Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

«Шұңқыр болса, телефоныңыз вибрация береді»: Қазақстанда жол сапасын тексеретін қосымша іске қосылады

Ол қосымшаға мемлекеттің қаржысы жұмсалмайтынын, қосымшаны жеке компания жасап жатқанын жеткізді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі еліміздегі жолдардың сапасын бақылауға мүмкіндік беретін жаңа қосымшаны дайындап жатыр. Бұл туралы агенттік  департаментінің директоры Данияр Сабырбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Директордың айтуынша, агенттікте «Сапалы жол» жобалық кеңсесі ашылған. Мұнда жолдың сапасын анықтауға мүмкіндік беретін арнайы жүйе дайындалып жатыр.

«Бұл қосымша арқылы тұрғындар жолдың сапасын бақылай алады. Бұл салада сыбайлас жемқорлық элементтері бар екені белгілі. Қыркүйек айында жүйені іске қосамыз», – деді Данияр Сабырбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол қосымшаға мемлекеттің қаржысы жұмсалмайтынын, қосымшаны жеке компания жасап жатқанын жеткізді.

Баспасөз мәслихаты барысында департамент директоры журналистерге бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп берді.

«Сіздің телефоныңызда акселератор бар. Ол сіздің жүрген қадамыңызды есептейді. Біз осы датчиктің көмегімен жолдың сапасын анықтаймыз. Сіз мобильді қосымшаны жүктеп аласыз да, телефонды көліктің панеліне қойып, жолға шығасыз. Егер жол жақсы болса, телефоныңыз қозғалмайды. Ал жолда шұңқыр болса, телефоныңыз қозғалып, вибрация береді. Тасжол сапасыз болса, вибрация жиі болады. Бұл ақпарат publicbudget.kz сайтына жіберіледі. Осылайша, еліміздегі жолдың сапасын объективті түрде бақылай аламыз», – деді Сабырбаев.

Сөз соңында ол бұл қосымшаға «Қазавтожол» ұлттық компаниясы қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Комментарий