ДетективЖаңалықтар | Новости

ТӨРТ ҚЫЗДЫҢ ТРАГЕДИЯСЫ

Тергеуші, полиция майоры Бақытхан Бәйменов қылмыс болған жерге жеткенде, Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Тастемір Рахимов та келіп үлгерген екен. Оның тергеу ісі жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Бақыт Көпенова, жедел істер жөніндегі орынбасары Сабыр Мұқтаров, криминалды полиция қызметінің бастығы Серікбол Тұңғышбаев, облыстық басқармаға қарасты қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы Алмас Ибраев, қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Мақсұт Нәлібаев, сот-медициналық сараптама бюросының бастығы Қамбар Сексенов те осында. Бесінші қабаттағы үш бөлмелі пәтердің дәлізге жалғасқан қонақ бөлмесінде төрт қыз жайрап жатыр. Оң қол жақ бетте етпетінен түскен қыз пышақ жарақатынан өлген. Жасы шамамен 25-30 арасы. Сол жақта ондардағы кішкентай қыз, оймақтай аузын аңқайтып ашқан қалпы жан тапсырыпты. Одан әрі бойжетіп қалған тағы біреуі шашы қобырап шалқалай құлаған. Төрде бүк түскен қыздың бет-аузы күлтілдеген ісік. Құқық қорғау қызметкерлері куә болған сурет осы. Өксігін баса алмай отырған пәтер иесі жас келіншекті Бақыт Қайыркешқызы жұбатып, мән-жайды сұрады. Оның үзіп-үзіп айтқанынан түсінгені мынау. Есімі – Жанат. Ажырасқан. Түнде, желтоқсанның 30-ында үйде болмапты. Жаңа жыл кешіне кеткен. Сол жақта жақын бір досының үйінде түнеп қалады. Соны алдын ала біліп, ағасының қызы, 11-сыныпта оқитын Бейбіткүлді үйге келіп қонуға шақырған. Ал Бейбіткүл жиен сіңілісі Толғанайды ертіп алыпты. Ол он екі жаста. Ал пышаққа түсіп, етпетінен жығылған Майра үлкен апасының қызы. Қасындағысы оның қызметтес құрбысы, аты Алмагүл. Майра күйеуден қайтқан, қаланың шеткері жағында ата-анасымен бірге тұрады. Кейде жұмыстан кеш қайтқанда осында қонып кететіні бар. Жанат үйге таңертең сағат жетілерден өте келіп, есікті өз кілтімен ашқан. Жатын бөлмеге өтпек боп, залға бас сұққанда қанға бөккен қыздардың үстінен түседі. Зәресі ұшып тұра қашады. Көршілері болған істі полицияға хабарлайды. – Бізге бұл да сын болғалы тұр, – деді Бақыт Қайыркешқызы аса маңызды істер бойынша аға тергеуші Бақытхан Төлегенұлына қарап. – Ал не дейсің, болжамың қалай? – Жаңа сарапшы Қамбар Сексенов құлып өз кілтімен ашылған деді. Демек, келген адам бұларды таниды. Бұл – бір. Екіншіден, қылмыскер жас жігіт болар деп ойлаймын. Өйткені ол анау шалқасынан жатқан жас қызға барған. Сірә, мас болар. Мас болмаса үш қызды аттап бара ма? Бірақ оның қолында пышақ неге жүр? Осы жері түсініксіздеу. – Егер қыз көнбесе, пышақ көрсетіп қорқытпақ болған шығар, – деді тергеу бөлімінің бастығы Сәбит Қармысұлы. – Ол да мүмкін, – деп ойланып қалды Бақытхан. – Сөйтсе сөйткен шығар. Тамағының астын қараңыз. Мойын терісін пышақ сыдырып кете беріпті. Яғни… яғни сіз айтқандай, пышақты алқымына тақаған… Сонда қыз басын дамылсыз шайқай берген. Ал мына кішкентай қыз қылмыскерді таниды. Сондықтан айтып қоймасын деп, бұны да өлтірген. Жаңа криминалист-сарапшы жастықпен тұншықтырған тәрізді деді ғой. Бұл жерге бөтен емес, танитындар келген деген ойымды бұл да қуаттайды. Қылмыскер бір адам ба, әлде екі адам ба? Сол жағын болжай алмай тұрғаным. – Майра ажырасқан келіншек екен. Соның күйеуі шығар келген? Ол да бұлардың танысы ғой, – деп, Бақыт Қайыркешқызы тағы бір болжамның ұштығын шығарды. – Егер ол болса… Бірақ ол Майра мен басқа жерде де кездесе алады ғой. Мынаған қарайық, төрде жатқан қыздың аты Бейбіткүл дедіңіз бе? 11-класта оқитын қыз. Соның тырнағының асты толған адамның терісі мен қаны. Өзіне келген адамды тырнап тастаған. Майраның күйеуінің онда несі бар? – Ол екі адам болып келген болар? Мүмкін сол шығар жас қызға секірген? – деп, болжам ұсынды Сәбит Қармысұлы. – Қысқасы, күдіктінің бәрінен түсінік алайық. – Мен де осыны айтпақ едім. Әсіресе, беті тырналғандарды, – деді Бақытхан Төлегенұлы. Пәтер иесі келіншек жылаудан тыйылса да, бұлаудай екі көзі қызарып, танауын ауық-ауық тартып қояды. – Айналайын, заттарың түгел ме?

Қарашы, жоғалған не бар екен? – деді Бақыт Қайыркешқызы пәтер иесіне. – Шифонерде ақшам бар еді, қазір көрейін. – Зал арқылы баратын кішкене бөлмеге кіріп кетті де, кідірмей кері шықты. – Бар екен ақша. Күздік пәлтемнің қалтасында еді… Киімдеріме тимеген. – Қыздардың бірінің мойнында алтын алқа көрдім, тағы біреуі алтын сақинасымен жатыр. Содан-ақ белгілі, тонауға келмеген, – деп қосты Бақытхан тергеуші басын шайқап. – Ештеңеге тимеуі қалай? Пышағыңды түгендеші, – деді Бақыт Қайыркешқызы. Пәтер иесі келіншек ас үйге барып келді де: – Иә, жоқ екен, кәдімгі ағаш сапты, күнде пайдаланып жүрген, – деді. Ваннада ілулі тұрған үлкен сүлгі мен Бейбіткүлдің қара қолбағы да қолды болыпты. – Мынаны қараңыздар, – деді Бақытхан Төлегенұлы ас бөлмені оң жағынан бастап солға қарай мұқият шолып тұрып. – Газ плитаның құлақтарын ашып кетіпті. Әдейі ашқан. Жарықты жағып қалғанда гүрс ете қалсын деген ғой. Құдай сақтағанда құбырда газ болмады. Осы кез кухнядағы тоңазытқыш гүр етіп, іске қосылды. Жарық жанғаны сол екен, Бақыт Қайыркешқызының көзіне ағаш еденнің жарығынан жылт еткен сәуле байқалғаны. «Жаңа жылдық жылтырақ шығар» деп ойласа да, назарын тарта берген соң, еңкейіп, шанышқының ұшымен іліп алса, жоқ, жаңа жылдық жылтырақ емес, алқа. Жіңішке алтын алқа. Соның бір үзігі. – Мәссаған, қыздар мына жерде де алысқан сияқты ғой. Бақыт Қайыркешқызы шанышқы ұшына ілінген алтын алқаны жағалай көрсетіп шықты. *** І ске қатысты топ күн сайын кешкілік мәжіліске жиналады. Кім не тындырды, қандай сыбыс бар, бәрі талқыланады. Соған байланысты болжамдар туындайды. Бүгінгі мәжіліске Тастемір Сауранбайұлы да келген. – Ал кімде не бар? – деді ол сұрақты төтесінен қойып. –Төртінші күнге айналып барады ғой. Сөйлеңіз Сабыр Сыдықұлы. – Мен айтсам – деп ГОВД бастығы Мақсұт Ыбырайханұлының орынбасары, капитан Ибадолла Тоқтамысов күдікті адам туралы естіген ақпаратын айтты. Ол сыбысты оларға бір агенті айтып, саудаласқан ғой. Сосын өз құлағыммен естиін деп, ол агентті алдырып мен өзім сөйлестім, – деді бірінші орынбасар Сабыр Сыдықұлы өзінің мінезіне тән байыппен асықпай сөйлеп. – Агент айтқан күдіктінің атыжөні Талғат Мүсірепханұлы. Жасы жиырма екіде. Ол сол күні кешке әлгі үйдің маңында мас боп жүріпті. Оның алдында Мэлс, Бақытжан, Уәлихан деген балалармен бірге арақ ішкен. Олар бізге белгілі балалар. – Бүгін кешкілік сол үйдің тұрғындарын араладым, – деп, сөз бастады Бақыт Қайыркешқызы. – Менің де білгенім сол Талғат Мүсірепханұлы деген бала. Екінші қабатта тұратын Лариса деген орыс әйел оны сол күні кешкілік сағат сегіздерде көріпті. Мас дейді. Айқайлап подъездге кірді дейді. Бір пәтердің есігін тепкілегенін естідім дейді. Қай пәтерге барғанын айта алмады. Ал түнде шыңғырған дауыстан шошып ояныпты. Қыздың дауысы дейді. Қайтып естілмеген. Түсім шығар деп ойладым дейді. Екіншісі Нина деген әйел. Бірінші қабатта тұрады. Ол да мас боп жүрген Талғат дейді. Мен де сол баладан күдіктенем. Бірақ жалғыз өзі төрт қызға қалай әлі келеді? – Ал сенде не бар, – деп, Тастемір Сауранбайұлы тергеуші Бақытхан Төлегенұлына бұрылды. – Сол маңда тұратын жігіттерден түсінік алдық. Көршілерден тағы кім бар келмеген деп сұрағанымда олардың атағаны екі фамилия. Біреуі Алмасов, екіншісі әлгі… Мүсірепханұлы. Алмасовтан бүгін жауап алдым. Ол желтоқсанның жиырма сегізінде Шиеліге кетіп, содан бүгін келіпті. Таза сияқты. Ал анау… жоқ. Мамасына қоңырау шалсам, мамасы «Шаңхайдағы атасының үйіне кетті» дейді. Ол үйге опер жіберсем, атасы айтыпты «жаңа ғана шешесіне кетті» деп. Бірақ өз үйіне бармаған. Анасымен сөйлестім. «Қазір қайда өзі» десем, «білмеймін, үйге келмеді» деді. Үйінен шыққанда үстінде көк спорттық шалбар мен күртесі болыпты. Бірақ мамасының айтуынша, ертеңіне оны киіп келмеген. «Төбелестім, жыртылып қалды, сосын шешіп тастадым» депті. Оперлерге, учаскелік инспекторларға тапсырма берілді, көк шалбар мен күртені іздеп табуға. – Олай болса, оған қазірден бастап іздеу салынсын, – деді Тастемір Сауранбайұлы. *** …Арада аттай екі апта уақыт өтті. Қалалық ішкі істер бөлімі патрулдік тексерісті сонда да саябырсытқан емес. Қылмыскер не де болса, қала ішінде. Тығылып жатыр. Бір күні болмаса, бір күні құлағы қылтиятыны анық. Полиция біткеннің арманы соны ұстау. Сержанттар Рүстемов пен Савинков те солай. Қаңтардың 13-інен 14-іне қараған түні олар Панфилов көшесін бойлап, жүргінші жұртқа назар салып келе жатты. Жапалақтап қар жауып тұрған. Сол сәт алдынан шыға келген бозбала бұларды көре сала, бір жағына тайқып, жылыстап ала жөнелсін. Сержанттар оның бұл қылығынан күдіктеніп, соңына түсті. Анау жалтақ-жалтақ артына қарап қойып, жүрісін жылдамдатып, дедектеп барады. Сірә, ұсақ карманшиктердің бірі болар. Әлде құлақшын алып қашатындардың сорты ма? Үйді айнала бере тұра жүгірді. Екі сержант екі жақтап қуып берген. Қойсын ба? Бұрышқа қамалап ұстап, жарыққа алып келді. Сөйтсе, құрықтағандары – Талғат Мүсірепханұлы. Жер-көктен табылмай іздеуде жүрген адам. *** Бақыт Қайыркешқызы, Сәбит Қармысұлы мен Болатхан Төлегенұлы, үшеулеп күдікті жігітті сол түні-ақ ортаға алған. – Ал айта ғой, қанша іздедік. Үйіңнен безіп қайда жүрсің? – Біреуге ақша қарыз едім, содан қашып жүрдім. Ол аямайды мені. – Декабрьдің 30-ы күнін еске түсірші. – Мен… мен о күні мас боп қаппын. Білмеймін. – Есіңді жиғанда қай жерде жатыр екенсің? Подвалда ма? – Иә, иә. Жо-жоқ. – Асықпа. Есіңе түсір. Қорықпа. Айта бер. Есіңді үйде жидың ба? – Иә, иә. – Үстіңдегі киімдерді есіңді жиған соң үйден алып кидің ғой. – Иә, иә. Жо-жоқ. – Сенің үстіңде көк спорт шалбары мен күртесі болды. Қайда ол киімің? Мүсірепханұлы біршама уақыт тілсіз қалды. – Білмеймін, – деді сонан соң. Дауысы жердің астынан естілгендей құмығып шықты. – Есімде жоқ. – Майраны, Бейбіткүлді, Толғанайды танисың ғой. – Танимын. Досымның туыстары. – Сол қыздарды біреу өлтіріп кетіпті. Естіген шығарсың? Күдікті жігіт қалшылдап кетті. – Неге қалшылдайсың? – Аяп кеттім. – Сол үйге түнде сен барыпсың. – Барғам жоқ. – Бармасаң неге тығыласың? – Айттым ғой, біреуге қарызбын деп. Мүсірепханұлымен алғашқы түнгі сұрақ-жауап осылай өрбіген. Келесі күні күндіз жауапқа тағы да әкелінді. Өңінде қан-сөл жоқ, құп-қу болып бозарып отыр. Жақ жүні үрпиіп кеткен. – Майраға еріп келген қызды танисың ғой? – Алмагүл ма? Танимын. – Бейбіткүл сүйкімді қыз. Жігіттер қызықса қызығатындай ғой. Иә, оны сосын… Қайда іштіңдер? Сол күні кімдермен қанша ішкенін біртіндеп есіне түсірді. Наша да шеккен. Екі мәрте. Тергеуші есептей келе: Жеті жүз грамм ішіпсің. Мысалы мен үш жүз грамм ішсем әжептәуір боп қалам. Сен қайта… маладес, – деді тергеуші Бақытхан басын шайқап. – Бөлмеде бірінші кім жатты? Алмагүл ма, әлде Майра ма? Ұйықтағанда. – Бірінші Майра… Мүсірепханұлы осыны айтып, тілін тістей алды. – Талғатжан, айналайын, жас кезде адамның бәрі қателеседі. Біз бәріміз де қателестік. Сен де жассың, қателессең қателескен шығарсың. Біз саған көмектескіміз келеді. Оперлерге сол үшін бермей отырмыз. Оперлер сенімен біз сияқты сөйлеспейді. Олар сені сайратады. Біреуге қарыз ем, содан қашып жүрмін дегенді қой. Ол бос әңгіме. Кімге қарызсың деп сұрасам да айта алмайсың. Уақытты созбай өзің мойындасаң, жазаң жеңілдеу болады. Сенің оларға қастығың болған жоқ қой. Мастықпен білмей қалдың ғой, – деді Бақыт Қайыркешқызы. Мүсірепханұлы басы салбырап, бірауық үнсіз қалды да, кенет солқылдап жылап жіберді. – Мен қателестім… мен мастықпен есімді білмей қаппын… – деп еңіреді. *** Сараптама қорытындысы қолына тиісімен Алматы-Ақтөбе пойызына шығып кеткен. Тәулік бойы вагонда тербетіліп, Қызылордаға түскені жаңа. Басқарма ғимаратына келсе, Бақыт Қайыркешқызы жұмыста екен, ол бұның сәлемін алар-алмастан: – Экспертиза не болды? – деді. Алматыдағы сараптамаға кеткен Бақытханның оралуын асыға күткені жүзінен аңғарылып тұр. Бұл жауап берудің орнына сараптама қорытындысы жазылған қағазды қолына ұстата қойсын. Қағазға асығыс көз жүгірткен Бақыт Қайыркешқызының жанары жалт етіп, күліп жіберді. – Тамаша! – Осымен-ақ істі бітіре салуға болатын сияқты. Деуін десе де, сол айтқанына өзі ұялыс тапқан. Өлім жазасына кесілуге тиісті айыпкерге бұл айғақтың тым аздық ететінін білмейді емес. Біледі ғой. Бақыт Қайыркешқызы оның бұл сөзіне мән бермей: – Бізде әлі алтын алқа бар ғой. Соны анықтайық, – деді. Бақытхан Төлегенұлы үйге қайтып келе жатып, үзілген алтын алқа туралы ойға кетсін. «Қыздардың алқасы емес. Ата-аналары, туған туысқандары солай деп отыр. Пәтер иесі келіншекте де болмаған. Демек Мүсірепханұлының алқасы. Басқа не? Бірақ оның алқасы екенін қалай дәлелдейсің? Үйден алқа табылғанын ол әлі білмейді. Білмей тұра тұрғаны дұрыс. Менікі емес дейтіні сөзсіз. Оған оңтайлы ілік табу керек». Бейбіткүлдің тырнағы астынан алынған қырындыға Мүсірепханұлының бет терісі мен қаны сәйкес келді. Алматыдан көңілді қайту себебі сол. Ал мына бір алқа… (Жалғасы бар)

Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ,
полиция полковнигі ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ

Комментарий