Аймақ | РегионҚұқық | Право

Шымкентте он жыл бұрынғы жантүршігерлік қылмыстың беті ашылды

Көптеген жыл бұрын ауыр қылмыс жасаған ер адамды полицейлер күтпеген жерден қолға түсірді

Алтын сатушылардың тоналуы ісін тергеп жүрген полицейлер он жылдан бері іздеуде болған қылмыскерді ұстады. Ол араға он жыл салып сот алдына келді.

Түнгі клубтағы қақтығыс

2007 жылдың басында Шымкенттегі түнгі клубтардың бірінде жаппай төбелес болып, соңы атысқа ұласты.

Жаңа жылдан кейінгі ырду-дырду бітпеген шақ, сондай кештердің бірінде екі топ арасында жанжал туындайды. Залда сөзге келіп қалған жігіттер “әңгімені жалғастыру үшін” сыртқа шыққан. Ақыры соңы қарулы қақтығысқа айналып кетеді. Топтың бірі клуб жанында тұрған көліктерінен тапанша мен револьвер алып шығып, қарсы топқа оқ жаудырған. Атыс салдарынан бір жігіт қаза тауып, тағы екеуі ауыр жарақат алады. Үш атқыш қашып кеткенімен, олардың кім екені бірден анықталыпты.

Полицияның жедел ақпараты бойынша, Шымкенттегі бәсекелес екі бандиттік топ өзара қақтығысқан.

Үш атқышты ұстау

Екі жақтың да мүшелерін толық анықтаған полиция үш атқышқа іздеу жариялайды. “Жәбірленушілер” де қатаң бақылауға алынған.

Көп ұзамай іздеудегілердің бірі ұсталды. Алайда зардап шеккендер ол жігіттің төбелессе де, оқ атпағанын айтады.

Тағы бірнеше күннен кейін полиция үш күдіктінің бірінің денесін жол шетінен тауып алады. Оның қалай қаза болғаны сол беті анықталмады. Жәбірленушілер де, куәгерлер де басты атқыш үшінші жігіт – Нариман Оразов екенін алға тартқан.

Оразовтың Қазақстаннан кетіп қалуы мүмкін деген дерек шығып, полиция оған халықаралық іздеу жариялайды. Бәрібір Нариман Оразов сол беті табылмапты.

Қарақшылық шабуыл

2016 жылы тамызда Шымкент әуежайында зергерлік бұйымдар саудасымен айналысатын коммерсанттарға қарақшылық шабуыл жасалды.

Жәбірленушілер Ресейден Шымкентке құны бірнеше миллион теңге алтын алып келген еді. Бизнесмендердің көлігі тұрған тұрақта екі жігіт оларға шабуылдайды. Кәсіпкерлерді ұрып-соғып, көлікке кіргізіп, қала сыртына алып кеткен. Ол жақта да қарақшылар бизнесмендерді есінен танғанша сабап, алтынды олжалап, қарасын батырады.

Жәбірленушілер естерін жиған соң бірден полиция бөліміне барып, шабуыл жасағандардың бірін білетіндерін айтады. Қарақшылардың бірі – Денис Сухинин кезінде олардың кәсіпорнында жұмыс істепті. Полиция бірден іздеуге кірісіп, алайда ол адамның бірнеше күн бұрын отбасын тастап, жұмысынан шығып, кетіп қалғаны белгілі болады.

Араға бір жыл салып қана, Сухининнің қайда жүргені анықталған. Сонымен бірге күдіктінің жақын араласатын досы да тәртіп сақшыларының назарына түседі. Әрі қарай тергеу жүргізген полиция оның он жылдан бері іздеуде жүрген Нариман Оразов екенін білген.

Екі күдікті де ұсталды.

Он жыл күткен жаза

Тергеу қайта қозғалып, екі достың қылмыс жасағанын дәлелдейтін айғақтар жинақталды. Сухинин мен Оразовқа бір топ адаммен сыбайласып, аса ірі көлемде қарақшылық шабуыл жасады, жәбірленушілерді ұрлап әкетті деген айып тағылған.

Сонымен қатар Оразов кісі өлтірді, тағы екі адамға қастандық жасады және оқ ататын қаруды заңсыз ұстады деп айыпталды. Алайда екеуі де кінәсін мойындамай қойған. Бірақ Шымкенттің мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Сухинин мен Оразовты бүкіл бап бойынша айыпты деп таныды.

Нариман Оразов 16 жыл жаза мерзімін қауіпсіздік деңгейі ең жоғары мекемеде өтейді. Ал Денис Сухинин 11 жылға бас бостандығынан айырылған.

sputniknews.kz

Комментарий