Ойталқы | Разъяснения

Қылмыстық процестік келісімге келу кімге тиімді?

Қылмыстық саясатты ізгілендіру мақсатында заңдарымызға енгізілген жаңа өзгерістер аз емес. Мәселен, енді қылмыс жасаған азаматтар «жаздым, жаңылдым» десе болды, сот оның жазасын жеңілдетуі мүмкін. Алайда, қоғамның қатаң сынына ұшыраған қылмыстық процестік келісім дегенді кім қалай түсініп жүр? Жазаның баламалы осы түрін қолдану кімге тиімді?

 Гүлназ БАУБЕКОВА, Алматы облысы Сарқан аудандық сотының судьсы:

– Процестік келісімге келуді жазаның балама түрін қолдану деп түсінген жөн. Яғни, бұл қылмыс жасаған адамның жазасын жеңілдету ғана емес, жәбірленушінің бұзылған құқығын сөзбұйдаға салмай, мейлінше тез қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл тетік сотталушыға да, жәбірленушіге де тиімді және істің сотта қаралуына да оңтайлы.

Егер сотталушы қылмысын толық мойындап, істегі дәлелдемелерге ешқандай дау айтпайтын болса, онда ол прокурормен процестік келісімге келе алады. Прокурор істі жіті тексеріп, процестік келісім жасауға болады деп тапса, ол туралы сотты хабардар етеді. Ал, сотталушы тағылған айыптан жалтарып, процессуалдық келісімге келуге ұмтылмаса онда сот істі жалпы тәртіппен қарайды. Қылмыстық процестік келісім жазаны айтарлықтай жеңілдетіп, бас бостандығынан айыру жазасының мерзімін азайтуға, жазаны бас бостандығын шектеу түрінде өтеуге бағытталған.

Алайда, бұл қылмыскер жазадан сытылып кетсін деген сөз емес. Қалайда ол заң алдында жауап береді. Егер сотталушының бұрын соттылығы болмаса, ол жәбірленушіге  келтірілген залалдың орын толтыруға дайын болса, неге процестік келісімге келмеске?! Бұл жерде жәбірленуші тараптың пікірі маңызды. Жәбірленуші процестік келісімге қарсылық білдірмесе, прокурор соттан процестік келісім шарасын қолдануды сұрайды. Мұндай жағдайда сот істі бастан аяқ қарамайды. Іс қысқартылған тәртіппен жүргізіледі. Яғни, сот тек прокурор мен сотталушының арасындағы процестік келісімді жан-жақты зерттеп, барлығын ескереді. Егер қандай да бір қайшылықтар болса, сот істі кері қайтаруға құқылы. Мұның барлығы сот тергеуіне дейін де, кейін де сотталушыға түсіндіріледі. Бір сөзбен айтқанда, мұның қай жағынан болсын тиімді жақтары бар. Тек мұны халыққа дұрыс жеткізу, түсіндіру жағы кемшін болып тұр. Осы дұрыс түсінбеушіліктің салдарынан қоғам бәріне сотты кінәлап жатқан жағдайлар да бар. Шын мәнінде сот тек заңды басшылыққа алады.

Серік БАЙБАТЫРОВ, ардагер судья:

– Өз басым қылмыстық істе процестік келісімге келу мүмкіндігінің болғанын аса қолдамаймын. Кезінде аты шулы «Қорғас ісі» сотта қаралғанда, дәл осы баптар қолданыста болса не болар еді?! Олар тағылған айыпты мойындамай,      аяғында қылмыстары толық дәлелденіп, барлығы заң алдында тиісті жазаларын алды. Егер сол кезде қылмыстық заңнамада процестік келісім деген болса, істі болған кеденшілер бірден өздеріне тағылған айыпты мойындап, қазір олардың бірсыпырасы бостандықта сайран салып жүрер еді.

Меніңше, процестік келісімді қылмыс жасағандарға қолданған дұрыс емес. Бұл заң алдында бәрі бірдей деген қағиданың бұзылуына алып келеді. Бұл көбіне лауызымды адамдар шалыс басып, істі бола қалса, жауапкершіліктен оңай сытылып кетуіне жасалған жағдай сияқты. Бұрынғы кеңес үкіметінің заңы мықты болатын. Сол заңды мүлде өзгертіп, бағытты батысқа бұрып жібердік. Шетелдік тәжірибені желеу етіп, таңсық көрінген дүниенің бәрін әкеп тықпалауға шебер болып алдық.

Процестік келісімнің тағы бір қауіпті жағы бар. Мұнда жазықсыз адамдар тергеу органдарының тегеурініне шыдамай, жасамаған қылмысты мойнына алуы мүмкін. Бұл адамды «мойындамай сотталып кеткенше, мойындап жазадан құтыл» деген ойға итермелейді. Жалпы, мұндай келісімге келу мүмкіндігін мейлінше азаматтық дау-дамайларда қолдану керек. Сонда ол халыққа бір табан жақын болады. Ал, қазынаның миллондаған ақшасын қалтасына басып, қызмет бабын теріс пайдаланып «қолынан келгенде қоншынан басқандарды» айыбын мойындады деп сот залынан босатып жіберу ең бірінші кезекте сот беделіне нұқсан келтіреді. Мәселен, бұрынғы вице-министрге қатысты сот процесін алайық. Қазынаның өз ақшасы өзіне қайтарылды. Қоғам бұл оқиғадан кейін сотты «жерден алып, жерге салып» жатыр. Шын мәнінде, сот заңды басшылыққа алып, әрекет етті. Сонда да сот әділетсіз, жемқор болып шыға келді.

 

Сауалнаманы жүргізген Камила ЫСҚАҚОВА,

                         «Заң газеті»

 

 

Комментарий