Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Ақтөбелік шаруалар ұлттық жобаға қарсы

Ақтөбелік фермерлердің ауыл шаруашылығы саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға көңілі толмайды. Олар жақында Ауыл ша­руашылығы министрлігі ешқандай талқылаусыз қабылдаған ұлттық жобаға наразылық білдірді. Жүздеген адам бейбіт митинг өткізіп, билікке өз талаптарын қойды.
«Малдың жайын баққан бі­леді». Сондықтан, Ауыл шаруа­шылығы министрлігіндегілер заң шығармас бұрын ауылдағы қарапайым шаруалармен ақылдасуы керек». Бұл –Ақтөбеде бас қосқан жергілікті фермерлердің ғана емес, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Павлодар облысы шаруашылықтарының басты талабы. Айтуларынша, жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын» әзірлеген. Алайда, шаруалар миллиардтаған қаржы салынған бағдарламада қарапайым фермерлердің жағдайы ескерілмегенін айтады.
– Үкіметтен шаруаларға кө­мек көрсетілуі керек. Мен егін шаруашылығымен айналысамын. Көктем келісімен көкөніс, картоп, қауын-қарбыз егеміз. Қазір қуаңшылық, су тапшы. Шаруа қожалығын ұстап тұру үшін су қажет. Скважина қазу мәселесіне де көмек керек. Бі­рақ бізден жағдайымызды сұрап келген министрді көрген емеспіз. Олар екі жыл сайын ауысады. Бірінен соң бірі келеді.Қайсысы бізді тыңдап жатыр?! Министр деген ауыл-ауылды аралап, жүруі керек қой?! Ана жақта отырған министр менің шаруамды қайдан білсін? Субсидия алуда да көптеген мәселе бар. Құжаттарды өткізу қиын. Жаздай жұмыс істеуіміз керек. Ал біз субсидияның соңында жүрдік. Сонда алғанымыз бар болғаны 4 миллион теңге. Барлығы 30 гектар жерге көкөніс ектік. Тамшылатып суару әдісін қолданғандықтан, оған қаншама қаражат жұмсалды, – дейді «Аманат Агро» шаруа қожалығының басшысы Сабыржан Қойшыбаев.
Ал Алға ауданынан келген «Берекет» шаруа қожалығының басшысы Күнсұлу Нұрлыбаева 6 жылдан бері субсидия ала алмай жүрген көрінеді. Ол мемлекеттен шаруаларға көмек алу кезінде кедергілер көптігін айтады.
– Шаруа қожалығын алға­шында «немерелеріме ағарған болсын» деп бастаған едім. Әрі елге көмегім тисін деп ойладым. Қазір малдың басы көбейіп жатыр. Күні-түні еңбек ету керек. Өйткені, мал бағу дүкен ашу емес. Оны ауырсаң, жауып кете алмайсың. Кейінгі ұрпақтың мал бағуға қызығушылығы бола ма, болмай ма, ол жағы белгісіз. Кең байтақ жерімізге жайқалтып егін егіп, малға толтыру керек. Ол үшін еңбектену керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің де, фермерлердің де мақсаты бір болуы керек. Жаңа жобада қарама-қайшылықтар көп. Ол бойынша, су құбырын 50 метрден қазғанымыз үшін субсидия беріледі. Алайда мұндай тереңдіктен су шықпайды. Сондықтан су бұрғылауға төленетін 50% субсидияны 250 метрге дейін көбейту қажет. Жоба жазғанда фермерлердің жағдайын ескеру керек еді. Қазір малшы табу да қиын. Осы уақытқа дейін субсидия да алып көрмедім. Бірде малдың саны жетпей қалады.Қағаз да жинау қажет. Құжат жинаймыз ба әлде мал бағамыз ба?! – деп ашынады Күнсұлу Нұрлыбаева.
Ақтөбе облыстық филармониясының маңына жиналған шаруалар өз наразылықтарын білдіріп, министрлікке талаптарын қойды. Олар малға, егінге үкіметтен бөлінетін субсидияны бірдей пропорциямен төлеуді, кебек бағасын нарықтағы бидай бағасынан елу пайызға дейін асырмауды сұрады. Сондай-ақ, фермерлер ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» ұлттық холдингіндегі қоғамдық кеңеске әр облыстан мал, егін шаруашылығымен айналысып отырған фермерлерді қосуын талап етті.
– Екі жыл сайын ауыл шаруашылығы министрі өзгереді. Жаңадан келген министрлер ауылшаруашылық саясатын өзгертуге кіріседі. Сондықтан, осыны тоқтатуды сұраймыз. Ауыл шаруашылығы бойынша бөлінетін лизинг және несиелердің пайызын 5-6% -дан жоғарылатпау, мемлекеттен бөлінетін қаражаттарды тікелей қаржы институттарына төлеу керек. Қазақстан бойынша кебек бағасын, нарықтағы бидай бағасынан 50% асырмауды талап етеміз. Әр ауылдық округтерге дала өртінің алдын алу мақсатында өрт сөндіру техникасы бөлініп берілсін, өрт сөндіру жасағы құрылсын! Отандық техникалардың бағасы ай сайын қымбаттайды. Бұған да тыйым салынуы керек. Әрі Қазақстан ішінде асылтұқымды малды сатып алған кезде төленетін субсидияларды, басқа елден әкелінген малдармен бірдей төлеу қажет, – дейді Ақтөбе фермерлік орталығы қауымдас­тығының төрағасы Марлен Баймагамбетов.
Ашынған шаруалар Ауыл шаруашылығы министрлігіне бас-аяғы 24 талап қойып отыр. Айтуларынша, осыдан үш жыл бұрын асыл тұқымды ірі қара мал алмақ болған 16 шаруа ресейлік «КамАгро»компаниясына алданып қалған. Алайда мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ. Зардап шеккендердің бірі Мәртөк ауданындағы «Есбол» шаруа қожалығының басшысы Мұхамметхан Қарсақов. Асыл тұқымды мал алу үшін қарызға белшесінен батқан шаруа мәселенің ұзақ уақыттан бері сиыр­құйымшақтанып, шешілмей келе жатқанына наразы.
– Қазір сот отырысы болып жатыр. Ауыл шаруашылығы мәселені шешіп беретіндіктерін айтып, бізден араласпауымызды сұраған. Бірақ бұл шаруа үш жылдан бері шешілмеді. Ақшаны бердік, мал жоқ. Несие тарихы бұзылып жатыр. Маған келген шығын – 35 миллион теңге. Шаруалар барлығы 800 миллион теңгесінен айырылды. Осы мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Премьер-Министр Асқар Маминнің шешіп беруін талап етеміз. Жақында сот болады. Заңгерді тағы ауыстырып жатыр. Істі ұзаққа созып жібере ме деп қорқамыз, – дейді ол.
Шаруалардың талабынан Ақтөбе облысының ауыл шаруа­шылығы басқармасындағылар да хабардар. Дегенмен олар бұл мәселені миниистрлік шешуі тиіс деп отыр.
– Ұлттық бағдарлама 2021–2025 жылдарға арналған. Шаруалар наразылық танытып, жобаның талқыланбағанын, оған қыруар қаржы бөлінгенін айтып отыр. Қаржының қайда кеткенін, анық-қанығын білгісі келеді. Бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігі шешуі керек, – дейді Ақтөбе облысы ауылшаруашылық басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов.
Маман биылғы жылдың шаруалар үшін қиын болғандығын жасырмайды. Қуаңшылық салдарынан оңтүстікте орналасқан Байғанин, Шалқар аудандарында малды шөбі шүйгінді жайылымдарға көшіруге тура келген. Дегенмен, билік тарапынан көмектің уақытылы көрсетілгенін айтады. Жыл сайын шаруаларды қолдауға мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінеді. Биылдың өзінде облыста ауыл шаруашылығы саласына 24 миллиард теңге қарастырылыпты. Келер жылы министрлік жылқыға субсидия беруді жоспарлап отыр екен. Дегенмен наразы топ Ауыл шаруашылығы министрлігінен ешқандай талқылаусыз қабылданған ұлттық жобаны қайта қарауды талап етіп отыр. Олар министр Ербол Қарашөкеевті Ақтөбеге келіп, шаруалардың жағдайын көзбен көруге ша­қырды.

Жансая Есмағанбетова
Ақтөбе қаласы

Комментарий