Без рубрики

«Мәселені шешпегенім үшін»: Алматы облысында әкім тұрғындардан кешірім сұрады

Текелі қаласының әкімі тұрғындардан кешірім сұрады. Бахтияр Өнербаев тұтастай бір моноқаланың ауыз су мәселесін шеше алмай жатқанын мойындап отыр. Өйткені тұрғындар тіршілік нәрін бастаудан тасуға мәжбүр. Ал орталықтандырылған ауыз су ішуге жарамайтын көрінеді. Күн ысыса, лайланып кетеді екен.

Бұл туралы «Еуразия бірінші арнасы» хабарлайды.

«Мен әкім ретінде осы мәселені шешпегенім үшін халықтан кешірім сұраймын. Бірақ бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Облыс әкімі де, облыстық басқармадағылар да біледі», – дейді Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев.

Тұрғындардың айтуынша, краннан аққан ауыз су мүлде ішуге жарамсыз. Оны ішу былай тұрсын, жаңбырлы күні киім жуа алмаймыз. Қазір тек, дәретханаға пайдаланғанымыз үшін ақша төлеп отырмыз, дейді.

«1 кубына 47 теңге төлейміз. Егер3-4 куб болса, жүз бәленбай теңге төлейміз. Ішу мүмкін емес. Топырақ татиды. Ал маған немерелерім келеді. Мынандай суды балаларға беру қауіпті», – дейді қала тұрғыны Дәния Ахметқызы.

Күнделікті тұтынатын ауыз суды тұрғындардың бірі сатып алса, ал бірі ит-құс келіп, шөл басатын бастаудан тасып ішеді. Айналасы да санитарлық талапқа сай емес.

«Алтыдан кейін келіп, осында кезекке тұрамыз. 1 сағаттай кезекте тұрып, әрең су алып кетеміз. Қолымызды тастай суға салып, неше түрлі шөлмектер салып, су аламыз», – дейді тұрғындардың бірі Бердақ Буриев.

Ең сорақысы, шаһардағы №1 балабақша ұжымы да лай суды пайдаланып отыр екен. Алайда мұндағылар оны мүлде тұтынбаймыз деп ақталды. Сөздеріне сенсек, ыстық суды қайта қайнатып ішеді екен.

«Бізде басқа жақтан ыстық су келеді ғой. Соны суытып қойып, қайнатып береміз. Жаман суды ішкізіп жатқан жоқпыз», – дейді  балабақша медбикесі Нәзипа Сұлтанқызы.

Алайда елді мекенді ауыз сумен қамтып отырған «Текелі су құбыры» мекемесінің басшысы бұл тіршілік нәрін жарамды деп санайды.

«Ол ішуге жарайды. Неге десеңіз, бізде тәулік сайын судың құрамын, тазалығын, бәрін тексеріп отыратын зертхана бар. Айына бір рет өзіміздің СЭС-ке есеп беріп отырамыз», – дейді  «Текелі су құбыры» ММ директоры Бақыт Сәлиев.

Лай суды пайдаланып отырған тұрғындар мәселенің шешілуін талап етуде. Ал жауаптылардың сөзіне сенсек, таза тіршілік нәрін әлі бір-екі жыл күтулеріне тура келеді. Өйткені қазір жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр екен.

Комментарий