Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

Бала асырап алу жауапкершілігі күшейді 

Жанар БЕИМБЕТОВА, Алматы облысының №2 кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы

– Жанар Адайбекқызы, осыдан біраз бұрын елімізде бала асырап алу жауапкершілігін күшейту мәселесі көтерілген еді. Осы тұрғыда заңнамаға қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді?

– Құқықтық мемлекеттің бәрінде заңнамалар уақыт талабына сай толықтыруларға, түзетулерге ұшырайды, оларға әртүрлі өзгерістер енгізіліп те отырады. Таяуда «Соттардың бала асырап алу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы» осыдан бес жыл бұрын қолданысқа енгізілген нормативтік қаулысына баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана бала асырап алу туралы арыз берген адамның баланың заңды өкілі құқықтарына ие болатынын нақтылаған түзету енгізілді. Бұл ретте «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 1-бабы 1-тармағының 12-тармақшасын назарға алған жөн. Сөз реті келгенде айта кетсем, арыз беруші дегеніміз – қорғаншы немесе қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-ана болып табылады. Екіншіден, осыған дейін бала асырап алу туралы азаматтық істерді қарау барысында арыз берушілер туыстық қатынастарын арыздың мәтінінде ғана көрсететін. Қазіргі таңда, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес, балаларды туыстары асырап алған кезде арызда бала асырап алушылардың балалардың биологиялық ата-аналарымен туыстық байланыста болғаны туралы мәліметтер көрсетілуі және оған баланың биологиялық ата-аналары мен бала асырап алушылар арасындағы туыстық байланысты растайтын құжаттар (туу туралы куәліктер, тегін ауыстыру туралы құжаттар, туыстық қатынастарды анықтау туралы сот шешімдері және т.б.) қоса берілуі тиіс. Асырап алынатын баланың туыстарына жататын адамдар тобын айқындау кезінде сот жоғарыда аталған кодекстің 1-бабы 1-тармағының 36-тармақшасын басшылыққа алады. Соған сәйкес, үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейін ортақ ата-бабалары бар туыстық қатынастағы адамдар туыстар болып табылады. Туыстық байланыстарды растайтын дәлелдемелер болмаған кезде, арыз қанағаттандырылмайды. Мұндай жағдайда бала асырап алуға өзге де кедергілердің жоқтығы заңды маңызға ие болмайды. Арыз берушіге бала асырап алу үшін заңда белгіленген рәсімді сақтау қажеттігі туралы түсіндірген жөн.

– Егер зайыбы бала көтере алмаса, еразамат ұрпақ көшін жалғау мақсатында өзге әйелден туылған баласын заңды некедегі зайыбының келісімімен асырап алуына бола ма?

– Баланы асырап алу кезінде арыз берушінің жұбайының осы балаға қатысты әкелігі анықталса, арызға әке болуын растайтын молекулярлық-генетикалық сараптаманың қорытындысы қоса берілуі тиіс. Мұндай қорытынды болмаған жағдайда, арыз АПКнің 148-бабы, 2-тармағы және 268-бабының талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты АПК-нің 152-бабы, 1-тармағы, 3- тармақшасына сілтеме жасай отырып, қайтарылады. Сонымен қатар мемлекеттік жеңілдіктер мен артықшылықтарға қол жеткізуге, үкімді орындауды кейінге қалдыруға және бала асырап алуға қатыссыз өзге де артықшылықтарды алу үшін көп балалы ана немесе көп балалы отбасы мәртебесін алу мақсатында бала асырап алу фактілерін болдырмау үшін сот істі сот талқылауына дайындау тәртібімен бала асырап алу уәждерін анықтағаны жөн. Істі сот талқылауына дайындау кезінде судья баланың мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында аталған адамдарды толығымен іске қатыстыру туралы мәселені шешіп, іске қатысуға биологиялық ата-аналар тартылған кезде, бала асырап алудың құқықтық салдарын түсіндіруге міндетті.

– Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу, олардың денсаулығын, психикалық жағдайын жақсарту мәселесі заңмен қорғала ма?

– Қазақстан аумағында тұрақты тұратын жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан азаматтарын психологиялық даярлаудың міндетті екені «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 91-бабының 4-тармағында анық жазылған. Осы кодекстің 84-бабының 1-тармағы, 91-бабының 1-тармағына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға қатысты бала асырап алушылардың асырап алынатын баланың толық тән саулығы, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуын қамтамасыз ету мүмкіндіктері ескеріле отырып, ортақ мүддеге сай асырап алуға жол беріледі. Бала асырап алу кезіндегі балалардың мүдделерін естен шығармай, оларды тәрбиелеу және жан-жақты дамыту үшін қолайлы жағдайлар материалдық, моральдық сипатта жүзеге асырылуы керек. Қорыта айтқанда, бала асырап алу туралы шешім шығару кезінде соттар үлкен жауапкершілікті арқалайды. Бала тағдыры ет жүрегіңізден сан мәрте еленіп, санаңызда сан сараптан өтеді. Басты назарда бала асырап алушының, сондай-ақ онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің адамгершілігі, мейірімділігі, жалпы, адами құндылықтарының бар-жоғы анықталады. Жұмыстағы, тұрмыстағы мінез-құлқын сипаттайтын мәліметтер, қылмыстық, әкімшілік жауаптылыққа тарту фактілері, т.б. тексеріледі. Бала асырап алушы мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің денсаулығы, отбасында қалыптасқан өзара қарым-қатынастары да назарымыздан тыс қалмайды. Бала асырап алушы мен бала арасында туындаған өзара қарым-қатынасы, бала асырап алу мәселесі бойынша отбасы мүшелерінің көзқарасы ескеріледі. Сонымен қатар болашақ бала асырап алушылардың материалдық және тұрғын үй жағдайлары заң шеңберінде тексеріліп, ескерілетінін баса айтқым келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Заң газеті»

Комментарий