Елең еткізер | АктуальноҚоғам | ОбществоҚұқық | Право

Тікұшақтан арқанмен түсірген: Алматы облысында өрт сөндірем деп қаза болған тұрғындарға 5 мың теңге төлемек болған

Жаркент маңындағы бес күнге созылған дала өрті сөндірілді. Арнайы құдық қазылып, өрт өзен суымен өшірілді. Өрт сөндіруге кіріскен еріктілердің ақша үшін осындай әрекетке барғаны рас па?

Айтпай келген бұл апат үш адамның өмірін қиды. 7 адам жарақат алды. Қаза болғандардың бірі орманшы, екеуі ерікті. Ерікті дегендер кімдер? Өз еркімен отқа тап бергендер ме? Әлде оларды мәжбүрлеген бе? Бұл туралы zanmedia.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Марқұм болған Қанат Үенбеков, Еркінбек Оспанов, Айтқазы Немелтаевтың жақындары кімді кінәлайды?

“Менің бауырымды қайтарып бермесе де, бұндай жағдай қайталанбаса екен деймін”, – деді Марал Оспанова.

Айтуынша, інісін 4 шілде күні түнімен таң атқанша тікұшақ күзетуге мәжбүрлеген. Ал, ертеңіне он-оннан бөлінен еріктілердің бір тобын басқартып, жұмысқа жеккен. Тікұшақ қонатын жер болмай адамдарды арқанмен өрт аумағына түсірген. Арнайы жаттықтырылмаған, қауіпсіздік талаптарын білмейтін он адамды басқаруға інімді тағайындап, жалынға оранған аумаққа апарып, арқанмен түсіре салғандар жазасын алсын деді.

“Ең біріншіден, неге інім тікұшақ күзетуге барады? Екіншіден неге оларға арнайы құрал-жабдық бермейді?”, – дейді қаза болған Еркінбек Оспановтың әпкесі.

Камераға жүзін көрсетуден бас тартқан жергілікті тұрғындардың бірі еріктілердің ақша үшін өрт сөндіруге барғанын айтады. 5 мың теңге қызметақыны мешіт құрылысына беруге неттенген көрінеді.

“Мешіт салып жатыр. Өрттен тапқан ақшаны сол мешітке береміз деп барған олар. Жеке басына ақша табамыз деп барған жоқ”, – дейді марқұм Қанат Үсенбековтің әкесі арып Үсенбеков.

“Өрт сөндіру талабын білмейтін адамдарды қалайша өрт алаңына жіберіп қояды. Дайын емессіңдер деп ешкім тоқтау салмай ма?”, – дейді марқұмның жары толқын Құсайынова.

Олар өрт сөндіру талабын білмейтін адамдарды жалынға жеккен жауаптыларды кінәлайды.

Комментарий