Судья мінбері | Судебная система

Сингапурдың отбасылық соты біздер үшін озық үлгі

Отбасы – мемлекеттің күретамыры. Бір шаңырақ астындағы туыстардың өзара сыйластығы, бір-біріне деген құрметі Отанға, елге деген жанашырлықтың негізін құрайды. Отбасы – үлкеннің кішіге деген қамқорлығын, кішінің үлкенге деген сүйісеншілігін қалыптастыратын, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін орта. Осы ортада татулық пен тыныштықтың  орнығуы ұлт тәрбиесінде ерекше маңызға ие. Сондықтан да, өркениетті елдер отбасылық үйлесімнің бұзылмауына ерекше мүдделік танытады. Ұрпақ өсіріп отырған отбасыларға қолдау көрсетіп, материалдық жоқшылықтың зардабы ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастың салқындауына алып келмеуі үшін, бала болашағында ізін қалдырмауы үшін үнемі оң мен солды терең сараптап отырады. Мұндай елдерде қорғаншылық, қамқоршылық органдарының қызметі бір жүйеге түсіріліп, кәмелетке толмағандарға қатысты істерді қараудың арнайы тәртібі жасалған. Мемлекет келешегін жанұя жарасымдылығымен байланыстырған елдердің отбасылық соттарды тәжірибеге енгізуінің мәні осында жатыр. Соның ішінде Сингапурдағы отбасылық сот жұмысының тәжірибесі біздер үшін озық үлгі.  

Дамыған елдердің жетістігі мен кемшілігінен сабақ ала отырып, отбасылық сот жобасын қолға алғанымызға да көп өте қойған жоқ. Дәл осындай соттардың дүниеге келуіне себеп жеткілікті. Әсіресе, Қазақстандағы неке бұзу деректерінің көптігі, әрбір үшінші жұптың ажырасып, екі жаққа кетуі, әкесіз балалардың өсуі жаңа соттың негізін қалауға түрткі болған еді. Некесіз туылған балалар, азаматтық неке секілді  ұғымдар қазақ қоғамына мүлде жат. Бірақ, бүгінгі шындық отбасылық тәрбиеде ақтаңдақтың барын алға шығарып, мәселені жедел шешу қажеттігін меңзеуде. Елдің, ұрпақтың ертеңін таразыға түсіретін мұндай түйткілге көз жұмып қарауға болмайды.

«Тәртіп пен заң өзгерсе де отбасылық құндылықтар өзгермейтін киелі әрі мәңгілік құндылықтар. Барлық жақсылық атаулы отбасынан бастау алады. Көшеде, қоғамдық орындарда орын алатын қатігездіктің түп тамыры отбасында болған жағдайлардың көрінісі», – деген Жоғары Сот төрағасы Жақып Асанов отбасылық соттардың жұмысын жандандыру қажеттігін алға тарта отырып, жаңа жоба өз мақсатына жетуі үшін «Отбасымен және балалармен жұмыс істейтіндіктен, отбасылық дау-жанжалдарды шешу бойынша судьялардың айрықша тәжірибесі болуы тиіс. Бұл жұмысқа психологтарды, қақтығыстанушыларды, медиаторлар мен басқа да мамандарды тарту қажет» деген пікірін білдіргені есімізде. Шынында да, отбасылық сот өзінің түпкі көздегеніне жетіп, жанұялық жылылықтың себепшісі болсын десек, мұндай істерді қарайтын судьяларды да салаға бейімдеп, спихологтар мен медиаторлардың көмегіне жүгіну артықтық етпейді. Ең бастысы, отбасылық соттарда істерді қарағанда баланың мүддесі, баланың қалауы, баланың тілегі бірінше орында тұруы тиіс. Біз тәжірибесіне үңілген Ұлыбританиядағы отбасылық соттардың қызметі дәл осы бала тағдырына негізделген.

Отбасылық соттардың артында ұлттық идеология, мемлекеттің ертеңі тұрғанын ұмытпауымыз керек.

Райхан Сартаева,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

 

 

Комментарий