Аймақ | РегионЕлең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

Душқа түсіп жатқанда сығалап қараған: Тәрбиешінің лагерьдегі балаларды не үшін ұрғаны белгілі болды

Түркістан облысындағы лагерьлердің бірінде 18 жастағы тәрбиеші 4 жеткіншекті не үшін ұрып-соққаны белгілі болды. Олар душқа түсіп жатқан тәрбиешіге сығалап қараған екен, деп хабарлайдыStan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов Facebook желісінде жазды.

«Комиссия 14-15 жастағы жеткіншектердің душқа түсіп жатқан 18 жастағы тәрбиешіге сығалап қарағанын анықтады. Артынша тәрбиеші байқап қалып, өзі жазалауды жөн көрген», – деп жазды Қалқаманов.

Сонымен қатар бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин оқиғаның мән-жайын айтты.

«15 тамызда жоғарыда аталған тұлғалар су ойындарынан кейін душқа сығалап қарай бастаған. Ол кезде 2001 жылғы тәрбиеші душқа түсіп жатқан. Тәрбиеші оларды байқап, ашуланып, ұрып-тебе бастаған. Сол жердегі ұлдардың бірі оқиғаны видеоға түсіріп алып, WhatsApp мессенджері арқылы топқа жіберген.

Топтың анықталмаған қатысушыларының бірі видеожазбаны ата-анасына жіберіпті. Кәмелет жасқа толмаған балалар деректі жоққа шығарып отыр. Демалып жатқандардың ата-аналары шақыртылды.

Сырттай қарағанда кәмелет жасқа толмаған балалардың денесінде көзге көрінетін зақым жоқ. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Аталған дерек Төле би аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Тексеріс жүргізіліп жатыр», – деп жазды Аружан Саин әлеуметтік желіде.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысындағы лагерьде балаларды ұрып-соғу оқиғасы жайлы жазған едік. Білім және ғылым министрлігі оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.

Комментарий