Судья мінбері | Судебная система

Ажырасудың алдын алуда медиацияның көмегі зор!

Дамыған отыз елдің қатарына ену үшін жасалған Ұлт жоспарында заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында, әсіресе сот саласына үлкен мән берілді. Оның ішінде сот ресімдерін оңайлату жағы айтылып, бірқатар тапсырма берілген болатын. Осы бағытта бүгінде еліміздің соттарында медиация әдісі жиі қолданылуда. Әсіресе медиация жүйесінің ажырасудың алдын алуда, некені бұзу туралы талаптарды азайтуда өзінің оң әсерін тигізуде. 

Яғни, сот қарауына жіберілген кейбір істер сотқа жетпей, екі тараптың бітімгершілікке келуінен жабылады. Мұндай әдістің сот ісіне үлкен көмек екені қазіргі уақытта дәлелденіп отыр. Бізде медиацияны пайдаланудың алғашқы талпынысы отбасылық қатынастар саласындағы дауларды шешу барысында жасалды. Кейіннен медиация отбасылық даулардан бастап коммерциялық және жария саладағы көп тарапты күрделі дауларды шешуде де табыспен қолданылып, мойындалды. Қазіргі кезде Қазақстанда әрбір  үшінші  неке ерлі-зайыпталардың  ажырасуымен аяқталады екен. 

Британдық «Economisrt» басылымының 2015 жылғы статистика  мәліметтеріне сүйенсек,  ажырасу  саны жағынан  көрші Қырғыз елі әлем бойынша  48-ші орында, 1 миллиардтан астам халқы бар Қытайда мың адамға шаққанда  ажырасу көрсеткіші 1,8 болса, ал  17  миллион ғана  халқы бар Қазақстан  бірінші  ондыққа кірген (1000 адамға шаққанда  ажырасу көрсеткіші – 2.8).

Сот тәжірбиесіне жүгінсек, ажырасудың  негізгі себептері –  ерлі-зайыптылардың  тұрмыста бірін-бірін түсінбеуі, олардың біреуінің  араққа салынуы немесе опасыздық жасауы, зорлық-зомбылық көрсетуі,   отбасындағы  материалдық  қиыншылықтар.   

Әрине,   заң  тұрғысынан алғанда  неке қию (ерлі-зайыпты болу)   еркек пен әйелдің, ал осы некені (ерлі-зайыптылықты) тоқтату ерлі-зайыптылардың өз еріктері. Алайда,  қоғамдағы мінез-құлық ережелері бекітілген әдептілік  қағидалары,  дін  уағыздары, кез-келген  мемлекеттің  саясаты   ажырасуға қарсы. Тек,  белгілі-бір жағдайларда ғана  – некедегі ерлі-зайыптылардың біреуі зорлық-зомбылық көрсетсе немесе онымен бірге тұру  жұбайының, балаларының  және  өзге де  отбасы мүшелерінің,   өміріне, денсаулығына қауіп төндірсе,  қандайда бір психологиялық  қысым көрсетілсе  ажырасу  абзал ғана емес, міндетті. Ондай  некені дер кезінде бұзбаса, арты қандайда бір қайғылы оқиғаларға соқтыруы мүмкін. Ажырасу туралы арыз ерлі-зайыптылардың екеуінің қатысуымен қаралып, олардың  өзара қатынастарын, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы мәселенің себептерін, ерлі-зайыптылардың арасындағы алауыздықтың нақты себептерін жан-жақты анықтап,  мүмкіндігінше екі жақты  татуластыру қажет. Ал, татуласпаған жағдайда ғана ерлі-зайыптылар сотқа талап арыз  беру құқығын пайдалануы керек. 

Осындай тәртіппен ажырасудың санын азайтуға болар еді.  Себебі, ерлі-зайыптылардың  ажырасу  көп жағдайларда   бала тәрбиесіне  кері әсер етеді.

Әрбір ата-ана   баласының жақсы тәрбиеленуіне, міндетті орта білім алуына,  дене бітімі, психикалық, адамгершілік жағынан және рухани дамуына қажетті өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жауаптылықта болады. Ал, ата-аналарының арасындағы некенің бұзылуы  ең алдымен   балаларына  моральды жағынан ауыр тиетіні сөзсіз.Қазақстандағы әрбір баланың отбасында тәрбиеленуі және өмір сүруі, ата-ана қамқорлығына бөленуі  және олармен бірге тұруы  заңды құқығының бұзылуына жол бермеу керек.

Утеубаев Канат Талгатбекұлы, Алматы қаласы Алмалы аудандық №2 сотының судьясы|

Комментарий