше жатыпішер жалқаулыққа, несиеге деген тойымсыз көзқарасына, «бәрібір өздігінен жабылады ғой» деп тағы да несие алуға ұмтылысына» себеп болады деген пікірде.

Айдар ӘЛІБАЕВ, Қаржы қызметтерін тұтыну одағының төрағасы:

  • Жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, халық отбасы бюджетінің 40-90 пайызына дейін несие төлеміне жұмсайды екен. Бұдан елімізде қаржылық сауатсыздықтың белең алып отырғанын көруге болады. Халық тапқан таянғанын тұтастай банкке ұстатуға үйренген. Ол төлемнің басым бөлігі банк еншісіндегі үстемеақылар. Екінші деңгейлі кейбір банктер шекараның арғы бетінен 2-3 пайызбен алған қаржыларын халыққа 17-25 пайызбен беріп жатыр. Бұл өте сорақы жағдай. Еліміздегі банктер қаржыны жұмыс істетуді білмейді. Тек есе­ленген пайызбен ақшаны та­ратып, халықты қинап отыр. Рас шетелде де халық несиемен өмір сүреді. Бірақ, біздегі несиенің пайызы мен шетелдегі несиенің пайызын салыстыруға болмайды. Несие беру шарттарын қа­таң­датумен қатар, бізге несиеге деген халықтың да көзқарасын да өзгерту керек. Әйтпесе, қарыз алып үйренген халық бәрібір несие алуға ұмтыла береді. Тіпті, халқымыздың қаржылық са­уатының төмендігінен несиені ұзақ уақыт төлемеу салдарынан алған несиесінің өсімі өсіп, тіпті, алған қарызынан төлеген несиесі асып кеткен жағдайлар да кездесуде. Ай сайынғы төлемінің өзі мыңдаған доллар болған соң ұзақ уақыт несие емес, оның тек өсімпұлын ғана төлеп келгендерді де кездестірдім. Сондықтан, халықтың қар­жылық сауатын арттыру мақ­сатында біршама жұмыстар қажет.

Мамандар осылай дейді. Расында да несиеге қатысты көзқарасымызды өзгертпесек, қоғамда күрмеуі мәңгі шешілмес күрделенген мәселе қалыптасып, ел дамуына айтарлықтай кері әсер тигізетіні байқалады. Сондықтан елімізге несие беру, оны уақытылы қайтарту мен берілген несиелердің дұрыс бағытта жұмыс істеуін қамтамасыз ететіндей жүйелі жұмыс қажет екендігі сезіледі…

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

 

Комментарий