Қоғам | Общество

«Ұшатын тышқандарды» жақыннан көргеніңізге қуаныңыз»: Өскеменде жарқанаттар көбейіп кетті

Прокоповтың пікірінше, жарқанаттарды құртудың немесе оларға қарсы қандай да бір әрекет жасаудың қажеті жоқ.

Өскемен көшелерінде жарқанаттар көбейе бастады, деп хабарлайды Altaynews.kz ақпараттық порталы.

Шаһар тұрғындарының айтуынша, жарқанаттар қаланың Кемежай, ЖМК, Стрелка аудандарында, Қазақстан көшесі мен Шәкәрім даңғылында  жиі көзге түсетін болған. Тұрғындар бұл құбылысқа әуелде таңырқап қарағанымен, кейін келе үрейлене түсті деуге болады.

«Неліктен бұрын-соңды қала түгілі, ауыл-аймақтарда жиі көзге түспейтін осы бір ерекше тіршілік иесі тосыннан көбейе бастады?», «Бұл жарқанаттар кинодағыдай адам қанына құмар емес пе?», «Әлдебір инфекция таратып жүрмей ме?», – деп әбігерге түскен халық әлеуметтік желілерде осындай пікірлер қалдырып жатыр.

Біз биолог, профессор Константин Прокоповтың осы жағдайға қатысты ойын білдік.

«Жарқанаттар адамның тіршілік ортасына жақын өмір сүре алады. Бұл қалыпты құбылыс деуге болады. Шығыс Қазақстан облысында осы қанаттылардың 14 түрі өмір сүреді және олардың адамға мүлдем зияны жоқ. Жәндіктермен қоректенеді. Қазір ауа райы өте ыстық, ұсақ жәндіктердің қаптаған кезі. Жарқанаттардың көбеюін осымен байланыстыруға болады», – дейді профессор.

Прокоповтың пікірінше, жарқанаттарды құртудың немесе оларға қарсы қандай да бір әрекет жасаудың қажеті жоқ.

«Олар адамдарға шабуыл жасай алмайды. Бұл тропикалық аймақтардағы адам қанын ішетін жарқанаттар емес. Біздің өлкемізде ондай түрлері жоқ. Бұл сүтқоректілер ешқандай инфекция да таратпайды. Одан да «ұшатын тышқандарды» жақыннан көргендеріңізге қуаныңыздар», – деп түйіндеді профессор К. Прокопов.

Комментарий