Сандуғаш БАЙМҰХАМБЕТОВА, Алматы қаласының ТЖД ресми өкілі:«Көміртегі тотығын анықтайтын құрылғы орнатып жатырмыз» |
Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Сандуғаш БАЙМҰХАМБЕТОВА, Алматы қаласының ТЖД ресми өкілі:«Көміртегі тотығын анықтайтын құрылғы орнатып жатырмыз»

– Сандуғаш ханым, елордамыз Астанада болған өрт салдарын естіп-біліп жатырсыздар. Өрт пештен шыққаны айтылуда. Ендеше, Төтенше жағдай департаменті от жағатын маусымда тұрғындар арасында қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Биыл жыл басынан бері Төтенше жағдайлар департаменті Алматы қаласы бойынша от жағатын 145007 үйді тіркеп отыр. Былтыр олардың саны 144 мың 377 болған. Бұл сан әлі де өсу үстінде, себебі үйлер көптеп салынып, қала қарқынды түрде үлкейіп келеді. Оның ішінде құжаттарын жасап үлгермегендер де бар. Уақытша баспанада тұрып жатқандар қаншама, оған қарамастан біз оларды бір емес, бірнеше рет барып, тексеріп тұрамыз. Қазіргі таңда Алматы қаласының Алатау ауданында өртке қарсы, нақтырақ айтсақ, от жағу маусымында иістен улану жағдайларының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Ол нақты қандай шаралар, тарқатып айта аласыз ба?
– Ол жұмыстар көпшілік ойлағандай, жай ғана тұрғындар есігін қағып, жарнама парақшаларын таратып кету емес. Біріншіден, үйді-үйді аралап, пештің жарықтарын, өзін ақтап тұруды естеріне саламыз. Ал, пешті не үшін ақтайды? Әдемілік үшін емес, себебі
одан ыс шығатын болса, міндетті түрде ол сұр немесе қара түске боялады. Сол арқылы ысты анықтауға болады. Әйтпесе, ыс деген – исі жоқ, ауада білінбейтін газ. Кішкентай балалар көбіне ондайды біле бермейді ғой, сондықтан оларға балабақшаға барып, ойын түрінде сабақ жүргіземіз. Сонымен қатар, айта кету керек, біз қазір осындай үйлерге көміртегі тотығын анықтайтын құрылғы орнатып жатырмыз.
– Мұндай құрылғы жаппай пеш жағатын жер үйлерге түгел қойылып жатыр ма? Әлде, ол Астанадағы өрттен кейін ғана қолға алынды ма?
– Жоқ, жаппай елдің бәріне қойылады деп айта алмаймын. Әзірге, тек үй ішінде мүмкіндігі шектеулі жан немесе қарт адамдар, балалар, қоғамның қорғансыз мүшелері бар үйлерге қойылып жатыр. Және, сіз айтқандай Астанада болған жайдан кейін барып қолға алынған іс емес, 2018 жылы от жағу маусымы басталған қыркүйек айынан бері жүріп жатқан шара.
– Қызмет ақылы ма, ақысыз ба?
– Мұның бәрі ақысыз, тегін. Сосын, тағы бір айтарлығы әлгі құрылғыны біз құр апарып құра салмаймыз. Алдымен жергілікті әкімшілік, «НұрОтан», «ЖасОтан» жастар қанаты секілді
арнайы мекеме қызметкерлерімен барып, олардың үй өлшемдерін алып, құжаттарын туралап, жатқан жерлерін барып көріп, зерттейміз.
– Мысалы, кешегі оқиғада үйде тек балалар болған. Олар бәлкім өрт басталғанда ұйқыдан оянбады ма екен, әлде не істерін білмеді ме екен. Жалпы, балаларға осындай оқиғаларда не істеу керектігін түсіндіретін арнайы шаралар өткізесіздер ме?
– Иә, сұрағыңыз орынды. Бізде онлайн жүйесінде қосыла алатын орта және жоғары сыныпта оқитын мектеп оқушыларына арнайы интерактивті сабақтар жүргізіледі. Ол жерде жалғыз өрт қауіпсіздігі ғана емес, қыс маусымында болуы мүмкін апаттардың барлығына қатысты ақпараттар беріледі. Мысалы, балалар демалыста ата-аналарымен бірге тауда шаңғы тебуге, серуендеуге баруы мүмкін ғой. Сондайда кенет қар көшкіні болса, не істеу керек? Қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керек? Нені білу керек? Соны қысқаша түрде айтып,
түсіндіреміз. Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері мектептерге арнайы барып, оқушылармен жұмыс жүргізіп отырады. Мұғалімдермен бірге өрт болған басқа да жағдайларда далаға эвакуация жасауды көрсетеді. Ол тек қыста ғана емес, жазда да жүргізіледі. Себебі, апат айтып келмейді ғой. Сондықтан да қыс, көктем, жаз болсын,
далаға эвакуация жасау мәдениетін балалар да білуі керек. Және, мұндай әрекеттерді тек естияр балаларға ғана емес, бастауыш сынып оқушыларына да үйретеміз. Айта кететін жайт, мұның бәрін біз айғайлап, ел-жұртқа жария қыла бермейміз ғой. Өзіміздің жұмысымыз ретінде үндемей атқара береміз. Сонымен қатар, осындай жұмыстардың шет жағасын біз өзіміздің сайтымызға іліп қоямыз. http://almaty.emer.gov.kz деген сайтқа кірсеңіздер, кез келген төтенше жағдайға байланысты ақпараттар сонда ілінген.
– Мәлімет бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
М.ӘБСАТТАР,«Заң газеті»

Комментарий

Pin It on Pinterest