Қоғам | ОбществоҚұқық | Право

Жамбылда тұтас бір жанұя далада тұрып жатыр.

Жәркенбаевтар отбасы шпалдан қабырға көтеріп, шатырын баннермен жауып алған. Көп балалы ана, күнде жаңбыр жауып, жел тұрмаса екен деп тілейтінін айтады. Себебі жауынды күні шатырдан су ағып, үй іші көл боп кететін көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «31-арнаға»сілтеме жасап.

Дина Жәркенбаева бала-шағасымен осы үйді паналап отырғанына бір жарым ай болған. Айтуынша, төрт жыл тұрған пәтерінің иесі үйді сатам деген соң басқа пана іздеуге кіріскен. Содан інісінің бос жатқан жеріне үй көтеріп алыпты. Темір шпалмен үйдің қабырғасын көтеріп, ескі баннерлермен шатырын жапқан. Қайырымды жандардың жәрдемімен бір бөлмеге ғана шифер сатып алыпты.

«Шатырын жауып, қысқа дейін бір бөлме болса да бітіріп алсам деп отырмын. Әйтпесе бала-шағаммен басқа баратын жерім жоқ», – дейді көпбалалы ана.

Атаулы әлеуметтік көмеккке берілген қаржыға үйге қажетті материалдарды алып жатқанымен, ол осы айдан бастап тоқтап қалған. Әкімдік өкілдері бұл жағдайды Жәркенбаеваның келісімшартта көрсетілген міндеттерін толық атқармауымен түсіндіріп отыр. Айтуынша, күйеуі де, өзі де тұрақты жұмысқа орналасуы керек екен.

Әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысы берілген атаулы әлеуметтік көмек тексеріліп жатқанын айтады. Сөзінше, қазір қосымша табысымен үйі барын жасырып, алаяқтықпен атаулы көмек алған азаматтар анықталып, қаржы бюджетке қайта қайтарылып жатыр екен.

Комментарий