Судья мінбері | Судебная система

Қазақ тіліне қажеттілік артып келеді 

Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары тіліміздің тағдыры қиындау болғаны рас. Сондықтан сол кездің өзінде-ақ ұзақ жылдарға созылған кешенді бағдарламаның арқасында қазақ тілінің қоғамымыздағы дәрежесі мен мәртебесін айқындау қажеттілігі туындаған болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама іске қосылған кезден бастап бүгінгі күнге дейін қоғамымызда қазақ тілінің мәселесін шешуге арналған қыруар істер атқарылып, нәтижесінде ана тіліміз – қазақ тілінің мәртебесі биіктей түсті. Қазақ тілінің қоғамымызда қолданыс аясы кеңейіп, мемлекеттік тіл ретінде өзін мойындатып, нағыз қажет тілге айналды.

Бүгінде «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» саясатын ұстанған еліміз үштілділікке де жете көңіл бөліп отыр. Осы орайда елімізде қазіргі таңда үш тілде қатар сөйлейтіндердің қатары 20,5 пайызға жеткен көрінеді. Алдағы уақытта тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының аясында бұл статистика тіпті жақсара түседі деген үміт зор! Жалпы тіл мәселесіне келгенде еліміз байыпты түрде, халық арасында қазақ тілін насихаттай отырып, қолданыс аясын кеңейтіп, оның тұрғындар арасында қажеттілігін арттыруға көңіл бөлгені байқалады. Елбасының осынау сарабдал саясатының арқасында мемлекеттік тіліміздің де мәртебесі биіктеп келеді. Елімізде мемлекеттік қызметшілердің де мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынта ықыласы жоғарылау үстінде. Жалпы біз тіл мәселесіне келгенде жан жақты мәселені зерттеп, асықпай аптықпай, ешкімге мемлекеттік тілді тықпаламай, ақырын жүріп, анық басып келе жатқан елміз. Бұл дұрыс бағыт екенін,  межеге жетудің дұрыс жолы екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Сондықтан соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде жүргізілетін құжат айналымы, атап айтқанда кеңсе құжаттары, ведомствоаралық құжат айналымы, статистикалық-есептік және қаржылық құжаттамалардың мемлекеттік тілге көшуінде ілгерілеушілік байқалады. Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу тiлдердi дамыту мен қолдануға қатысты мемлекеттік бағдарламаның бір тармағы десек те болады. Бүгінде мемлекеттік тілдегі іс қағаздарын жүргізу орталық атқарушы органдарда – 90 пайызға жақындаса, жергілікті атқарушы органдарда – 93% пайыз екен.  Аталмыш бағдарламаның тиімді орындалуына орай 2014-2016 жылдар аралығында барлығы 88 баспа жобасы жарық көрген. Олар оқу-әдістемелік құралдардан, әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларынан, танымдық, ғылыми-публицистикалық, балаларға арналған кітаптардан тұрады. Қазақ тіліндегі мұндай құнды кітаптардың көбеюі үлкен жетістік. Олар тілді үйренуде көмекші құрал болмақ. Тілді үйренгісі келетіндер үшін таптырмас көмекші, тиімді құралдар болып саналатын мұндай баспаларға сұраныс та жоғары болып отыр.

Сондықтан алдағы уақытта тілді дамытуға арналған кешенді бағдарламалардың арқасында тіліміз өзінің қанатын әлі де кең жая түсетініне сенеміз.

А.Э. Айткожа, Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотының жетекші маманы

Комментарий