ДетективЖаңалықтар | Новости

ҚАРА ПАКЕТТІҢ «ҚҰПИЯСЫ»

ІІІ. Қақпан

Көз жасы құрғап, күмән-күдігі мен қорқынышын сабырға жеңдірген Әсем баласын әлдекімдердің ұрлап әкетіп, енді соны «сатып ал» деп талап етіп отырғанын түсінді. Хатта жазылған талапты да бұлжытпай орындады. Әуелі подъездің қасындағы бөлменің шамын түнде 7 рет өшіріп-жағып, шартпен «келіскендігін» білдірді. Ертесіне қара пакетке салынған 10 000 және 20 000 теңгеден тұратын, барлығы 500 мың теңге болатын ақша да «Дельфин» бассейніне көтерілетін екі баспалдақтың оң жақтағысының алаңшасында жатты. Бірақ… Бірақ уәделі уақытта қара пакетті алуға ешкім келмеді. Сірә, қарақшылардың иісшіл тұмсығы бірдеңені сезіп қойса керек. Ал кешке қарай үйге кіріп келген Димашты көріп Әсем есінен танып қала жаздады. – Димашжан, қайдан келдің? Полицейлер құтқарды ма? – Ешқандай полицияны көргем жоқ, мама. Мен Асқар, Марат ағалармен бірге өзім келдім. – Марат, Асқар дейсің бе? Оларың кімдер? – Жаңа достарым. Түнде солардың үйінде болдым. Баласының аман-сау келгеніне әлі де сенбей, оның басынан сипап, бетінен сүйіп, аяқ-қолдарын қайта-қайта ұстап көріп жатқан Әсемнің саусағына осы кезде Димаштың төсқалтасынан шеті шығып тұрған қағаз ілінген. Тағы да қарақшылардың хаты. «Бұлар бізден енді не талап етіп отыр екен?» деген ойдан жүрегі секем алып, оқи бастады.

«Сіздер бізді алдап, алдын ала келіскен жерімізге бір топ «менттерді» топырлатып қойдыңыздар. Бірақ біздің адам «ғашықтардың» рөлін ойнап, өтірік сүйісіп тұрған ҰҚК қызметкерлері мен «Жасыл Тараз» ЖШС-ның көше тазалайтын сары күртешелерін киіп, саябақтың жолын сыпырған боп жүрген бір топ полицейлерді сезіп, баспалдақтың маңайына жолаған жоқ. Сіздердің жолдарыңыз болды! Ал біз ұтылдық. Сіздің ұлыңыз үшін ініміз екеуміз 20 000 теңгеден астам ақша жұмсадық. Хошсау болыңыздар!» Әсем көз жасына ерік берді. Қуаныштың жасы. Күйеуін де, енесін де, Димашты да құшақтап сүйе берді. Сүйіп жүріп «Уһ, бәрі жақсы болды-ау ақыры» деп, тағы жылайды. Көз жасының да жақсысы болады екен. Ол – көңілің елжіреген сәттегі тәубе жасы. Ол – жүрегіңді жаулаған кектің бәрін ұмытып, кеудең ашылып, бір кең тыныс алған шақтағы кешірім жасы. Айтпақшы, ана ретінде мына заманға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «мейірімді» қарақшылардың әрекетін кешіре алар ма еді? Қайдам. Дәл қазір бұл туралы ойлап, пәлсәпа соғуға әл-дәрмені жоқ. Ал Димаштың әжесі Бұлбике апай да немересін айналып-толғанып жаны қалар емес. Еркебұлан да бауырын әбден сағынып қалған екен, інісінің жанынан өбектеп шықпай жүр. Димаштың ғана ойында түк жоқ. Сірә, ол өзінің бір тәуліктен астам уақыт бойы «тұтқын» болғанын да сезбеген болуы керек.

ІV. Тергеушінің сыры

Шынымды айтсам, «кәнігі қарақшы» деп жүргенім ауыздарынан ана сүті кеппеген жасөспірімдер екен. Мен айтқандай есімдері де Марат пен Асқар емес, мүлде басқа. Бірақ қалалық соттың үкімі шықпайынша олардың аты-жөндерін жар салып, жария етуді жөн көрмей отырмын. Бәлкім, шытырман оқиғалы кітап кейіпкерлері сияқты құпия боп қалғаны да дұрыс шығар. Тергеу кезінде көп жайға қанықтым. Олар бұл іске бұзақылығынан немесе ақшаны күн сайын қажет ететін нашақорлығынан, тіпті, О. Генри сияқты атақты жазушыларды көп оқығандығынан бармапты. Әкесі қайтыс болған, ағайын-туыс дегеннен мүлде ада. Үйінде ағайынды екеуі ғана. Анасы аурушаң. Сүйектерінің бәрі қисайып кеткен.

Емделмеген тәупі, қаралмаған дәрігері де кемде-кем. Ал үнемі ем-дом алып отыруға мүгедектігі үшін берілетін азғантай ғана ақша жетпейді. Балалардың жанын жегідей жеп қинаған, міне, осы ана ауруының мәселесі екен. Хатты оқыған кезде-ақ күдіктілердің сауатты екенін байқадым. Ондағы «сіз» деп басталып отыратын «сыпайылық» та таңғалдырмай қойған жоқ. Ойым алдамапты. Мектептегі оныншы мен сегізінші сыныптарда оқитын «қылмыскерлерімнің» оқу үлгерімдері кілең «4» пен «5» екен. Әсіресе, әдебиет, тарих, география және спорт сабақтарынан өте жақсы. Сосын… «егер олар байлардың ақшасына көзінің сұғын қадаған тісқаққан қарақшы болса, онда неге бар болғаны 500 мың теңге талап етті?» деп ойладым. Тіпті, таңғалдым. Мұндай ақша Димаштың атаанасы сияқты кәсіпкерлер үшін мына тұрған Түркияға бір барып келгендеріне де жетпейді емес пе? Ауыз жарымайтын теңгеге бола басын бәйгеге тіккен неткен адамгершілігі зор ұрылар бұл? Димаштың әкесімен де сөйлестім. – Мен бұларды «қайтсеңдер де түрмеге қамаңдар» деп ешкімнен талап етпеймін. Ондай қатыгезің мен емес. Уақытылы тамақтандырып, ойнатып, жақсылап күтіп-баққандары сонша Димашым оларға бір күннің ішінде бауыр басып қалыпты. Үйге қайтқысы да келмеген, әуелі. – Судья сізбен ақылдаспайды ғой. – Оның рас. Бірақ сот ауыр жаза қолданса, олардан болашақта жақсы адам шықпайды – Мінез-құлықтары өзгеріп, қазіргіден де жаман боп кетуі мүмкін дейсіз ғой. – Сосын ғой соттатқым келмей отырғаны. Одан да оқысын, жұмыс істесін, мен сияқты үлкен дәулетке қол жеткізсін. Үйленсін, бала-шағалы болсын. Бірақ күндердің күнінде олардың баласын да өздері сияқты ақшадан тарыққан біреулер ұрлап ап кетсін. Міне, сонда ғана олар Алла тағала мен ата-ана алдындағы кінәсін түсінеді. Бауыр еті – баласы үшін ата-анасының қандай азапқа түсіп, қандай қасірет шегетінін сонда ғана ет жүрегі езіліп отырып сезетін болады. Димаштың әкесінің «Ананың қарғысы – боқ, әкенің қарғысы – оқ» деген сөзден хабары бар ма, жоқ па білмеймін, бірақ оның ойынан жүрегім мұздап кетті. Оған Асқар мен Мараттың «Димашты өлтірмек тұрмақ, оған қолымызды да көтере алмас едік. Ал хаттағы суық сөздерді ата-анасы қорқып, болмашы ғана ақшаны у-шусыз әкеп берсін деп жаздық. Бірақ олардың полицияға хабарлағандарына қарағанда сөздеріміз соншалықты қорқынышты боп шықпаған сияқты. Сірә, бізден дені дұрыс қарақшы шыға қоймас» дегенін айтқым кеп отырғам, бірақ айтпадым. Дұрысы айта алмадым. Жас тергеуші үшін мұндай мінез керек пе, жоқ па білмеймін, бірақ тергеу барысында хаттамаға кірмей қалған тағы бір құпияны Димаштың әкесінен жасырып қалдым. Неге екенін қайдам, Димаштың анасы Әсем де, әкесі Сұлтан да, әжесін қойшы, «Ау, біздің Әлия деген туысымыз бар екенін, сосын пәтеріміздің бір бөлмесі подъездің қасына орналасқанын қарақшылар кімнен сұрап біліп алды?» деп неге бір рет ойланбады? Қайдан білейін, ойланса ойланған да шығар. Бірақ «отбасымыз жайлы ақпарат өз үйімізден шығуы мүмкін-ау» деп айтады дейсің бе тергеушіге? Міне, гәп қайда? Оқиғаның ұшы қайда жатқанын Марат оқитын сыныптың журналынан Еркебұланның аты-жөні де сопаң етіп шыға келгенде-ақ жүрегім сезіп, қойын дәптеріме түртіп қойғам. Тіпті, екеуінің жұптары ажырамайтын дос екенін де айтып берген оқушылар. Ал Сұлтан ағай болса өзінің үлкен ұлы Еркебұлан туралы ештеңе демеді. Баласының ұйымдасқан қылмыстық топтың (егер солай деуге болатын болса) «белсенді мүшесі» екенін білгісі де келмеді.

Бірақ тергеу ісі созыла түскенде ол туралы білетін еді, сосын оны өкіне отырып мойындайтын да еді, бірақ абырой болғанда Марат пен Асқар оқиғаны ушықтырмады. Дер кезінде естерін жиып, Димашты үйіне аяқ-қолы сапсау күйінде әкеп тастады. Ендеше «бұл қылмыстың бір жағында үлкен ұлыңыз Еркебұлан тұрған» деп ата-анасының жүрегін жаралағаннан не ұтам? Оның үстіне Марат та, Асқар да азамат екен, қысылтаяң сәтте Еркебұланды сатпады. Жеке бастарын арашалап қалу үшін «Бәріне кінәлі анау» деп оған қарай саусақтарын шошайтпады. Шіркін, Димаштың әкесінің орнында болсам «күндердің күнінде олардың баласын да өздері сияқты ақшадан тарыққан біреулер ұрлап әкетсін. Міне, сонда ғана олар Алла тағала мен ата-ана алдындағы кінәсін түсінеді» деп қарғыс аралас философия соққанша, олардың анасына қаржы-қаражат жағынан қарайласып, ал анау үлкен жүректі екі ұлдың шалыс басқан қадамын кешіріп, тәрбиесіне кірісер ем…

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ ТАРАЗ ҚАЛАСЫ

 

Комментарий