Жаңалықтар | НовостиОйталқы | Разъяснения

Адвокаттар алқасының жаңа төрағасы қандай болу керек?

Республикалық адвокаттар алқасында алдағы аптада жаңа төраға сайланады. Еліміздегі ең үлкен қоғамдық бірлестіктің бірі саналатын бұл ұйымның басшысы қандай адам болу керек және оған қойылатын талаптар қандай деген сауалды мамандарға қойған едік.

Өмірәлі ҚОПАБАЙ, Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы:
– Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы болу үшін ең алдымен жай ғана заңгер емес, бүкіл республикаға танымал өз саласының мықты маманы болу керек. Алқа республика көлемінде болғаннан кейін, төрағаның жасы тым егде болмағаны да жөн. Қазір барлық жерде жастарға көп көңіл бөлініп жатыр ғой. Адвокаттардың ішінен өзгелерден суырылып алға шығатын барлық жағынан сауатты, еліміздің саяси, құқықтық жағдайын жақсы білетін адам төраға болуы керек. Міндетті болмағанмен егер ғылыми дәрежесі болып жатса тіпті жақсы.
– Заң ғылымының кандидаты, магисті, PhD деген сияқты. Республикалық авдвокаттар алқасының төрағасының мойнына артылатын тағы бір жауапкершілік – қоғамдық бірлестіктің абыройын асырып, қызметін танымал ету. Қазір бұрынғыдай емес адвокаттарға көп өкілеттіктер берілген. Оларды прокурормен тең деуге болады. Шынында да, өркениетті елде бұл солай болуы керек. Әрбір отбасының өз заңгері, адвокаты болуы тиіс. Сол тұрғыдан қарағанда Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы болатын адам бүкіл елге абыройлы тұлға болғаны жөн. Қазіргі кезде адвокаттарға деген қоғамның сенімі жоғары. Әрине, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей ақшаға құныққан бірлі-жарым адвокаттар да кездеседі. Жалпы, адвокаттардың рөлі біздің елімізде жыл өткен сайын күшейіп келе жатыр, оны ары қарай жалғастыру алқа төрағасы болам деген азаматқа да көп міндет жүктейді.

Азат ФАЙЗУЛЛАЕВ, Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі:
– Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы болу зор абырой мен жауапкершілікті қажет етеді. Ол ең алдымен әділ, жан-жақты және адамдармен тіл табысып, сыйластық қарым-қатынас жасай алатын тәрбиелі, үлгілі жан болуы керек. Егер үміткердің бойында ондай қасиет болмаса бұл қызметті атқару оңай болмайды. Өз ортасына сыйлы, құрметті, абыройлы болмай тек өзін ойлайтын адамға төраға болу қиын.
Төрағаның жауапкершілігі туралы сөз болған кезде ең алдымен адвокаттардың қызметіне қатысты арыз-шағымды азайтып, оны болдырмау маңызды рөл атқарады. Жасыратыны жоқ, қазір жұртшылық арасында адвокаттардың қызметіне қатысты арыз-шағым көп түседі. Оны болдырмау үшін төраға адвокаттармен көп жұмыс істеп, конференция, жиналыстар өткізу қажет.
– Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы, біреудің сөзі жақсы демей бәріне бірдей қарай білу керек.
Өзім де адвокат болғанға дейін қиындықты көп көрген адаммын. Адамдар адвокатқа жайдан-жай келмейді. Басына қиындық түскенде ғана көмек сұрап келеді. Оларға құқықтық кеңес беруіміз қажет.
Адвокаттық қызмет пен Адвокаттар алқасының жұмысы қолданыстағы заңнамада жан-жақты қарастырылған. Алқаның арнайы жарғысы да бар. Жасыратыны жоқ қазір сот болсын, прокуратура болсын, адвокатура болсын бәрінің өзіне тән қиындықтары бар. Қоғамның барлық өкілдері карантин жағдайында қаншама қиындықты басынан өткізіп жатыр. Экономика баяулап, адамдардың тұрмыс-тіршілігі қиындады. Мұндай жағдайда Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы болу үміткерге бұрынғыдан да зор міндет пен жа­уапкершілік жүктейді. Көмек сұрап келген әрбір адамның мәселесін түсініп, көмек бере алмаған жанның адвокат болып жұмыс істемегені жөн шығар.

Сауалнаманы дайындаған Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Комментарий