Судья мінбері | Судебная система

Кәсібіңді жүргізуге кедергі жоқ

Ағылшындардың ең көне «The Quarterlu journal» экономикалық басылымында бизнесті жүргізуге қолайлы орта қалыптастырған елдердің тізімі жыл сайын жарияланып, жаңартылып отырады. 1886 жылдан бері жарық көріп келе жатқан журналды экономикалық бағдар беруші деп бағалаған дұрыс.

Батыс елдерінің кәсіпкерлері солай атайды да. Себебі, бұл басылым әлемдік банктің «Doing Business» рейтингін көпке таныстырушы. Әлемдік банк сарапшыларының ізденуімен, сауалнама жүргізуімен түзілетін рейтингтің шынайылығына ешкім күмән келтірмейді. Шағын және орта кәсіп иелерінің пікірі мен бизнестегі қол жеткен жетістіктеріне, заңнамаларда қарастырылған жеңілдіктерге қарап қорытынды жасалатындықтан қай елдің кәсіпті дамытуға ыңғайлы әрі қауіпсіз екенін пайымдау оңай. Мұндағы назар айдарылып отырған 10 индикаторға сәйкес, әр елде кәсіпті тіркеу, құрылысты жүргізуге рұқсат алу, жеке меншікті тіркеу, инвесторларды қорғау, салық айналымы, халықаралық сауда, келісімшарттардың орындалуы, төлем қабылеті төмендерге қолдау, электрмен қамтамасыз ету жүйесіне қосылу тетіктерінің қаншалықты ыңғайлы жасалғанына ден қойылады.

Рейтингке қатысуға өтініш білдірген еліміз соңғы жылдары жоғарыдағы индикаторлық көрсеткіштерді көтеру мақсатында көлемді іс-шаралар атқарып жатыр. Ынтымақтаса жасалған жұмыстың нәтижесінде биылғы жылы 28 орынға табан тіредік. Кейбір көрсеткіштер бойынша Швейцария, Түркия, Польша елдерін артта қалдырған Қазақстанға биіктен көріну үшін әлі де жұмысты ширатқан жөн. Әсіресе, кәсіпкерлерге қаржылық, моральдық қолдау көрсетуге жол ашатын заңдық базалар үнемі толықтырылып, жетілдіріп отыруды қажет етеді. Отандық кәсіпкерлердің аз уақытта өз мақсаттарына жеткенін көрген шетелдік сарапшылар да Қазақстанды инвесторлар үшін тиімді аймақ санайды. Осы межемен тоқтап қалмай, өзгелер үшін ең тартымды әріптес болуға көмектесетін тетіктерді әлі де енгізе берсек ұтарымыз көп.

Абылай Абуов,

Алматы қаласы Әділет департаменті Наурызбай ауданы аумақтық бөлімінің басшысы

 

Комментарий