Судья мінбері | Судебная система

Тәуелсіз сот – тұғырлы елдің тірегі

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылданғанына, міне, 30 жыл толмақ.

Қазақ халқының ең асыл мұраты орындалған бұл күн барша қазақ үшін құнды. Себебі ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елін, жерін қорғаған біздің ата-бабамыздың арманы еңселі ел болу еді.

Арғы замандардан бастап ерлігімен көзге түскен батырларды айтпағанның өзінде, ел мен елдің арасын бітістіріп, даудың алдын алған би-шешендердің тәуелсіздің жолындағы үлесі қаншама?! Себебі шекарасы тыныш, тәртібі қатал, заңы мықты елдің ғана тәуелсізігі тұғырлы болады емес пе?

Жаугершілік заманнан кейінгі Кеңес Одағының құрамында да біздің халық ең үлкен нәубеттерді бастан өткерді. Репрессия, ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс, ұлт азаттық көтеріліс – мұның барлығы халықты есеңгіретіп, елдің дамуын, халық санының артуын кешеуілдетті. Ел басындағы бұл жағдай 1991 жылы Одақ ыдырағаннан кейінгі аумалы-төкпелі кезеңде де бар еді. Бірақ ел деген елтұтқалар мен сындарлы саясат мемлекетімізді шынайы тәуелсіздікке жетудің тар жол, тайғақ кешуінен сүріндірмей аман алып шықты.

Елдің еңселі, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы үшін ең маңызды бағыттардың бірі – сот-құқық жүйесіндегі тәуелсіздікті де қамтамасыз ету еді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық тәртіпті орнату, заңын сыйлатын ел қалыптастыру – ел саясатының алдыңғы қатарынан табылды. Тәуелсіздік тізгіні қолына енді тиген ел үшін, құқықтық дауларды да халықаралық талаптарға сай, заң аясында тиімді шешудің маңызы зор болды.

Сол үшін алғашқы жылдардан бастап-ақ елде сот-құқық реформасы қарқынды түрде жүре бастады. Тәуелсіз сот, қуатты құқық қорғау органдары құрылды. Елде президенттік басқару нысаны бекітілді. Бұл арқылы биліктің әртүрлі тармақтары арасында ауытқушылықтарға жол бермейтін, заң шығарушылық, атқарушылық және сот билігі тармақтары өзара тығыз ынтымақтастықта болғанымен, бір-бірінің өкілеттігіне араласпау тетігі жасалды. Сот төрелігін жүзеге асыратын судьялардың мәртебесі конституциялық заңдармен белгіленді. Судьялар тәуелсіз, тек заң мен арға ғана бағынып, төрелік жүргізуі үшін сот құзыретінің шегі кеңейтілді, судьялар тәуелсіздігінің кепілдіктері айқындалды. Сот жүйесі атқарушы органның ықпалында болмас үшін соттардың қызметін қамтамасыз ету функциясы Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментіне берілген.

Соттың тәуелсіздігі деген – сот жүйесінің басқа билік тармақтарынан дербестігі және сот қызметін қаржыландырудың жергілікті бюджеттен емес, тікелей мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілу, судьялардың әкімшілік аппаратына бағынышты болмауы. Бұл талаптардың барлығы қамтылғандықтан, біздің сот жүйесін тәуелсіз және ол халықаралық стандарттарға жауап бере алады деп айтуға анық негіз бар.

Нарық пен экономиканың ауқымы кеңейіп, істерді сапалы қарау қажеттілігі туған соң мамандандырылған соттар құрылды. Аса ауыр қылмыстық істерді алқабилердің қатысуымен қарау, тараптарды татуластыру арқылы істі бітімгершілікпен шешу институттары енгізілді. Жалпы ел егемендігін алғаннан бергі алғашқы онжылдықтағы, яғни 1991-2001 жылдары сот реформалары сот билігінің қалыптасуы мен орнығуына, кадрлық және қаржылық қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталды.

2001-2011 жылдар заңдарды жетілдіруге, бірыңғай сот практикаларын қалыптастыруға арналды. 2011 жылдан бергі он жыл сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге, техникалық-ақпараттық саясатты жетілдіруге бағытталды.

Реформалардың нәтижесі мемлекеттің стандарттарына сай келетін сот тәуелсіздігін нығайта түсті.

Судьяның тәуелсіздігі сот төрелігін заңға сәйкес бейтарап жүзеге асыру үшін қажет. Судьялардың қарауында ел экономикасына қаражат құйып отырған шетелдік инвесторларға, ел ішін арандатып, бейбітшілігімізге сызат түсіргісі келгендерге де қатысты істер кездеседі. Олардың әрбірін қарауда соттың біліктілігі, тәжірибесі де жеткілікті. Бастысы сот – тәуелсіз. Біздің елдің заңдары адам құқығын қорғай отырып, елдің ішкі-сыртқы қатынасына да кері әсер етпеуді қамтамасыз ететін сот актісін шығаруға толық жағдай жасайды. Бұл елдің еңселі, халқымыздың алаңсыз, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына жол ашады.

Бүгінде судьяның әр істің жігін ажыратып, барынша екшеп, сапалы қарауға уақыты да, техникалық, материалдық мүмкіндігі де толық жетеді. Істерді қарау мерзімін сақтауға да толық жағдай бар.

 

Бауыржан Шайдуллин

Ақтау қалалық сотының төрағасы

Комментарий