ДетективЖаңалықтар | Новости

ӘДІЛ ҮКІМ

АРАША

«Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан». Қақпаны талдырмаш қыз ашқанда мұның ойына алғаш келгені осы болды. – Жарықтың счетчигін тексерейін деп едім,дегенде, еш күдіктенбестен мұны аулаға қарай өткізген жас қыздың бейкүнә болмысына разы болған. Үй айнала орналасқан счетчикті ашқан болып айналшықтаған жігіт үйде мына жас баладан өзге ешкім жоғын байқады. «Ұрыс та тұрыс бар ма?!» Жылдам қимылмен жүгіріп барып қақпаны іштен жаба қойды да, алаңсыз ұялы телефонына кіріп кетердей үңілген жас қызға жақындады. Лып еткізіп телефонын жұлып алды да, жұдырығымен қыздың жағынан тартып жіберді. Қарулы қолдың екпіні қалақтай қызды мұрттай ұшырды. «Осыдан дымыңды шығарсаң біттің. Өзің де, отбасыңның барлық мүшелерін де қырып саламын. Одан да ақша, алтын-күміс қайда екенін бірден айт, сонда мен саған да, басқаға да тимеймін. Бәрің аман қаласыңдар! Түсінікті ме?». Аузын басып бүк түсіп жатқан қыздың жылауға да, тіпті қорқып айғайлауға да шамасы келмей, үрейлі көзімен басын изей берді. Суырмадағы алтын, бриллиант жиынтықтарды көргенде қылмыскердің көзі тұнды. Бәрін сөмкеге үптей берді. Анасының шкафынан ақша да шықты. Охо! Тоқпейіл ұры ғайыптан кенелген байлыққа жымия күлді. Асықпай жүріп үптеп болды да, алдыңғы қорқытқан сөзін жас қызға тағы бір нығырлап үлкен қоңыр қақпаны ыңыранта ашып шығып кетті. Қорапшадан алған алтын бұйымдары – яғни, топаз тасымен құны 86 000 теңге тұратын алтын сақина мен алтын сырға жиынтығы; құны 80 000 теңге тұратын «изумруд» және «жерлі кварцты қолдан жасалған алтын сақина; құны 10 000 теңге тұратын янтарлы алтын сақина; құны 10 000 теңге тұратын тассыз алтын сақина; құны 12 000 теңге тұратын қызыл, ақ тасты алтын сақина; 25 000 теңге тұратын көкшіл жасыл тасты алтын сырғалар; құны 28 000 теңге тұратын жасыл тасты алтын сырға; құны 28 000 теңге тұратын қызыл дөңгелек тасты алтын сырға; құны 27 000 теңге тұратын қызыл майда тасты алтын сырға; құны 25 000 теңге тұратын қолдан жасалған жасыл тасты алтын алқа; құны 15 000 теңге тұратын қолдан жасалған тассыз алтын алқа; құны 55 000 теңге тұратын қызыл түсті қолдан жасалған алтын сақина; құны 25 000 теңге тұратын тассыз алтын сырға; құны 10 000 теңге тұратын үзілген алтын алқа; құны 25 000 теңге тұратын салмағы 3 гр. сынған алтын; құны 5 000 теңге тұратын қолдан жасалған күміс білезік; жалпы құны 466 000 теңгені құрайтын бұйымдар рюкзакқа сыймай арқасын қарып бара жатқандай. Арам ойының алаңсыз жүзеге асып, бір сөмкеге жуық алтын арқалап бара жатқаны оған тіпті енді бір сәт қанат бітіріп жібергендей. «Ана қыз әзірге ешкімге айта қоймас. Жақсылап қорқыттым ғой. Мен мұның бәрін орталықтағы ломбардқа өткізейін, әлде жайма базарға апарып сатып құтылсам ба екен?!». Қылмыскер сан мың қиялға беріліп, үйден алаңсыз шыққаны аздай, көшеде де алаңсыз алшаңдай адымдады. Бұл адым шындығында оны көкке ұшырып жібергендей. Осы қылмысқа қатысты еш деректің табылмай, қылмыскердің көзден таса болуы, шала тергеудің кесірінен тұзы жеңіл Армандай бейбақтың сорын қайнатты. ШЫРМАУЫҚ Сот кабинетіндегі үстелдердің бірінде жатқан ақ пакетті көргенде Арманның өне бойы мұздап кетті. Тағы да есінен танып қалудан қорықты. Бірақ ол қазының иманжүзді бейнесіне қарап, әділеттің үстемдік құратынынан үміттенгендей болды. Бір жылт еткен сәуле бұған оқиғаның қалай болғанын бастан аяқ айтқызған. Қылмысты күштеп мойындатқаны, өзінің кінәсіздігі дәл осы судьяның алдында айтылуы қажет деп шешті. Бүгін айтылмаса өзінің жазықсыз неше жылды арқалап кете беретіні де белгісіз болатын… Маратәлі Өсербайұлы істі қолына қайта алды. «ҚПК-нің 24-бабының талаптары бойынша сот, прокурор, тергеуші, анықтаушы істі дұрыс шешуге қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шараларды қолдануға міндетті және айыпталушыны әшкерелейтін де ақтайтын да, сондай-ақ оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталуға жатады. Сонымен қатар, қылмыстық істі жүргізетін орган айыпталушының кінәсіздігі немесе кінәлілік дәрежесінің аздығы туралы, сондай-ақ, оларды ақтайтын не олардың жауаптылығын жеңілдететін дәлелдердің бар-жоғы тексеріледі – делінген». Алайда бұл істің тергелуінде заңның осы талаптары сақталмаған, сонымен қатар өрескел бұзылған сияқты. Тәжірибелі судья құқық қорғау органдары тарапынан осындай заңбұзушылықтар орын алғанына іштей қысылды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы және ҚПК-нің 19-бабына сай сотталушының кінәлілігі анық дәлелдемелердің жеткілікті жиынтығымен расталуға тиіс. Бұл істе ондай ізденістер байқалмайды. Бастысы сот талқылауында сотталушы А.Жарылғапов тағылған айыпты толығымен мойындамады және сотқа келесідей жауаптар берді: Ол 15.04.2019 ж. күндізгі уақытта ем қабылдап жатқан Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы туберкулезге қарсы диспансерден екі күнге сұранып шығып, Ақсукент ауылында орналасқан бір кафеге барып спирттік ішімдік ішкенін, осы күні түнгі сағат 23.00 шамасында Түлкібас ауданы, Балықты ауылындағы шипажайда ем қабылдап жатқан таныс қызына жолығу үшін барғанын, таныс қызымен жолыға алмаған соң, ол жерден шығып, шипажайдың алдындағы орындықта мастықпен ұйықтап қалғанын айтты. Ертесіне, сағат 07.30 шамасында оянып, жолшыбай автокөлікке отырып, Балықты ауылының орталығынан түсіп, ақшасы болмаған соң, Састөбе ауылының бағытына қарай жаяу жүргенін,жолдан тағы бейтаныс автокөлікке отырып, ақшасы жоқ екенін айтып, 300 теңге алып, Ақсукент ауылына жетіп алғанын, ертесіне Шымкент қаласына кеткенін баяндады. 08.07.2019 жылы кешкі уақытта Шымкент қаласында орналасқан «Айна» базарынан автобуспен Алматы қаласына шығып кеткен. Қылмыстық іс бойынша кінәсін толығымен мойындамайтынын, ешқандай тонау қылмыстық іс-әрекетін жасамағанын, жәбірленушіні танымайтынын, 09.07.2019 жылы өзін Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Алматы қаласында ауырып жедел жәрдеммен ауруханаға түскен жерінен, аяқтары ісіп тұрғанына қарамастан күшпен ұстап алып, Түлкібас ауданы Балықты ауылына ішкі істер бөлімі тірек пунктіне алып келгендерін айтты. Учаскелік полиция қызметкері Е.Ермеков жібермей сол жерде қолына кісен салып, темірге байлап, сонда кісенделіп, сол жерде түнегенін, ертесіне ол жерге өзге де тергеушілер келгенін, қылмысты жасағанын мойындату үшін жедел уәкілдер мұның аяғын екі жаққа ашып, қолын қайырып қинап, азаптап қылмысты жасады деп мойындатқанын, басына пакет кигіземіз деп, қолдарына ұстап тұрғанын жеткізді. Полиция қызметкерлері оған оқиға орнын, үйді көрсетіп, тағы біреуі мұның басына жұдырығымен ұрып, осы жерді көрсетесің дегенін, оны жәбірленуші трек пунктінде кісендеулі күйінде жерде түнеп шыққан жерінде көргенін арызда жазыпты. Және жауабын бірнеше рет өзгерткен себебі, жедел уәкілдер сотқа дейін де және сот тергеуі барысында да қорқытып, қысым көрсеткендерін, полиция қызметкерлерінің тағы басқа да қылмыстық істермен жауапқа тартамыз деп қорқытқанын, оған жәбірленушінің атасы К.Шымыровты Түлкібас аудандық ІІБ-нің екінші қабатында бір бөлмеде отырған жерінен есігін ашып көрсетіп, мойындамасаң үстіңнен тағы екі арыз жазбақшы деп қорқытқанын айтып көрсетті. ЖӘБІРЛЕНУШІ Жәбірленушінің заңды өкілі Гусинаның айтуынша, кәмелеттік жасқа толмаған жас баланың психикасына да бұл оқиға өте қатты әсер еткен. Жай кезде томаға тұйық қыз осы оқиғадан соң тіпті тұйықталып, сөйлемейтін, айналасының бәріне күдік, қорқынышпен қарайтын болғанын айтқан. Заңды өкілдің берген куәлігінде қыз да өзін ұрып, үйді тонап кеткен азаматтың түр сұлбасын ұмытқан. Әрі күдікті қара көзілдірік, қара кепкада басы жабық спортивкада болған. Бұл оның жүзін жасырып, түрін ажырата алмауға себеп болған. Қыздың тергеушілердің өзіне көрсеткен он шақты адамды да күдіктіге ұқсатып шатастырғаны содан. Ол үйде жалғыз өзі болғанында, сыртқы қақпа қағылғанын, қақпа есігін ашқанда басына қара капюшон мен кепка киіп алған адамның өзін электр энергиясын тексерушімін деп таныстырып, электр есептегіш құрылғы қайда екенін көрсетуін сұрағанын, кері бұрылып үйдің кіре беріс есігінде орналасқан электр есептегіш құрылғысына қарай барғанында, ол ішуге су сұрағанын, су алып келуге үйдің ішіне кіріп, су алайын деп тұрған кезде басына қатты соққы тигенін, содан ұрының үйіндегі бағалы заттар мен ақша беруін сұрағанын, алған соққыдан қатты қорқып жатын бөлмеге кіріп, айна сөресінде тұрған анасының бағалы заттары салынған екі қорапшадағы бұйымдарды пакетке төгіп бергенін, бір қороп қара түсті жоғарғы жағы түрлі-түсті қорапша болғанын, бір қорапшада күміс бұйымдар мен сынған бұйымдар болғанын, екінші қорапшада алтын бұйымдар болғанын айтқан. ҚЫСЫМ Негізгі сот талқылауында Түлкібас аудандық полиция бөлімінің жедел іздестіру қызметкерлері күдіктіге ешқандай қысым көрсетпегенін, қол жұмсамағанын, оның өзінің аяғы ісіп тұрғанын, одан бөлек, сотталушы ұсталғаннан кейін жәбірленушілерге барып ұялы телефоны арқылы күдіктінің суретін көрсеткенін, оларға мүлдем бармағанын және полиция бөліміне шақырмағанын айтты. Жәбірленушінің заңды өкіліне белгілері бойынша ұқсайды деген есепте тұратын шамамен 10 адамның фотосуреттерін тану үшін «Ватцап» арқылы жібергенін мәлімдеді. Бірнеше сот процестері аталған тергеу әрекетінің шынайы, объективті түрде жүргізілгеніне сотты күмәнмен қаратты. Марат Өсербайұлына бұл мәселеге қатысты шешім қабылдау оңай болған жоқ. Адам тағдыры әрқашан бәрінен биік. Оны ешкімнің негізсіз қаралауға құқығы жоқ. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 9)-тармақшасы да осыны айтады. Онда яғни, «ешкiмдi өз мойындауы негiзiнде ғана соттауға болмайды». Осыған байланысты сотталушының өз кiнәсiн мойындауы кiнәлiлiгi iс бойынша жиналған өзге дәлелдердiң жиынтығымен расталған жағдайда ғана айыптау үкiмiнiң негiзiне алынады» және «17-баптағы кiнәсiздiк презумпциясына орай, ҚПК-нің 19-бабына сәйкес айыптау үкiмiн болжамдарға негiздеуге болмайды және ол анық дәлелдердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуы тиiс делінген. Iс бойынша туындаған барлық болжамдар зерттелуге тиiс. Дәлелдердiң арасындағы қайшылықтар анықталуға әрi бағалануға жатады. Сотталушының кiнәлiлiгi жөнiнде сейiлмеген күдiк, сондай-ақ, қылмыстық және қылмыстық iс жүргiзу заңдарын қолданған кезде туындайтын күмәндер оның пайдасына шешiлуге тиiс» делінген. Демек, сот, аталған нормативтік қаулының жоғарыда көрсетілген талаптарын ескере отырып, күдіктінің кінәсін дәлелдейтін анық дәлелдердiң жеткiлiксіздігін ұқты. Енді бір сәт судья өз мінберінде үкім оқып тұрды.  ҮКІМ Амантай Нұржанұлы Жарылқапов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-бөлігінің 1,4-тармақтарымен кінәлі емес деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға қатысуы дәлелденбеуіне байланысты – ақталсын. «Күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы-бұзылып, А.Жарылғапов сот залынан дереу босатылсын. ҚПК-нің 39-бабының негізінде А.Жарылғаповқа қылмыстық процесті жүргізген органдардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан келтірілген зиянды өтеткізу құқығы танылып, зиянның өтелу тәртiбi түсiндiрiлсін. Кәмелет жасына толмаған жәбірленуші Е. Томованың өкілі Г. Гусинаның сотталушы А.Жарылғаповтан 500 000 теңге материалдық және 300 000 теңге моральдық залалды өндіру туралы талап арызы қанағаттандырудан бас тартылсын. Қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамды анықтауға шаралар қолдану үшін қылмыстық іс Түлкібас ауданы прокурорына жолдансын. Іс бойынша сот сараптамаларына жұмсалған шығындар мемлекет есебінен қабылдансын. Жәбірленушінің арызы қанағаттандырылмады. Бұл алайда үй тонаушының жазадан құтылып кеткенін көрсетпейді. Сот әділетсіз үкімнен жазықсыз жанды арашалады. Құқық қорғау органдарының алдында нағыз ұрыны табу міндеті тұр.

Ардақ НҰРҒАЗЫ

ӨМІРДЕРЕК

Аталмыш іске үкімді Түркістан облысы, Түлкібас аудандық сотының төрағасы Бекназаров Маратәлі Өсербайұлы шығарған. Маратәлі Өсербайұлы, 1967 жылы 25 қаңтарда Өзбек ССР, Ташкент облысы Коммунистік ауданында дүниеге келген. 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетін бітірген. Шымкент қаласы №2 сотының судьясы, Түлкібас аудандық сотының төрағасы, Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық сотының төрағасы, Шымкент қаласы, Әль-Фараби аудандық сотының төрағасы, Алматы қаласы, Алмалы аудандық сотының судьясы қызметтерін атқарған. Қазір Түркістан облысы, Түлкібас аудандық сотының төрағасы.

Комментарий