Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Бағлан Баймағамбет, Қазақстанның Автожолшылар қауымдастығының төрағасы: «Жол – экономиканың күретамыры»

– Бағлан Әуелбекұлы, экономиканың күре тамыры жол екені айдан анық. Ендеше, Қазақстанда бүгінгі жол құрылысының көлемі мен сапасын арттыруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайлы не айтар едіңіз?
– Еліміз тәуелсіздік ала салысымен Елбасы жол салу ісіне айрықша мән беріп, оны мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналдырды. Себебі, экономиканың күретамыры – жол. Ол болмаса қандай мықты мемлекет болмасын даму деңгейі төмен болады. Осы тұрғыда «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі еліміздің төрткіл әлеммен байланысын орнатқан ауқымды жоба болды. Қазақстан жалпы көлемі 7780 шақырымды құрайтын бұл дәліздің 2780 шақырымын алдымен салып, қолданысқа берді. Бұл Қорғастан Орынборға де­йінгі аумақты алып жатыр. Дәлізді одан әрі Ресей жалғастыруда. Бұл да үлкен саясат. Біз осы арқылы өзіміздің іскерлігімізді көрсеттік. Соның арқасында сауда-саттық еркін жүріп, барыс-келіс артып, өндіріске жаңа технология келіп, экономика дамыды. Қаншама жанар май станциялары, демалыс орындары ашылып жатыр. Олардың да дәрежелері бар. Бұрынғыдай тауықтың ұясы сияқты емес, жол бойында зәулім қонақ үйлер, демалыс орындары қолданысқа берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қыркүйек айында жасаған жолдауында Қазақстанның жолдарын халықаралық деңгейге жеткізу керектігі айрықша атап өтті. Бұл жалпы ұзындығы 24800 шақырым жол. Соның бүгінгі таңда 13800 шақырымы сақадай сай болса, қалғаны жөндеуді күтіп тұр. Қысқа мерзімде, яғни, 2025 жылға дейін осы жұмыс аяқталу керек. Бүгінгі таңда мердігер компаниялар стратегиялық маңызы зор бұл міндетті орындауға күш салып жатыр. Қазір жол бойында сағатына 12000 тонна өнім шығаратын 58 асфальт зауыты іске қосылған. Барлығы 200 мыңға жуық адам осы іске атсалысуда.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бо­йынша Нұр-Сұлтаннан бастап, батысқа, шығысқа, оңтүстікке, солтүстікке апаратын жол құрылысы бойынша жобалар бар. Солардың аясында Қазақстан бо­йынша сапасы жоғары жолдар салынып жатыр. Қарағанды–Балқаш, одан соң Алматыға дейін төрт жолақты бірінші санаттағы жолдар іске қосылатын болады. Оның ішінде тас жолмен қатар бетон жолдар да бар. Олардың ұзындығы мың шақырымға дейін созылады. Мұндай жолдар бізден экономикасы едәуір алда Ресей Федерациясында жоқ. Омск облысында бар еді, бірақ олар қопарылып кетті де қайта салу мүмкін болмады. Көршілерден бетон жол тек Қырғызстанда бар.
Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орындамыз ғой. Елді мекендер арасы ұзақ біздің елге бетоннан гөрі асфальт бетон тиімді. Бүгінде осы жолдардың бір шетін халық пайдаланып, қызығын көріп жатыр. Мысалы, Нұр-Сұлтан–Бурабай, Павлодар–Қарағанды жолдарының ешқайсысы шетел жолдарынан кем емес. Өзіміздің мердігер компаниялар бүгінде жол салудың қыр-сырын әбден игеріп, бұл жұмысты ойдағыдай жүзеге асыруда. Әрине, індет туғызған қиындық жолшыларды айналып өткен жоқ. Көп жерде жұмыс тоқтап қалды. Десе де жол құрылысына мемлекет тарапынан қолдаудың жүйе­лілігі бұл саланы едәуір алға жылжытып келеді. Мұны айтуымыз керек.
– Жолдардың сапалы салынып жатқанын айттыңыз. Бұған қалай кепілдік бере аласыз?
– Жол құрылысы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар үнемі бақылануда. Мұны арнайы құрылған Жол активтерінің сапа орталықтары қамтамасыз етеді. Бұрын бұл іс әрбір мердігердің шағын лабораториясында атқарылатын. Қазір орталықтың әрбір облыста филиалы бар. Олар зерттеу, бақылау жұмыстарын жүргізіп отырады. Республикалық жол ма, жергілікті жол ма, айырмашылық жоқ. Кемшілік болса ескертіп, түзетуге болатынын оңдап, қиюы келмейтіндерді мүлде өткізбей қатты бақылауға алып отыр. Бұл өте қажет, себебі төрт аяқты жылқы да сүрінеді, адам болғасын кейбіреулер жауапкершілікпен, ал кейбіреулер немқұрайды қарайды. Сондықтан, бақылау жіті болу керек. Қазіргі таңда бұл шара бес деңгейде жүргізіледі. Олар авторлық, жобалық, техникалық қадағалау, инженерлік және арнайы комиссия бақылаулары. Мұны жүзеге асыру үшін де ұйым­дар тендерге қатысып, біліктіліктері, материалдық базасы, кадр­лық құрамы бойынша қатаң іріктеу­ден өтеді. Соның арқасында бұрын тек тапсырыс алушы ғана жауапкершілік арқалайтын болса, қазір енді бақылауға қатысатындардың барлығы жол сапасына мүдделі болады. Яғни, мердігерге де, тексерушіге де, бақылаушыға да бірдей жауапкершілік жүктеледі.
– Жол құрылысы – күрделі процесс. Тау-тасты, ойлы-қырлы жерімізде жол салу ісін жобалау, құрылысын жүргізу мамандардың үлкен дайындығын қажет ететіні бесенеден белгілі. Бізде жол саласында мамандардан кемшіндік жоқ па?
– Мен республикалық Жол активтері сапа орталығы жанындағы комиссияның мүшесімін. Осы ұйым жол құрылысы бойынша арнайы білімі бар, тәжірибелі мамандарды сынақтан өткі­зіп, іріктейді. Үміткерлер эссе жазады, ма­мандықтарына қатысты сұрақтарға жауап беріп, тапсырмаларды орындап, кәсіби біліктіліктерін көрсетеді. Қазір мамандардың дені өз еліміздің азаматтары. Уақытында Германия, Италия, Түркия сияқты елдерден келіп, жұмыс жасағандар болды. Олардың зияны тиген жоқ. Жол салу ісіндегі көптеген технологияларды үйреніп, өндіріске енгіздік.
– Маман дайындау жағы қалай?
– Бұл тұрғыда шешімін күткен мәселелер бар. Жол активтері сапа орталығы мен Автомобилистер одағы өзара ақылдасып, Назарбаев университетінде жол құрылыс мамандарын дайындайтын бір факультет ашылғанын дұрыс көріп отыр­мыз. Бұл оқу орнының оған әлеуеті жетеді. Өкінішке орай, Шығыс Қазақстандағы Жол құрылысы институты, кейбір оқу орындарындағы жол құрылысы факультеттері жабылып жатыр. Бұған тосқауыл қойылу керек. Өйт­кені, мамандар дайындау тоқтаса жолды, көпірлерді кім салады? Кездейсоқ адамдар бұл іспен айналыса алмайды. Мысалы көпір салудың үлкен жауапкершілігі бар. Ол стратегиялық нысан. Жаман айтпай жақсы жоқ, төтенше жағдай болса бүкіл техника соның үстімен жүру керек. Кәсіптік-техникалық арнайы оқу орындары ашылу керек. Қазір өйткені, жұмысшы мамандар аз. Ал, техникалардың барлығы электронды. Асфальтты салатын да, оның бетін тегістейтін де техникалар сандық бағдарламамен басқарылады. Оларды баяғыдай итеріп жүргізу мүмкін емес, бәрін игеру үшін зейін, білім, біліктілік керек. Осы мамандар арнаулы оқу орындарында дайындалуы тиіс.
– Жол салуға қай жақтың құрылыс материалдары пайдаланылып жатыр?
– Негізінен елімізде жол құрылысына қажетті құрылыс материалдарының бәрі бар. Өйткені, жеріміз тау-тасты. Тек Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Орал облыстарында тас жоқ. Қалған облыстардың барлығында да керекті материалдар бар. Шетелден, яғни, Башкириядан бұрын битум алатынбыз. Қазір шүкір Қазақстанда төрт битум зауыты бар.
– Жалпы соңғы кездері жолдарды жиі су шайып кетіп жатады. Мұның себебі неде?
– Қала жолдарының бүлінуі суағарлар жоқтығының салдары. Бұл бірінші себеп. Жолдың арасына кіріп кеткен су күн қызған кезде асфальтты көтеріп жібереді. Ой-шұңқыр содан пайда болады. Үлкен дәліздер суағарлары болғандықтан төзімді болады. Салмағы сәйкес келмейтін техника өтіп, тесіп кетпесе, олар суға шайыла қоймайды. Жолдың жай-күйін бақылайтын арнайы құрылым ауыр машиналардың жүруіне тосқауыл қою керек. Біздің жолдардың беріктігі 13 тоннаға есептелген. Биіктігі бұрын қырық, елу сантиметр болса, қазір 1 метрден асады.
– Ақылы жолдар енігізілді. Бұл қаншалықты дұрыс шешім болды?
– Республиканың жолдарын күтіп ұстау үшін кем дегенде 50 млрд теңге керек. Бұл қыруар ақшаны қайдан табамыз? Сол себептен ақылы жолдарды енгіздік. Қажет қаржының 50 пайыздан астамын содан түсіреміз. Мысалы, Нұр-Сұлтан – Щучинск трассасы еліміздегі бірінші ақылы жол. Ақылы болғанына сегіз жыл болды. Бүгінде өзін-өзі ақтап отыр. Одан түскен қаржымен бүлінген жолға жөндеу жасалып, жаңартылады. Қысы-жазы күтімі үзіліссіз қамтамасыз етіліп отыр. Бұл жерде біз бюджетке салмақ салмауымыз керек. Ақылы жол қажет. Нашар жолға ақы енгізілмейді. Тек қана сапалы жолдарға ақы енгізіледі. Бұл әлемдік тәжірибе.
– Сіз басқаратын қауымдастық жол салу ісінде қаншалықты рөл ойнайды?
– Біздің қауымдастыққа 31 мекеме кіреді. Штатымыз көп емес, бар бол­ғаны төрт-бес адамбыз. Мүшелікке кірген мекемелердің мұқтажын жоқтайтын, олардың арыздарын министрлікке, үкімет басшылығына жеткізетін бірден-бір ұйым біз болып отырмыз. Мердігер өзінің жұмысымен айналысса, қауымдастық олардың өзекті мәселелерін шешуге атсалысады. Қыстың қақаған аязында, жаздың ми қайнатар ыстығында елсіз жерде жүріп жол салу оңай емес. Бұл үлкен төзімді шың­дайды, сүйіспеншілікті қажет етеді. Сондықтан, қай уақытта да қазақ жолшыларды қастерлеп, «жол салған жұмаққа барады» деген. Жолдың бойында ант берген. Сондықтан жолшыларға құрметпен қарап, оларға жөнсіз кір жақпай, еңбегін бағалай білуіміз керек.

А.Тұрмағанбетова,
«Заң газеті»

Комментарий