Елең еткізер | АктуальноТағдыр | Судьба

“Шырқын бұзғым келмеді”: Төрт жыл өгей әкесі зорлаған алматылық қыз неге тіс жармай келгенін айтты

Алматыда 42 жастағы азаматқа қатысты заңсыз қару-жарақ сақтады, өгей қызын зорлады деген күдікпен тергеу басталды. Күдікті – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Жезөкшелерге сутенерлік жасағаны үшін ұсталған оның өзге де қылмыстарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіКТК арнасына сілтеме жасап.

Травматикалық қаруы болған азамат Шам елінде жихад жасауға дайындалған көрінеді. Ал осы өгей әкесінен 4 жылдан аса зорлық көргенін айтқан бойжеткен қазір психологтардың бақылауында.

Күдіктінің әйелі болса, бұрынғы күйеуінің үйқамақта отырғанына наразы. 
Өгей әкемнен зорлық көрдім деген Жәнел оның атын естісе кеудесіне өксік тығылып, тұншығады. Кәмелет жасына толмаған қызды 4 жылдан аса жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген көрінеді. Сұмдық қылмыс туралы осы жылдың көктемінде айтылыпты.

«13 жасқа толғанымда алғаш рет зорлады. Оны анама айта алмадым. Екеуі қаншама жылдан бері бірге тұрады, отбасының шырқын бұзам ба деп қорықтым. Ол кезде екеуінің 4 баласы болды. Ал анам үйде жоқта өгей әкем мен кейінгі інім екеуімізді ұрып-соғатын”, – дейді жәбірленуші Жәнел.

Жәнел биыл 18 жасқа толды. Өзінің айтуынша, мектепті үздік бітірсе де, жоғары оқу орнына құжат тапсырмаған. Ешкіммен араласпайды. Себебі, өгей әкесі қарсы. Тек үйде отыр деп бұйырған. Бойжеткеннің арманы – дәрігер болу. Қазір анасына қолғабыс жасайды. Ал 15 жыл отасқан жұбайынан көңілі қалған Әсел Құрманбекова шарасыз. Бес уақыт намаз оқитын адам мұндай арсыздыққа барады деп ойламағанын айтады. Әселдің екінші некеден 4 баласы бар. Үлкені 14-те, кішісі 5 жаста.

«Мейрамғазы намаз оқитын, бірақ ешқашан мешітке барған емес. «Аллаға сыйынғанымды жұртқа көрсетудің қажеті жоқ» деп айтатын. 1-2 күн үйге қонбай, жоқ болып кететін. 15 жылдың ішінде нақты не істеп жүргенін айтқан емес. Өткен өмірі туралы сұрасам, жауапсыз қалдыратын. Бірақ отбасын ешқашан аш қалдырған емес”, – дейді жәбірленушінің анасы Әсел Құрманбекова.

Алматы қаласы полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек бұл азаматтың қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша жезөкшелікке арналған притон ұйымдастырды деп айыпталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айтты.

«Сонан соң ол азаматтың бірнеше қылмысқа қатысы бар екенін белгілі болды. Яғни заңсыз қару-жарақ сақтау және бірнеше жыл бойы өзінің өгей қызын зорлау деректері бойынша біз тағы да 2 қылмыстық істі қозғадық”, – деді Салтанат Әзірбек.

Егер күдіктінің кінәсі сотта толық дәделденсе, 20 жыл арқалауы мүмкін. Ол бұған дейін заңсыз қару сақтағаны үшін 2 рет сотталып, бас-аяғы 10 жарым жыл түрмеде жазасын өтеген.

 

Комментарий