Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

Арқалықтағы “қасапшылар түрмесінде” жалғыз әйел жазасын қалай өтеп жатыр?

Әйел адам “ерлер колониясында” болса да, жеке камерада отырады. Арқалықта аса қауіпті қылмыскерлер түрмесінде жазасын өтеп жатқан жалғыз әйел сот белгілеген мерзім аяқталғанша сол колонияда қалады. Бұл туралы қылмыстық-атқару комитетінің төрағасы, әділет полковнигі Дархан Қанатбеков айтты.

“Сотталған әйел тәртіпті өрескел бұзғаны үшін сот шешімімен ауыстырылды. Ол сот белгілеген мерзім аяқталғанша жазасын өтейді. Содан соң кейін қайтарылады. “Ерлер колониясында” жеке камерада отыр. Тағы да қайталап айтайын: бұл соттың шешімі”, – деді Қанатбеков сейсенбі күні баспасөз мәслихатында.

Алайда ол қанша уақыт болатынын нақты айтқан жоқ. Бұған дейін БАҚ-та хабарланғандай, әйел сегіз жылға бас бостандығынан айырылған.

Жиырма алты жастағы қазақстандық – Арқалық қаласында аса қауіпті қылмыскерлер жазасын өтейтін УК-161/12 түзету мекемесіне түскен бірінші әйел.

Ол бұрын Алматы облысындағы түзету мекемесінде отырған.

Арқалықтағы колония халық арасында “қасапшылар түрмесі” деген атпен белгілі. Онда қарақшылық, тонау, зорлау және басқа да ауыр қылмыс жасаған аса қауіпті қылмыскерлер ұзақ жыл жаза мерзімін өтейді. Отыз жыл бойы мұнда тек ер азаматтар ғана отырған.

Комментарий