Аймақ | РегионЕлең еткізер | АктуальноЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

“Жер жұтып қойғандай”: ШҚО-да жоғалып кеткен бір жарым жасар бала табылмай жатыр

ШҚО-ның Средигорное аулында жоғалып кеткен бір жарым жасар бала әлі де іздестірілуде. 17 тамызда жоғалған Әлихан Талғатовты іздестіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны белгілі болды.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Устинка LIVE» порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінде іздестіру шаралары жүргізіліп жатқан аумақтан ондаған көлік пен адамдарды көруге болады. Еріктілер аумақтың бәрін жіті тексеруде. Баланың әкесі Раджан Талғатов та өзгелермен бірге ұлын іздестіруде. Оның айтуынша, ұлы жоғалып кеткен кезде өзі үйде болмаған екен. Жұмыстарым шығып, қалаға кеткен едім, дейді. Оған Әлиханның жоғалып кеткені туралы жұбайы хабарлапты. Оны бірден іздеуге кірісіп, полицияға жүгінген.

Басылым мәліметінше, Талғатовтар отбасы ауылда сыйлы. Анасы мектепте меңгеруші болып жұмыс істейді. Ерлі-зайыптының екі қызы мен бір ұлы бар.
Раджан әйелінің сөзіне сүйеніп сол күні не болғанын айтып берді. Айтуынша, Әлихан аулада 6 жасар әпкесімен бірге ойнап жүрген. Бұл кезде жұбайы үлкен қызымен бірге асүйде ас әзірлеп жатқан екен. Арада біраз уақыт өткеннен кейін қызы үйге келген. Алайда оның жанында інісі болмапты. Осыдан кейін барлығы оны іздестіруге кіріскен. Алайда бала ұшты-күйлі жоқ.

Сурет: Устинка LIVE

«Ол аулада анасының аяқ киімін киіп алып, жүгіріп жүрген. Аяқ киімнің бірі аулада қалған. Екіншісін киіп кеткен болар. Қолымыздан келгенше барлық жерді іздеп шықтық. Балгер оның жертөлеге немесе шұңқырға құлап кеткенін, тірі екенін айтты», – дейді Раджан Талғатов.

Сондықтан еріктілердің бір бөлігі көрші үйлердің жертөлесін, өзгелері үйдің маңындағы өзенді тексеруде. Баланың өзен жаққа бет алып, суға құлап кетуі мүмкін екені туралы да нұсқа айтылуда.

Әзірге іздестіру жұмыстарынан еш нәтиже жоқ. Жер жұтып қойғандай, делінеді басылымда.

Еске сала кетсек, бұған дейін ШҚО-да 1,5 жасар баланың жоғалып кеткенін хабарлаған едік.

Комментарий