Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

“Тілі күрмеліп қалған”: Алматыда инсульт алған келіншектің артынан 5 айдан бері ешкім келмеген

Алматылық дәрігерлер инсульт алған науқастың туыстарын іздестіріп жатыр. Жасы 50-ден асқан әйелдің аты-жөні бүгінге дейін белгісіз. Инсульт алғандықтан тілі күрмеліп, анық сөйлей алмайды. Сондықтан дәрігерлер көпшіліктің көмегіне жүгініп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.

“Науқастың жағдайы ауыр. Инсульт деген диагнозбен түскен. Жедел жәрдеммен алып келгенде, қасында туысқандары, жақындары болмады. Сөйлеу қабілеті жоғалған. Сол себептен науқастың есімін біле алмадық”, – дейді Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасының невропатологы Олжас Ысқақ.

Ақ халаттылардың айтуынша, науқастың көктемде денесінің сол бөлігі қолымен бірге жансызданып, ауыр хәлде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. 5 айдың ішінде келіншектің артынан ешкім іздеп келмеген.

Ол жарты жылға жуық Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасының инсульт орталығында ем алған. Қазір денсаулығы бірқалыпты. Үздіксіз бірнеше емдеу курсын қабылдаған соң жағдайы жақсарған.

Дәрігерлердің нұсқауы бойынша ақырын қозғалып, «Ольга» деген есіммен атаса бұрылып қарайды. Бүгін аты-жөні белгісіз азаматша бейімдеу және сауықтыру орталығына жіберілді. Науқасты танитын жандар болса, орталық мамандарына хабарласуларыңызды сұраймыз.

Комментарий