Жаңалықтар | Новости

Алматыда 10 мыңнан астам адам емхана ауыстырды

Қазақстанда жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны аяқталды. Биылғы кампания кезінде 10 мың алматылық емхана таңдау құқығын пайдаланды. Бұл туралы бүгін арнайы брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады. Алдын-ала мәліметтерге қарағанда, тіркеу науқанына қатысқан азаматтар саны былтырғы жылмен салыстырғанда біршама артқан.

Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, биылғы тіркеу кампаниясына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 79 емхана қатысты. Оның 40 – жеке меншік. Соның ішінде 5-еуі – мемлекеттік тапсырыс пен МӘМС пакеті шеңберінде қызмет көрсетушілер тізіміне жаңадан қосылғандар.

«Бұл мемлекеттік емханалардың жүктемесін азайтып, халықтың таңдау мүмкіндігін арттырары сөзсіз», — деді филиал директоры. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсететін емхана санының артуы кезекті қысқартып, жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін азайтуға көмектеседі. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін жаңа учаскелер ашу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

«Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін жалпы практика дәрігерлерінің жүктемесін ескере отырып, 2021 жылдың 1-қаңтары мен 1-шілдесі аралығында Алматы емханаларында қосымша 15 учаске ашылған болатын. Жалпы, қала бойынша бүгінде 989 учаске жұмыс істейді», — деді Алматы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали.

Айтуынша, басқармаға қарасты медицина ұйымдарында анестизиолог-реаниматолог, жалпы практика дәрігері, педиатр, учаскелік терапевт, балалар мен ересектер невропатологы, акушер-гинеколог сынды тағы да басқа мамандар тапшы.

«Қазіргі таңда медициналық оқу орындарын бітірген 723 маманның 373-і жұмысқа орналастырылды. Оған қоса, 3800-ге жуық студент медицина колледждерін тәмамдады, оның 264-і грант негізінде білім алған. Қазір осы мамандарды жұмыспен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, маман тапшылығын жою мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы қабылданған болатын», — деп қорытты Лаура Мырзағали.

Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, еліміз бойынша 19,4 млн астам адам емханаларға тіркелген. Алматы қаласында бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының тіркеуінде тұрған азаматтар саны 2,1 миллионнан асады.

Естеріңізге сала кетсек, тіркеу науқаны қыркүйектің 15-інде басталып, 15 қарашада аяқталған болатын. Бірақ таңдау жасап үлгермеген азаматтар емхананы кампаниядан тыс уақытта да ауыстыра алады. Атап айтқанда, басқа жерге қоныс аударғанда, емхана қайта ұйымдастырылса немесе Медициналық сақтандыру қорымен келісімшартты бұзған жағдайда да өзге емханаға тіркелуге болады. Сонымен қатар, әр тұрғынның емхананы жылына бір рет еркін таңдау құқығы бар.

Комментарий