Тағдыр | Судьба

“Комитетчик” ұлың болған жақсы ә!

(Бәріміз қара жолда жүрміз, мына оқиға баршаңызға сабақ болар деп ойлаймын)
Есік алдында отырған атасы немересінің шырылдаған даусын ести сала ауладан атып шығады. Бетін қан жауып кеткен немересі жолдың шетінде тұр екен. Көршілері “Ана газель қақты. Тоқтамай кетіп барады. Ұстаңдар!” деген соң бәрі жабылып “қашқын” жүргізушіні тоқтатқан. Жүргізушінің қоңқиып көліктен түсетін ойы жоқ.

Ашу қысқан баланың әкесі Бейбіт жүргізушіні көліктен жұлып алғанда жейдесі жыртылып, жерге сүйреп түсіргенде бетімен құлайды. Әрине, құқықтық қоғамда мәселені күш қолданбай-ақ шешуге де болар еді. Бірақ, жақынын көлік қаққан кісілердің көбі эмоциямен кейде өз ісіне есеп бермей жататыны рас. Содан… жиналған жұрттың бәрі кішкентайды айналдырып, бірі жедел жәрдем шақырып, бірі жырылған қабағына суық су тартып, бірі мұрнының қанын тоқтата алмай әлек болып жатқанда кінәлі жүргізуші не істеді дейсіз ғой. Жұмабек Сатаевты тұра салып балаға жүгірді десеңіз қателесесіз. Ол бірден оқиға орнына ұлын шақырып, екеуі ақылдаса келе “баланың әкесі Бейбіт Жақсылықов өзін соққыға жықты” деп арызданып, полиция шақырып қояды. Адам қақтым-ау, енді не болар екен деген ол жоқ. Жедел жәрдем келіп анасы мен баланы ауруханаға алып кеткенде бұл кісі Жақсылықовты сүйрелеп Алматы облысы Талғар ауданының ішкі істер бөлімінде жүреді. Осылайша әке баласына керек кезінде кінәлі жүргізушімен бірге полицияның алдында түсінік беріп отырады. Талғардың ауруханасы баланың жырылған бетін тігіп, қолда жоқ дәріні сұратады. Ал үйдегі жалғыз көлікті мінген Бейбіт полицияда. Одан баланың миы шайқалған деген дәрігерлер дереу Грэстегі ауруханаға жеткізу керек дейді. Қайдан барсын. Бейбіт баяғы Сатаевтың арызы бойынша полицияның табалдырығын тоздырып үйіне түнде бірақ оралады.


Ал жол апатына, баланың жарақатына кінәлі жүргізуші жүгіріп жүріп дәрігерлік тексеруден өтіп, “Комитетчик” баласының көлігімен әрі-бері көлбеңдеп әбден кесірді салады. 535 WNA 05 нөмірлі көліктің иесі шын комитетчик пе, жоқ әшейін көз қылып жүрген жан ба, ол жағы белгісіз. Мәселе ол жігіттің әкесіне “жақсы кеңес” бере білуінде.


Хош, сонымен бала ауруханаға жатады. 10 күн емделіп, дәрі-дәрмегін алып үйіне шығады. Бірақ, кінәлі жүргізуші тырс етіп бас сұқпайды, жағдайын сұрамайды да. Оларды қызықтырғаны басқа екен. “Комитетчик” жігіт тек кейіннен қоңырау шалып, “Газельдің айыптұрағында тұрып қалғанын, әкесі напақадан қағылғанын айтып, Бейбітке ортақ мәмілеге келуді ұсынады. Жол апаты бойынша негізі Жұмабек Сатаевтың жазасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 610-бабы, екінші бөлігі бойынша .”Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге әкеп соққан әрекет – қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе тоғыз айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғуы керек”. Алайда, күнде жәбірленушінің есік алдынан шықпаған “комитетчик” жігіт ем-домға кеткен ақшаны төлеп беретінін, қарсы жазылған арызды қайтарып алатынын айтып, кешірім беруін қатты өтінеді. Кешірім берсе, Талғар аудандық жол полиция бөлімімен мәселені өзі шешпек.


Ал енді қараңыз, күні кеше баласын қағып, ол аздай баласы ауруханада жатқанда тырс етіп, жағдайын білмеген, оның орнына өзін әурелеп, үстінен арыз жазған адамға жәбірленуші кешірім береді. Баламның еміне, дәрі-дәрмегіне кеткен ақша қайтса болды дейді қазақбайшылыққа салынып, Ол аздай, бәле-жала осымен кетсін деп кіші Сатаев берген 80 мың теңгенің 40 мыңына қой алып, оны жетім-жесірге таратады. Сөйтесе, “бәле-жала” бітпепті. Бұдан кешірім алғанша әке-көке деп жылпылдаған Жұмабек Сатаев та, оның Гэлен вагеннің терезесінен шырт түкіріп, баяғы кейпін өзгерткен “Комитетчик” ұлы да Бейбіт Жақсылықовтың үстінен жазған арыздарын алмайтын болып шешіпті. Іс бітті, қу кетті. деген осы. Енді баланың еміне кеткен дәріні сот арқылы да алуға болатынын естіген жәбірленуші бармағын тістеп отыр. Ал “Заң газеті” оқиғаның қалай өрбитінін өз қадағалауына алмақ. Талғар аудандық ішкі істер бөлімінде Жұмабек Сатаевқа қатысты іс қай баппен қозғалып, сотқа жіберілмек?


Жол апатына куә болған көршілердің түсініктері қолымызда. Кінәлі жүргізушінің қалай “таяқ жегенін” де олар жақсы біледі екен.

Сонымен, жәбірленуші Бейбіт Жақсылықовтың арызымен Алматы облысы Талғар ауданының полиция бөліміне бардық. Бейбіттің 5 жастағы баласын қағып, оқиға орнынан қашып кетпек болған жүргізушінің үстінен қозғалған іс қысқартылып, айыптұрақтағы көлігі де, жүргізуші куәлігі де қайтарылыпты. Неге? Өйткені, жәбірленуші баласының ем-домына кеткен ақшаны алған соң, (80 мың теңге екенін айтқан болатынбыз) жүргізушіге кешірім берген.

Жақсылықовтың айтуынша, “комитетчик” (әзірше солай атайық, аты-жөні белгілі болғанмен, 30 жасында мерседес-брабусты тізгіндеген ауқатты комитетчиктің жеке тұлғасын әлі де нақтылау керек) жол апатынан кейін маза бермеген. Үйіне қайта-қайта келіп,(көршілер куә) телефонына қоңырау шалып (Жақсылықовтың телефон нөміріне түскен қоңырауларды тексерсе жеткілікті) істі “жігіттерше” шешейік деген. “Кешірім берсең бердің, бермесең де шеше алам. Бірақ арты өзіңе қиын болады” дегенді нығарлап айтқан. Ауруханадағы баланың жағдайын бір сұрамаған ол газельді шығармаса әкем (Жұмабек Сатаевқа) нәпақасыз қалады деп аяныш сезімін де тудырмақ болған. Ақыры дәрі-дәрмекке ақша ұсынған соң, әрі дау қумай екеуміз де арызды қайтып алайық деп қол алысқан соң Бейбіт Жақсылықов Талғар Рувд-сына өз аяғымен барып, жүргізуші Ж.Сатаевқа тағар кінәм жоқ, кешірім бердім деп өтініш жазып кетеді. Мұнымен бірге Рувд-ға барған әкелі-балалы Сатаевтар да қол жұмсады деген заявлениені алдық деп, сыртқа сыр бермей бірге шығады. Жақсылықовтың аңқаулығында шек жоқ. Менің үстімнен жазған заявление қайда, алдымен соны алыңдар, әйтпесе кешірім бермеймін десе еркінде еді ғой. Ал ол болса 16.00-де кездесейік деген соң, “келісіп алып жігіттік сөзінде тұрмады демесін” деп Рувд- ға ерте келеді. Кергіген комитетчик әкесімен бірге тек 17.30-да жеткен.Сөйтіп Жақсылықовқа әрі психологиялық қысым көрсетіп, керек кезінде алдап кешірімін алып, істің қысқаруына қол жеткізгендер енді өз арыздарын алғысы жоқ. “Жігітше” деп қол алысқандарын ұмытып, әуелі “қайда барсаң онда бар” дегенге көшкен. Мащақтап, телефонын алмайды. Тіпті жеңіл дене жарақатын растайтын сараптама қорытындысы да қолында. Ашумен көліктен сүйреп түсіргені үшін істі болып бір өкінген, баласының денсаулығына және алаңдаған, онысы аздай “комитетчиктің” қармағына түсіп әбден әуреге түскен Жақсылықов кеше жол апатына байланысты қысқартылған істі қайта қарау туралы өтінішін жазып кетті. Күйеуінің қоқан-лоқыдан көз ашпай, отбасына қауіп төнбеу үшін осындай амалға барғанын айтқан Мөлдір Жақсылықова болса ертең Талғар ауданының прокурорына шағымданғалы отыр. Бала алдында әке мен ананың құқығы бірдей! Енді сөзінде тұрмаған, күштілігін көрсеткен, зардап шеккен баланың денсаулығына құйттай да алаңдаушылық білдірмеген комитетчикпен ананың өзі күресіп көрмек. Күрессін, Іс әрі қарай да біздің бақылауымызда болады.
Төменге жол апатын көзімен көрген біраз куәгердің түсінігін бірге тіркедім. Олардың бәрі “біз көлікті тоқтатпағанда, Газельдің иесі қашып кетер еді” деп отыр.
Осы жерде менің түсінбейтінім, бізде адам қақпақ түгілі, байқаусызда көлік соққандардың ісін қысқарту қиынның қиыны. Ал мына жерде бәрі жылдам, бәрі тез. “Комитетчиктің” пәрмені мықты боп тұрған жоқ па?

Комментарий