Елең еткізер | АктуальноҚоғам | ОбществоҚұқық | Право

«Сынық қолмен жүре беретін едім»: Емшіге барған соң көз жұмған баланың соңғы сөзі (видео, +18)

 

Ақтолқын Өмірзаққызының айтуынша, халық емшісі Төреқұл Сабырханұлын туыстары мен көрші-қолаңнан естіп ұлын ертіп апарған.

«Ерсұлтаным қолының ауырып, қақсағанын айтқан соң, 9 тамызда сынықшы Төреге алып бардым. Емші оның қолын көргенде мұндай тірліктің талайын істегем, бір аптаның ішінде түп-түзу қылам. Гарантиямен істеп беремін дегенде шын қуанып, имандай сендім оған. Ертесіне сұратқан 200 гр құйрығын алып бардым. Алғашқы күні дәрі-дәрмек деп 4000 теңге, қабылдауына 2000 теңге төледім. Сындырып салғанда балам жыламады. Не деген шыдамды еді өзі, мұндай баланы көрмеппін деді емші. Баламның көзінен жас шыққан жоқ, кейін сынықшы ұлымды үйіме алып кетіп, келесі апта сейсенбі күні әкелетінімді айтып шығарып салды», – дейді келіншек.

Анасының сөзінше үйіне әкелгеннен кейінгі жарты сағат өткенде Ерсұлтанның қолы ісіне бастаған. Баласының қолындағы өзгерісін байқап емшіге хабарласқан Ақтолқынға оны қалыпты жағдай екенін айтып жұбатқан. Алғашқы күні ісінген қол ертесіне қарайып, артынан қызарып кеткен. Жаны көзіне көрініп жылаған балаға емші ауырсынуды басатын дәрі беруін мессенджер арқылы тілдескенде айтқан. Жалғыз тұяғының көз алдында қиналғанын көрген ол үйіне емшіні шақыртып алдыртқан.

  «Барымды аямаймын, келіп жағдайын өз көзіңізбен көріңіз деп шақырдым. Жедел жәрдем мен дәрігер шақырма, өзім осы қолын жазып берем деген соң сендім. Бұрын істемеді ма сол дәрігерлерің деп жасайтынын айтып уәдесін берді. Келгенде 10 мың ұстатып жібердім. Ол баламның үйде күте беріңіз, уайымдамаңыз деп қайтып кетті. Ертесіне де сол жағдай қайталанды, шақыртпасыма болмады. Келгенде тағы 10 мың теңге бердім. Үшінші күні балам жүре алмай қалып жатырмын мама деді. Ол кезде қолы иығына дейін қарайып кетті. Алдымен қараяды, ісіп, суланады деп мұны да ол қалыпты жағдай деп сендірді. Аяғының ауырғанын емшіге айтқанда балама ұрсып берді. Алдымен үйіне барып жазылғанша баламды қарап беріңіз деп, кейін екінші рет жедел жәрдем шақыртамын болмай жатыр деп хабарластым. Сонда үйіме әкел, ешкімге хабарласпа 2-3 күнде жазылады деді. Такси шақыртып баламмен барып, айтқан пәтерге жаттық. Келгенімде тағы дәрі-дәрмек жазып берген, оны алып келдім. Балама осы укол барлық ісігін қайтаратынын айтып салды. Қолын сүртіп, баламыз екеуімізді қалдырып үйіне кетті»,-деп көзжасына ерік беріп еске алады ол.

Төре емші келіншегімен қайта келгенде Ақтолқын Өмірзаққызы өзін жайсыз сезініп, үйіне сыймағанын айтты.

«Сынық қолмен жүре беретін едім»: Емшіге барған соң көз жұмған баланың соңғы сөзі (видео, +18)

«Өзімді жайсыз сезіндім. Балам егер уақыт қайтып айналып келгенде сынық қолмен жүре беретін едім анашым. Біз екеуміз мына емшіге алдандық анашым деді. Емші маған ұрысты. Балам менің сөзімді сөйлеп, ана жүрегі езіліп жатыр ғой деді. Келіншегімен қазір келеміз деп олар кетті. Балам иық тұсын нұсқап осы жеріме жатуымды сұрады. Балам шөлдеп су сұрай берді, тамақ жемеді. Кейін көкірек тұсын ұрып анашым мына жерім болмай жатыр, дәретханаға алып баршы деді. Туалетке жетпей балам есінен танып қалды. Тілі кетіп қалмасын деп тілін басып тұрдым. Сосын Төре әйелімен келді. Емші балама ауызымен дем берді. Сол жерде жүрген емалушылар жедел жәрдем қызметіне қоңырау соқты. Скорый келгенде маған Төре сен баланы өзің су беріп өлтіріп отырсың деп айтты», – дейді Ақтолқын Дүйсеева.

Жедел жәрдеммен жеткен ақ халаттылар қолдарынан еш шара келмегендерін айтып, баланың бақилыққа аттанғанын жеткізген. Ана жүрегі езіліп, өзін жоғалтып қойған, тіпті қол салып ұлының артынан баруға да ұмтылғанын айтты. Ақтолқынның рұқсатымен марқұмның денесін зерттеу үшін мәйітханаға алып кеткен. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшыларына мән жайды тәтпіштеп айтып та берген.

13 тамыз күні Ерсұлтан Рүстемұлын жанұясы жер қойнына табыстаған. Ақтолқын Дүйсеева емші әйелін ертіп үйлеріне келіп жұбатуға оқталғанын алайда өз кінәсін мойындамағанын айтты. Ал қайғылы оқиғада келіншектің арызын алып кеткен инспекторлардың әлі де төбе көрсетпегеніне Ақтолқын ендігі алаңдаулы. Өйткені ол тәртіп сақшылардың жайбарақаттыққа салынып жатқанына қарап істің сиыр құйымшақтанып кете ме деп уайым жеп отыр. Кінәлі жазасын алсын деген жәбірленуші билік осы мәселеге назар аударса дейді.

Еске сала кетсек, 12 тамыз күні шамамен түнгі сағат 22.00-де жедел жәрдем көлігі 18-шағынаудандағы № 13 үйге келген, 2006 жылы туған балаға медициналық көмек қажет болды. Алайда дәрігерлер келгенше бала жан тапсырған. Оқиға орнына Еңбекші аудандық полиция бөлімінің тергеу тобы жеткен. Ал Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған жайт бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 104-бабы 1-бөлігі “абайсызда қазаға ұшырату” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Комментарий