Судья мінбері | Судебная система

Сот отырысына қатысу міндетті емес

Жаңашылдықтардың бастамашысы болып келе жатқан сот құрылымы заманауи технологияларды қолдануда да көштің басында. Электрондық қызметтің игілігі ең алдымен сот мәжіліс залдарын дыбыс-бейне қондырғылармен жабдықтаудан басталғаны белгілі. Процестің толықтай таспалануы сотқа қатысушылардың жауаптылығын көтеріп, сот хатшыларының жұмысын жеңілдетуге септігін тигізді. Істі бастан-аяқ жазып, қағазға түсіретін болса сот отырысы хатшыларына қазір істің қысқаша мазмұнын көрсетіп, таспаны бірге сақтаса жеткілікті.

Сотқа түскен талап-арыз, іс-материалдарын компьютермен бөлудің пайдасы да қазір анық білініп отыр. Бұл әдіс судьялар жүктемесіндегі ала-құлалықты жойып қоймай, сыбайлас жемқорлыққа тегеурінді тосқауыл бола білгені анық. Алайда, жаңашылдық бірден жылы қабылданған жоқ. Істердің жаңаша бөлінуіне қатысты «компьютерді де адам басқарып отыр. Автоматты түрде бөлу деген бос әңгіме. Қанша мықты болғанмен, компьютер судьяның қазақша білетінін, орысшаға шорқақтығын қайдан аңғарсын» деп күмән келтіргендер де болды. Мұндай пікірді технологияның мүмкіндігінен хабары жоқ жандардың айтары белгілі. Өйткені, істерді автоматты түрде бөлудің өз тетіктері бар. Ондағы функцияларға сай судьялардың жасы, өтілі, қандай тілді білетіні түгел көрсетіліп, істердің санаттары белгіленеді. Яғни, компьютер күрделі істерді тәжірибелі судьяларға автоматты түрде бөледі. Тұңғыш Президентіміздің соңғы жолдауында мемлекеттік органдар қызметіне озық электрондық технологияны енгізу қажеттігі айтылған. Осы тапсырма сот саласына да қозғау салды. Осылайша тәжірибеге «Виртуалды сот» пилоттық жобасы енгізілді. Бұл жоба азаматтардың уақытын, қаражатын үнемдеп, істерді қарау мерзімін қысқартып, сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. «Виртуалды сот» та халыққа ең керек, ең қолайлы жоба. Сот кезінде азаматтардың процеске арнайы келуі міндетті емес. Енді шалғай ауылда тұратын азамат сот отырысы үшін аудан орталығына, қалаға жол жүрмей-ақ өзінің тұрғылықты жерінен куәгерлік ете алады. Бұл да жаңа технология жетістігінің белгісі.

Ботагөз Өмен,

Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы

Комментарий