Бас тақырып | Тема дняТағдыр | Судьба

«РЭКЕТТЕРДІҢ» ЗАМАНЫ ҚАЙТА КЕЛГЕН БЕ?

«РЭКЕТТЕРДІҢ» ЗАМАНЫ ҚАЙТА КЕЛГЕН БЕ?

НЕМЕСЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗАНЫ ІЗГІЛЕНДІРУДІҢ ЖЕМІСІ

ӘДЕТТЕ ӘДІЛДІК ІЗДЕГЕН АДАМ СОТҚА НЕМЕСЕ ҚҰҚЫҚҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНА ШАҒЫМДАНАДЫ ЕМЕС ПЕ? АЛАЙДА, КЕЙІНГІ КЕЗДЕ ТАҒДЫРЫ СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСКЕН ХАЛЫҚ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНА КӨБІРЕК ЖҮГІНЕТІН БОЛҒАН. БІРІ ТИІСТІ ОРГАНДАР ӨЗ МІНДЕТІНЕ ЖҮРДІМ-БАРДЫМ ҚАРАДЫ ДЕП ШАҒЫМДАНСА, ЕКІНШІСІ ДӘРМЕНСІЗ ЕЛДІҢ СӨЗІН ТІЛШІЛЕР СӨЙЛЕЙДІ ДЕП СЕНЕДІ. «ЗАҢ ГАЗЕТІНІҢ» РЕДАКЦИЯСЫНА ХАБАРЛАСЫП, АРАША СҰРАҒАН КЕЛЕСІ ХАТТА ҚҰҚЫҚҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНАН ҚАЙЫР БОЛМАҒАН АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ БІРІН-БІРІ ҚАЛАЙ «ЖАЗАЛАП» ЖАТҚАНЫ СӨЗ БОЛАДЫ.

«Менің өтінішхат беру себебім, 2017 жылдан бері заңсыздыққа тап болып келемін. Інім А.Тастеевтің келтірген залалын менен өндірмек болғандардың күш көрсетіп, көлігімді тартып алғанына да екі жыл болды. Екі жылдан бері сол тартып алынған көліктің салығын, айыппұлын да мен төлеп келе жатырмын. Ал, арыз жазып, көмек сұрағаныммен Алматы қаласының Медеу, Жетісу аудандық полиция бөлімдерінің тергеушілері бір-біріне сілтеп, істі әлі созып отыр», – деп жазады арыз иесі Советбек Тастеев. «05.09.2017 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Тасашы ауылында ауыл әкімі А.Қасымжанұлының және ауыл жастарының ұйымдастыруымен жиналыс өткізілді.
Жиналыста Ж.Қарабалаев, Совет Ходанов, Д. Ермекбайұлы, А.Мәметовтер сөз сөйледі. Асхат Мәметов жиналыста көпшіліктің көзінше ар-намысыма тиетін жаман сөздермен балағаттап, «Сен ұрысың» деп ұрмақшы болды. Ауыл әкімі араға түсіп, оны әрең қойдырды. Сол сияқты Н.Бүйенбаев, А. Рысқұлов, М.Нүптекеев, Д.Әбенов және Т.Алпысбаевтар сөз сөйлеп, менің інім Тастеев Алмасбекті ауылдан көшіруді талап етті.

Оларға Бақытгүл Оқасова екеуміз қарсы шығып, Тастеев Алмасбекті ауылдан күштеп көшіру заңға қайшы екенін, бұлай еткен жағдайда оның конституциялық құқының бұзылатынын, жер аудару тек қана соттың құзырында екенін айттық. Бірақ, көпшілік бәрібір Тастеев Алмасбекті ауылдан күштеп көшіріп жіберді» дейді ары қарай арыз иесі.
Осылайша, өз тентегін өздері жөнге салмақ болған ауыл халқы А.Тастеевті «етегін кесіп елден шығарғандары» аздай, енді оның жақындарына қысым көрсете бастайды. «Жиналыстан кейін А.Мәметов мені үйіне шақырды. Мен оның үйіне барып едім, ол үйде М.Нүптекеев, Е.Майтыбаев, Қ. Әшімбаев және мен танымайтын Дәурен деген жігіт бар екен. Олар «Тастеев Алмасбекті ауылдан күштеп көшіреміз, М.Нүптекеевтің 2011 жылы ұрланған жылқысын сен төлейсің, 5 жылқы үшін 5000 АҚШ долларын бересің немесе астыңдағы автокөлігіңді бересің», – деп қорқытты. А.Мәметов менің ар-намысыма тиетін сөздермен балағаттап ұрмақшы болды, қорқытты. Мен М.Нүптекеевтің жылқыларының ұрлануына еш қатысым жоқ екенін, оны малды ұрлаған адамдардан өндіріп алатынын, мен ақша да, автокөлікті де бермейтінімді айттым. Аяғында мен Райымбек АІІБ-не А.Мәметовтің заңсыз әрекеті туралы арыз беруге мәжбүр болдым.
Бірақ, жоғарыда аты аталған адамдар ұялы телефон арқылы хабарласып, ылғи мені қорқытып, «бала-шағаңды жазым жасаймыз, күн көрсетпейміз, сүйегіңнің қайда қалғанын туыстарың таппай қалады» деп қыр соңымнан қалмай қойды. Осылайша, құқыққорғау органдарынан еш қорғаныш таба алмай, жанұямның қауіпсіздігі үшін Тасашы ауылынан Алматыға көшіп кеттім. Қазіргі кезде пәтер жалдап тұрып жатырмын».
Өкініштісі, кейіпкеріміз Алматыға көшіп келгеннен кейін де жоғарыда аты аталған адамдардан құтыла алмапты.
«Асхат Мәметов «машинаңды тартып аламыз» деп ескерткеннен кейін, мен олармен сөйлескен кезде диктофонымды қосып, олардың сөздерін жазып алып отырдым. 28.09.2017 жылы Алматы қаласындағы «Саяхат» автобекетінің жанында өз автокөлігіммен тұрғанымда М.Нүптекеев автокөлікпен келді. Жанында жүргізушісі бар. Екеуі мені күштеп автокөліктеріне отырғызып, Алматы қаласының «Думан» шағын ауданына апарды. «Думан» шағын ауданындағы мешіттің жанындағы бір үйден автокөлікке Дархан, Даурен деген екі жігіт отырды. Барлығы жабылып мені бір қоймаға апарып, ұрып-соғып, қорқытты. Мұрат деген жігіт пышақпен қорқытып «бауыздап тастаймын, М.Нүптекеевтің 5 жылқысын төлейсің, 5000 АҚШ долларына бағалап автокөлігіңді тартып аламыз, нотариусқа барып сенімхат жазып бересің» деп қорқытқан соң, олардың еш нәрседен тайынбайтынына көзім жеткендіктен, нотариус арқылы сенім хат жазып беруге мәжбүр болдым. Олар мені қорқытып, сенім хатты жылқысы ұрланған М.Нүптекеевтің өзіне емес Мұрат деген жігіттің атына жаздырып алды. Менің қандай жағдайда қол қойғанымды, сенім хаттағы қойған қолымды жай кезде қойған қолыммен салыстыра отырып, сараптама жасау жолымен анықтауға болады. Мен болған жағдай туралы жанұяма айтқан жоқпын, «автокөлігімді соғып алып, жөндейтін жерге өткізіп қойдым» дедім. М.Нүптекеев және басқалары менің автокөлігімді басқа бір адамға сатып жіберіп, ақшасын бөлісіп алыпты.
30.11.2017 жылы кешке жақын М.Нүптекеев тағы да адамдарымен келіп мені тағы қорқытып, қоқан-лоққы жасап, жеке куәлігімді сұрап, автокөлікті басқа адамға сату жөнінде құжат жасауды талап етті. Мен автокөлікті ешкімге сатпайтынымды айттым, олар мені қорқытып, отбасыма тыныштық бермейтінін, маған жазым жасайтынын айтты. Мен олардан қатты қорқып, Алматы қаласы Медеу АІІБна арыз бердім. Ретін тауып олардың барлық сөздерін диктофонға жазып алдым. Медеу АІІБ-нің Бекжан деген тергеушісі аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Алайда, тергеуші қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарын жүргізудің орнына «бұл жағдай азаматтық дау ретінде шешілуге жатады деп» бірден кесіп айтты. Менің арызымда көрсетілген мән-жайлар бойынша тергеу амалдарын жүргізбеді. Мен адвокат жалдағаннан кейін ғана тергеуді жүргізе бастады. Бірақ, тергеуші «бұл азаматтық дау» деп айтқанынан қайтпады. Мені адамдардың топ болып қорқытқанына, ұрып-соғып бопсалағанына ешбір мән бермеді. М.Нүптекеевті ылғи бөлек шақырып алып, сөйлесіп жатады. Оның АІІБ-не неше рет заңсыз кіргенін бейнекамерадан көруге болады. Одан кейін іс Жетісу аудандық полициясына өтті. Тергеуші азамат Әбдіжаппар мен Тергеу бөлімі бастығының орынбасары Дамир деген жігіт те істі әлі созып отыр. Диктофондағы дауыстарға сараптама жасалып, онда кімдердің дауысы екені анықталған. Бірақ, менің қатысуымсыз автокөліктің кімге, қалай, қанша ақшаға сатылғанын анықтаған жан жоқ. Істі сотқа жіберуге не кедергі, түсінбеймін», – деп шырқыраған оқырманымыз осылайша нақақтан-нақақ «жазаланып» отырғанын жеткізді.

Р.S. Арыз иесінің айтуынша, жоғарыдағы М.Нүптекеевтің (2011 жылы) жылқысын ұрлаған адамдар Алматы облысы Райымбек аудандық сотының 2012 жылғы үкімімен жазасын алыпты. Олай болса, ауылдастары Советбек Тастеевке неге сонша шүйлікті? Әлде бүгінгі қоғамның «інісі жаза басса, ағасы жазалану керек» деген жазылмаған заңы бар ма?! Құқыққорғау органдары қайда қарап отыр? Әлде, сонау 90-шы жылдардағы «рэкеттердің» заманы қайта келді ме? Әлділер әлсіздерге күш көрсетіп, мәселені заңның емес, білектің күшімен шешетіндей жағдайға жеткеніміз бе? Әлде құқыққорғау органдары қылмыстық саясатты ізгілендіру дегенді «қылмыскерлерді тайраңдатып қою» деп түсіне ме? Cұрақ көп, жауап жоқ.
Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий