Судья мінбері | Судебная система

Татулық – табылмас бақыт

Сот ғимаратына келіп, өзінің құқығын қорғаймын деген азаматтардың санында шек жоқ. Дау қуғандар қатарының жыл өткен сайын көбеюі жақсылықтың белгісі емес. Татулықты табыстың кілті санайтын қазақ елінде мұндай жағдайдың қалыптасуы түйткілді шешудің тың жолдарын іздеуге түрткі болғаны рас. Әсіресе, бұл мәселеге Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов ерекше назар аударып отыр. Өйткені, болмашы нәрсені сылтау етіп сотта бет жыртысу екі тарапқа ғана зиянды дей алмаймыз. Оның салдары істі қарайтын сот органдары үшін де, екі тараптың жақындары үшін де ауыр.

Жалпы, дауласудың соңы құрдым. Өмірлік тәжірибе көрсетіп отырғандай жаманшылық тез тарайды. Оған артық жарнаманың, үгіттің қажеті жоқ. Мысалы,  мемлекеттік қызметкер мен тұтынушы арасында түсінбестік туындады делік.  Тұтынушы өзіне қажетті қызметтің жедел де сапалы көрсетілгенін қалап, кейде эмоциясын сыртқа шығарады. Жұмыс жүктемесінен шаршаған мемлекеттік қызметкердің де мұндайда қызмет этикасын естен шығарып, қызбалыққа салынуы мүмкін. Бірақ дәл осы келіспеушілікті сотқа дейін апару қаншалықты қисынды? Екі жақ ашуға алдырмай, ақылға салса, кесім айтқаннан гөрі, кешірімді болуға тырысса соттасуға кеткен уақыт пен қаржы үнемделіп, жүйке шаршамас еді ғой. Алайда, мемлекеттік қызметкер ісін сотқа дейін жеткізіп, міндетін дұрыс орындамағаны үшін мысының басылғанына куә болған тұтынушы тәжірибесі басқаларға да ой салады. Тіпті қарсы тараптың әдейі ашуына тиіп, жанжалға тиермелеп, онысын таспаға жазып алатындар да табылып жатыр. Бұл енді досы түгіл, дұшпанына жақсылық жасауға тырысқан халықтың ұрпағына сын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Татуластыру: сотқа дейін, сотта» деп аталатын пилоттық жобасы азаматтар арасындағы татулықты дәріптеуді, даукестікті азайтуды көздейді. Жүзеге асқанына көп уақыт өте қоймаса да бұл жоба өзінің тиімділігін, қажеттігін қазірдің өзінде анық аңғартып үлгерді. Ашудың жетегіне еріп сотқа арызданғандардың басым бөлігі сот процесінің ұзақтығы мен қымбатқа түсетінін, татуласудың ұтымды тәсіл екенін пайымдай бермейді. Соған орай бүгінде барлық соттардың жанынан медиатор бөлмелері, медиация бұрыштары ашылған. Татуластыру жұмысына кәсіби және кәсіби емес медиаторларды тартуға, адвокаттардың көмегін пайдалануға қадам жасалуда. Ағайынның арасында беделі бар ардагерлерді ортақ іске тартып, даукестікті төмендету үшін жер-жерде Билер кеңесі құрылып, белсенді жұмысқа кірісіп жатыр. Сонымен қатар, татуластырудың тиімді тұстары бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен кең көлемді насихатталып келеді.

Десек те, Қазақстан Республикасындағы татуластыру рәсімдерінің өміршеңдігі кәсіби медиаторлар, судьялар мен адвокаттарға ғана байланысты болып отырған жоқ. Жобаның өз мақсатына жетуі қарапайым азаматтардың өзіне тікелей байланысты. Өйткені, медиацияны, татуластыру тәсілдерін таңдау арқылы тараптар дауды баламалы жолдармен шешіп, уақытын, қаржысын үнемдейді, сыйлы қарым-қатынасты сақтап қалады.

Осы жерде тағы бір ерекше атап өтерлігі, тараптарды татуластыруға тек сот органдары ғана емес, басқа да құзырлы орындар ынта танытса нәтиже біз күткендегіден де жоғары болар еді. Ол үшін ең әуелі медиацияның негізгі қозғаушысы саналатын кәсіби медиаторлардың санын көбейтіп, олардың білімін, білігін көтерген орынды. Сонымен бірге, медиаторлар жұмысына төленетін қаржыны заңдастырған да артықтық етпейді. Бұл жаңа жобаның тиімділігін бұрынғыдан да еселей түсері даусыз.

Сөздің түйіні, бабаларымыз «Атасы бірдің арасындағы араздақ өшпейді, Анасы бірдің арасындағы татулық көшпейді» дейді. Сол айтпақшы, біз де бір ананың балаларындай бір-біріміздің қатемізді термей, жақсылықты асырып, жамандықты жасыруға тырыссақ елдегі дау қуғандар қатары да айтарлықтай азаяр еді.

А.Жиренчин,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

 

Комментарий