Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Тұңғыш Президент күнінің тарихта алар орны бөлек

1 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің күні. Бұл мереке Елбасының елге сіңірген еңбегін насихаттау, мәртебесін көтеру мақсатында 2011 жылы 10 желтоқсанда, яғни, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында ресми мейрам болып бекітілді. Жыл сайын атап өтілетін мемлекеттік мерекенің жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор. Өйткені, Елбасының тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі, жалпы қалыптасуы, бүгінгі деңгейге жетуі жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Осы себепті, Тұңғыш Президент есімі мен Тәуелсіздік ұғымы бір-бірінен бөлінбей, қашан да қатар айтылады.
Өткенге көз салсақ, 1991 жылғы 1 желтоқсанда алғаш рет өткізілген жалпыхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Тұңғыш Президент осы жылдың 10 желтоқсанында ел алдында ант беріп, қызметіне ресми түрде кірісті. Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесімен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Қазақстан Рес¬пуб¬ликасы болып өзгертілді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конс¬титуциялық заң 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданып, еліміз өзінің Тәуелсіздігін жария етті. Осылайша сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсап, армандаған азаттық күнге жеттік. Содан бергі 30 жылда Қазақстанның халықаралық беделі артып, әлемге танылды.
Тәуелсіз еліміз өзінің Ата Заңын, мемлекеттік рәміздерін қабылдады. Ұлт Көшбасшысының жетекшілігімен мемлекетімізде түрлі іс шаралар, саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар жүзеге асты. Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Солардың атап айтарлығы, 1991 жылы 29 тамызда Тұңғыш Президенттің Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығы шықса, 25 қазанда Қауіпсіздік кеңесі мен Мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Ұлттық теңге айналымға енді. Сондықтан да, өз Президентімізді сайлаған күн – 1 желтоқсанның біздің еліміз, халқымыз үшін орны бөлек.
Елбасының өмірбаянына қысқаша тоқталар болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылдың 6 шілдесінде Алматы облысының Шамалған ауылында дүниеге келді. Мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік оқыды. 1990 жылғы 24 сәуірі мен 2019 жылдың 20 наурызы аралығында Қазақстанды басқарды. Қазақстан Республикасының Президентігінен кеткенімен, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы және «Нұр Отан» партиясының төрағасы лауазымдарын, сондай-ақ, Қазақстанның Конституциялық кеңесі мүшесі ретінде өз орнын сақтап қалды
2010 жылы «Елбасы туралы» заң қабылданып, онда Тұңғыш Президентімізге ресми түрде «Елбасы» мәртебесі берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана атын Елбасының құрметіне орай өзгертуді ұсынып, оны Парламенттің қос палатасының депутаттары бірауыздан қолдағанына жұртшылық куә. Нәтижесінде 2019 жылдың 23 наурызында Астананың аты Нұр-Cұлтан қаласы болып өзгертілді.
Еліміздің бірнеше өңірінде Тұңғыш Президентке арналған ескерткіштер бар. Сонымен қатар, Украина, Түркия, Қырғызстан сияқты өзге мемлекеттерде Елбасы ескерткіштері бой көтерген. Барлық облыс орталықтарында ҚР Тұңғыш Президенті саябағы, Елордада «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» бар. Қазіргі күні Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері табысты жұмыс істеп жатыр.
Тұңғыш Президент күнін тойлау барысында жастардың Отанға, Елбасына деген құрметі артады. Сондықтан, Қазақстан тарихына енген Президент күнін атап өтудің тәлім-тәрбиелік мәні бар. Елбасына құрмет – елге құрмет екені талассыз.
Алмагүл Түменбаева,
Алматы облыстық мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий