Ойталқы | Разъяснения

“Қазақ” сөзін сирек қолданатынына ренжимін”: Белсенді Серікжан Біләш туралы не білеміз

Қазақстанда «Атажұрт» қозғалысының лидері Серікжан Біләшқа қатысты сот әлі де жалғасып жатыр. Ол ұлтаралық қақтығыс тудырды деп айыпталған болатын. Ұлт белсендісі адам құқығын қорғаумен айналысып қана қоймай, өзінің өзге де қырларымен танымал, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Белсенді Серікжан Біләш Қытай Халық Республикасына қарасты Шыңжаң өлкесінің Іле қазақ автономиялы облысымен шекаралас жатқан Бұратала моңғол автономиясының облысында туып-өскен. Оны танитындардың айтуынша, руы – Найман ішіндегі Қаракерей. Мектепті тәмамдаған соң, Шыңхай шет тілдері университетін ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуды бастап, кейін аяқтамаған. Бұдан кейін Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы әлем тілдері университетінде ағылшын тілінен бір жыл дәріс алып, кейін сауда-саттыққа бет бұрған, деп жазады elana.kz басылымы.

Серікжан Біләш бірнеше тілді еркін меңгеріп қана қоймай, жазушылығымен де танымал. 2010 жылдан бастап Шыңжаңдағы белгілі жергілікті сайттарда «Мың бір сапар» атты сапар естелігі серия болып берілді. Бұл – автордың өзі көрген жерлері мен оның тарихы, саяси, әлеуметтік жағдайларын қамти отырып жазылған шығарма. Бұдан өзге Шыңжаң жазушылар одағының органы «Шұғыла» журналында да хикаяттары жарияланып тұрды.

Соңғы уақытта Серікжан Біләш «Атажұрт» ұйымының жетекшісі ретінде танылып үлгерді. Алайда еріктілердің бұл ұйымын ең бірінші болып Қыдырәлі Оразұлы есімді азамат құрған еді. Бүгінде тізгінін Серікжан Біләш ұстаған «Атажұрт» ұйымы адам құқығының бұзылуы туралы ақпарат таратады. Негізінен ол ақпараттарда Қытайдың өңірлік билігі айыпталып, халықты «тәрбиелеуге» арналған лагерьлер туралы айтылады.

Белсенді бірнеше мәрте баспасөз конференциясын ұйымдастырып, Синьцзянның жергілікті емес тұрғындарына қалай қысым жасалатынын, «түзеу лагерьлерінде» не істететінін және Қытайдан кеткісі келетіндерді не күтіп тұрғаны туралы ашық жеткізіп жүрді.

2018 жылы «Азаттық Радиосына» берген сұхбатында өзінің ұйымы нақты фактілерге сүйеніп қана жұмыс істейтінін айтқан болатын.

«Әлемдік БАҚ өкілдері Алматыға келген кезде біз 100 фактінің 100-ін жіпке тіземіз. Егер 200 болса, 200 факті көрсетеміз. Міндетті түрде аудио, видео, сурет және ұсталғандардың паспорттары болады. Олар Синьцзянда мұсылмандарды ұстап алып жатыр деп жазды ғой. Білесіз бе, бұл нәрсе адамды ренжітеді. «Қазақ» сөзін өте сирек қолданады. Олар Синьцзянде тек ұйғырлар тұрады деп ойлайды. Бұл үлкен қателік. Синьцзнде тек мұсылмандарға ғана қысым көрсетілмейді», – дейді ол.

Біләш ұлтаралық қақтығыс тудыру үшін қасақана әрекеттерге барды деп айыпталды. Бұл бапқа сәйкес, ол 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Біләш өз кезегінде мұның астарында саясат жатқанын айтып, өзіне қатысты айыптарды мойындаудан бас тартып отыр.

Белсендінің кейбір жақтасы сотқа дейін келген болатын. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, күдікті сот залына кіре бергенде жиналған қауым «Бостандық!» деп айқайлай бастаған. Осыдан кейін судья отырғандардан тыныштық сақтауды өтінді.

Құқық қорғаушылар Біләштің ісінің астарында саясат жатқанын және мұның барлығы оның адамдардың құқығын қорғаумен айналысып жүргенімен байланыстырды.

Eurasianet басылымының хабарлауынша, «Біләш Елорда Пекинмен жақсы қарым-қатынас сақтап қалу үшін ұсталған болуы мүмкін».

Қазақ белсендісі Алматы қаласында наурыз айында тұтқындалып, бұдан кейін ол Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Сол жерде үйқамаққа жабылды. Азаттық Радиосының хабарлауынша, кейін оны ұстау мерзімі біртіндеп ұзара берген.

Сондай-ақ, «Франсс престің» жазуынша, «Атажұрт» кеңсесінде тінту жұмыстары жүргізіліп, полиция формасын кигендер ол жақтан қара мүшектер алып шықты. Ұйым еріктілері агенттікке компьютер, қатқыл диск, видеокамералардың тәркіленгенін айтқан. Ал бұлардың ішінде Синьцзянде ұсталғандар туралы ақпарат болған.

Соңғы бірнеше айда этникалық қытайлардан басқа, Синьцзянның жергілікті тұрғындарының үлкен қысымға ұшырап жатқаны туралы белгілі болды.
Қытай билігі миллиондаған адам жүрген лагерьлердің бар екенін және олардың заңдастырылғанын растады. Олар мұның діни экстремизмнің алдын алу үшін жасалып жатқанын айтты. Ал ол жерде болғандар жағдайдың әлдеқайда қиын екенін айтады.

Синьцзянның 45%-ін ұйғырлар, 40%-ін хань-қытайлар құрайды. Ал қалғандары – құрамына қазақтар да кіретін өзге ұлт өкілдері. Ұйғыр сепаристері кейде күш қолдану арқылы Шығыс Түркістан тәуелсіз мемлекетін құруға әрекет етуде.

29 шілде күні Нұр-Сұлтан соты «Атажұрт» қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің ісін Алматы сотының қарауына беру туралы шешім шығарды. Белсендіні үйқамақта ұстау шарасы өзгеріссіз қалды. Ал Біләштің жақтастары өз кезегінде белсендіге бостандық беріп, оны қудалауды тоқтауды талап етті.

30 шілде күні БҰҰ-ға Серікжан Біләштің ісі туралы петиция жолданды. Американың Freedom Now үкіметтік емес ұйымы БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары басқармасы жанындағы азаматтарды негізсіз ұстау жөніндегі жұмыс тобын Қазақстанда жауапқа тартылып жатқан белсенді Серікжан Біләштің мәселесі бойынша “тез арада шара қабылдауға” шақырды. Аталған ұйым Біләш туралы 29 шілдеде петиция жібергенін мәлімдеді. Сондай-ақ, олар «Үкімет Біләшті қамауда ұстауды жалғастыру арқылы адам құқықтары туралы жалпыға бірдей декларацияға қол қойғанда алған міндеттемелерін бұзып отыр деп жазды.

 

Комментарий