ДетективЖаңалықтар | Новости

ҚЫЗЫЛ ШАРФ

«Бұл бір шіріген жұмыртқа болды!». Жаңылқан көзіне тығылған жасқа, көмейіне тығылған өксікке түншықса да сыртқа дыбысын шығармады. «Мал ғой, оңбаған, мал! Әбден жерге қаратты. Елге көрінер бет қалмады. Бүйткенше өліп жоғалғаны жақсы еді, ит!» – деп тіксіне ашуланған ерінің сөзіне жарыларға шақ отырған келіншек бұдан әріге шыдамай: – «Жетер енді. Әке қарғысы оқ деген, қарғысың тиіп кетер! Өзі де жетісіп отыр деймісің?! Тілің не деген ащы еді!» – деп зекіп тастады.

– «Іштен шыққан шұбар жылан, біреудің баласын қан жоса ғып өлтіре жаздапты, осыған не жетпейді ей, әкеңнің. Күші тасыса егіске шықсын, мал бақсын, ишак. Жас өмірі қор болады енді». Ары бері теңселген жігіт ағасы шарасыздықтан жерді бір тепті.

– «Қойшы ей енді! Дүние жанып кетсе де! Жер жебіріне жеттің ғой әбден. Әсет қылмыскер емес. Бала ғой әлі, байқамай ұрынған шығар» деп жасына булығып, қыстыға шыққан әйел дауысы шарасыз жер шұқыған әке наласына қарағанда сенімдірек шықты. Мұндай қайшыласқан қарсылықтар, күнделікті айғай аттан Әсетті полиция алып кеткен сәттен бастап, үздіксіз жалғасты…

***

Таң бозынан тұрып, қорасындағы отызға тартып қалған малын күнделікті әдетпен өріске шығарып, қас қарайғанша жайылымға жіберетін Абдрахман бүгін де сол дәстүрден танбады. Бір жарық бір қараңғыны бетке алып, атқа қонды. Бұлар жыбырлап қыр асқанша Күн де көтеріле бастаған. Ауылдан ұзай бере мал арасы екіге жарылып, аты осқырынды. Көзі құрғыр нашарлап жүргені осындайда ғана есіне түседі. «Мал соңында бұлай жүре берсем соқыр болатын түрім бар. Самат жұмыстан босаған күні бәрін тастап, орталыққа барып, дәрігерге қаралмасам» дейді өз-өзіне. Сабалақ әупілдеп тоқтар емес. «Кет ей ары!». Қожайынының зілді дауысынан соң сары кәндек басын қисайтқан күйі алға озды. «Өй мынаусы несі, тірісің бе ей». Атынан түсе сала ақсақал жерде екі бүктеліп жатқан жігітке жүгірді. «Құдай ау, бұған не болған?!». Беті-басы қанға бөгіп, үсті-басы балшыққа шыланған жігіттің жай жатпасы белгілі. «Кеудесінде жаны болса игі?!», етпеттей құлаған жас жігітті кері аударғанда жігіт ауырсынғандай нышан танытты. Әлде бұған солай көрінді ме? Жоқ, тіршіліктің әлсіз тынысы сезіледі. «Жағдайы ауыр болса да, жаны бар екен». Қолтығынан сүйреп, атқа өңгеріп ала жөнелмек болды да, ол ойынан бірден айныды. «Мұны қозғамайын, қолымда өліп кетер».

Шал қанша дегенмен талай өмірді бастан өткерді емес пе, енді бір сәт ол сергек қимылымен атқа жұлқына мініп, ауылға қарай қайта шапты. Жедел жәрдем мен тергеу тобы ұзақ күттірген жоқ. Әркім өзінің ісіне кірісіп кетті. Бұланның жаны қалғанымен жағдайы ауыр. Ауыр соққы, керзі етіктің тепкісі бүйрегін, өкпесін, басқа ішкі ағзаларының бәрін бүлдіріпті. Ішіне қан ұйып, бас сүйек жарақатынан есінен танып қалған жігіттің жағы да сынған. Астындағы «Ауди-100» көлігінің де саудасы бітіпті. Дерегін анықтап, жақындарына хабар берді. Мойнына моншақ іле кеп, аурухананың есігін күні – түні зарлана күзеткен жалғызілікті Айтжамалдың зары жан тебірентеді. Дәрігерлерден бастап, тергеушілерге дейін жалғыз ұлымен бірге қан жұтқан анаға аса зор аяушылықпен қарады.

Бұлан есін жиып, өзіне-өзі келгенше полицияда біраз деректі анықтамаққа тырысты. Ауыл үйдің арасында такси боп адам таситын жігіттің сол күні не істегенін, қайда барып, қайда қойғаны сұралды. Саусақ таңбалары, көліктегі іздер, оқиға орнындағы айғақтар сол сәтте-ақ алынған. Олардың бәрі күдіктілердің біреу емес, бірнеше адам болғанын анықтады. Жедел іздестіру тобының күдігіне алғашқылардың бірі болып Әсет ілікті. Әсет Бекен мен Жаңылқанның үлкені. Есейген сайын ата-анасы осының соңынан салпаңдаумен келеді. Ұрынбайтын бәлесі жоқ. Кез келген төбелестің ортасында осы баласы жүреді. Бекеннің бағанағы күйінісі де осыдан. Таксист боп аракідік ауылына келіп тұратын Бұланмен талай рет байланысқанын көргендер көп болып шықты. Әсет бірақ алғашқы тергеуде-ақ Бұланның бұл күйіне еш қатысы жоқ екенін айтты.

– Жәбірленуші Бұлан Асанды соңғы рет қай күні, қай жерде көріп едің?
– Есімде жоқ. Көрмегелі көп айдың жүзі болды, Есен аман жүр ме екен сол бір шырақ ай… (Әсет таныс тергеушіге еш зілсіз әзілдей жөнелді)
– Әзіліңді жиып қой, Әсет. Бұлан қазір ауыр халде ауруханада жатыр. Әсеттің түсі бұзылып кетті. «Мен көрмегелі талай болып еді, шынымен. Қап ай, ә. Қиын болған екен»
– Бұлан екеуіңнің ерегесіп, егесіп жүргендеріңді көргендер бар екен. Сенбі күні түнде қайда болдың?
– Қылмыскерді іздесеңіз қателесіп отырсыз, тергеуші мырза. Менің бұл оқиғаға еш қатысым жоқ
– Оны анықтауды бізге қалдыр. Сенбінің түнінде қайда болдың, сен одан да сұраққа жауап бер!
– Үйде, көшеде
– Қай көшеде, кіммен болдың?
– Жігіттермен. Өзіміздің балалар ғой сол. Ғалым, Сәулет, Мәулет. Бірақ бұл сенбіде мен үйге ерте кірдім, он екіде жатып қалдым… Бұланмен ол сенбіде кездеспегенін, бас араздықтары болғанымен мұндай шиеленіске барарлық еш негіз болмағанын айтып Әсет ақталғандай болды. Бас араздықтарының себебін сұраған тергеушіге Әсет бірден ол сұраққа жауап бермейтінін айтты.
***
Тәжірибелі судья күн сайын мұндай істердің талайымен танысады, түрлі оқиғалар мен түрлі тағдырларды кездестіреді. Бірақ бір үйдің екі бірдей баласының дәл осылай күйіп бара жатқаны шынымен жанды ауыртады. Заңның аты заң. Жәбірленуші кешірім беріп, жеңіл жаза сұраса да, жәбірленуші енді мемлекет қарауындағы, барлық құқықтары заңмен қорғалған азамат. Ендеше, олардың жазасын да қылмыстың санатына қарай заң белгілейді. Марат Нұрғазыұлы алдында үйіліп жатқан қағаздарға үзақ үңіліп отырды да, шарасыз шетке ысырды. «Әй ақымақтар ай, үлкен азамат болсаңдар да балалықтарың қалмайды. Өмірде әртүрлі жағдайлар бар. Кейде «әттеген ай» дегізетін жазатайым қылмыстар болады. Көлікпен абайсызда адам қағып кету, ұрыс үстінде бір-бірін байқаусызда өлтіріп алу секілді. Ал істің байыбына бармай жатып адамды бас салып сабап, өлімші ету … Ақтауға келе ме?!» Ойындағы сан сауалмен алысқан судья орнынан көтерілді. Қас қарайып қапты. Сырттағы елең алаң судьяның ішіндегі алай дүлеймен астасып кеткендей. Соттың бірінші отырысын ойлады. Жігерлері жер болып, екі бірдей перзентінің қыл үстінде тұрған тағдырларына алаңдаған ерлі-зайыпты судьяға еміне қарайды. Үзілуге шақ үмітін жалғап жіберетін құдірет осы судьяның қолында тұрғандай үздіге қарайды. Бұндай көзқарастардың бәрі Марат Нұрғазыұлына етене таныс. Сот орындығына отыратын күдіктілердің көбісінде кездесетін ахуал. Алайда бұл іске адами тұрғыдан қараса солардың әрқайсысы үшін жүрек сыздайды.
***
Тергеу ұзаққа созылса да Әсеттен мардымды әңгіме шықпады. Бұланмен арадағы бас араздықтарын айтудан бас тартқаны, Бұланның көлігінен Әсеттің қол сағаты табылғаны тергеушінің күдігін еселеген. Алайда, қолда одан басқа сүйенер айғақ жоқ. Тергеу аяқталғанша ешқайда кетпеуі керегін ескертіп Мақсат Әсетті үйіне босатты. «Айттым ғой, әне, айттым ғой саған, менің балам қылмыскер емес. Айтпағаның қалмап еді, қу қақпас?!». Жаңылқан Әсетке қарай қалбалақтай жүгірді. Тергеуден соң Әсет Бұланды ойлады. «Кім болды екен, кімнен болса да Бұланның осы ауылдың жігіттерінен бір таяқ жері анық еді». Онымен Әсет Нұргүлді айналшықтап жүргені үшін талай шекісіп қалған. Алайда, ол қақтығыс мынадай шиеленіске жете қоймаған. Өз ауылының сұлуын айдаладағы біреудің айналдырып жүргенін кім жаратсын. Соңғы рет қаладан осы Бұланның көлігімен келген. Қолындағы сағатын сол кезде шешіп көліктің ортасына қоя салғаны да ұмытылыпты. Енді сол сағат өзіне күдік туғызды. Қанша ойланса да, Әсет үшін бұл жұмбақ шешусіз қалды.
***
Экспертиза нәтижесі істі біраз алға ілгерілетті. Бұланның соңғы кездері Достық ауылындағы Нұргүлді шыр айналдырып жүргені, қыздың да келбетті жігіттен кетары емес екендігі белгілі болды. Ендігі үміт Нұргүлде.
– Мен ештеңе білмеймін, ештеңе айта алмаймын
– Сіз абыржымаңыз. Асықпай ойланыңыз, бізде уақыт жетеді. Бұланды соңғы рет қашан көрдіңіз?
– Білмеймін. Көрген жоқпын. Менің оған еш қатысым жоқ.
– Мына шарф сіздікі ме? – Сіздікі ғой
–… Иә.
– Бұл Бұланның көлігінен табылды.
– Қызыл шарф жалғыз менде ме екен? Менікі болмауы да мүмкін.
– Ештеңе айтқыңыз келмей ме? …А, айтпақшы, мына затта сіздікі сияқты (жұқа салафандағы қызыл лосинаны көре сала Нұргүл қатты сасқалақтады. Беті қызарып, өңі бірден алаулап шыға келді).
– Сізге не керек? Мені неге шақырдыңыз? Болды мен ештеңе білмеймін. Мені жіберіңіз
– Сізді бүгін жібере алмаймыз. Жәбірленуші Бұлан Асан ауыр хәлде ауруханада жатыр. Сіздің заттарыңыз оның көлігінен табылды. Демек бұл іске сіздің де тікелей қатысыңыз бар. Сондықтан қазір шаршасаңыз камераға барасыз. Жақсылап ойланасыз. Ертең есіңізге түскен нәрселерді айтасыз. Жарай ма?
– Жоқ. Мені қамамаңыздар. Біз ештеңені байқамай да қалдық. Оқиға күтпеген жерден болды (Нұргүл қыстыға жылады. Әңгіменің шеті шыққанын тергеуші де бірден сезгендей. Столдың шетіндегі салфеткадан бір екеуін суырып ап Нұргүлге ұсынды).
– Сабыр етіңіз. Су ішіп алыңыз. Сосын бәрін басынан бастайық.
– Біз көлікте отырғанбыз. Бір-екі жігіт Бұланға тап берді. Көліктен шығарып ап тепкілей жөнелді. Сол кезде мен көліктен шыға сап үйге қарай қаштым. Келдім де қорқыныштан дірілдеген күйі төсегіме қойып кеттім. Ары қарай не болғанын білмеймін.
– Олар кімдер? Әсет, Ермек, Нұрлан қайсысын байқадыңыз? Осы жігіттерді танымадыңыз ба?
– Білмеймін.
– Нұргүл, жақсылап ойланыңыз. Сіз осы ауыл адамдарының бәрін танисыз.
– Білмеймін (Нұргүл айғайлап орнынан атып тұрды).
– Жарайды, бүгінге осы жетер. Камерада демалып алыңыз. Ертеңге дейін есіңізге түсер.
– Мені қамауға қақыңыз жоқ!
– Тергеу аяқталғанша сіз күдіктісіз. Айғақтар мен қолыңыздың таңбалары көліктен табылғандықтан сізді осында ұстауға тура келеді.
– Олар әдейі істеген жоқ ештеңені. Бұлай болатынын білгенде жоқ (Нұргүл шарасыз кейіпте солқылдай жылап орындыққа отыра кетті). Өтінемін, екеуіне кешірім жасаңызшы. Біз айналдырған үшеуміз ғой. Екеуі сотталып кетсе әке-шешемнің күні не болады, мен елдің бетіне қалай қараймын?! (Нұргүл қос қолымен бетін басты)
– Бәрін ретімен айтыңыз, Нұргүл. Алдымен мына судан ішіп алыңыз…
***
Қандай іс болса да соңғы нүктені қою ауыр. Марат Нұрғазыұлы Ермекбаевтардың ісін қайта қолына алды. Бір біріне ғашық екі жастың махаббаттарының соңы осындай трагедиямен аяқталады деп кім ойлайды?! Сенбінің кешінде ел аяғы басылып, бәрі ұйқыға кеткенде Бұлан мен Нұргүл ауыл сыртында кездесіпті. Қызының бөлмесінде жоқ екенін байқап қалған Нұрбике екі ұлын оятып, қарындастарының үйде жоқ екенін айтады. Мағжан мен Айбек жақын көшелерді аралап таппай келеді де, іздеу жорығын ауыл сыртындағы жотадан бастайды. Жотаны қиялай тоқтаған «Ауди -100» көлігін алыстан көріп, олар ақырындап көлікке жақындайды. Терезеге үңілгенде қарындасының бөтен бір жігітпен құшақтасып отырғанын көреді. Бірден ашуға булыққан Мағжан есікті жұлқи ашып, іштен Бұланды суырып алады. Айбек қарындасына ызғарлана қарап, үй жақты иегімен нұсқайды. Нұргүл көліктен түсе сала үйге қарай жүгіреді. Екі ағайынды одан кейін Бұланды бас көзге қарамастан тепкінің астына алады. Алған жарақатының ауырлығына қарамастан Бұлан Асан ағайынды Мағжан мен Айбек Ермекбаевтарға ешқандай шағымы жоқ екенін, моралдық-материалдық шығынның толық өтелгенін айтып, соттың жеңіл жаза қолдануын өтінді. Ырсымбетов Марат Нұрғазыұлы Мағжан Ермекбаев пен Айбек Ермекбаевты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігі 5) тармағымен кінәлі деп тауып, оларға 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабының талаптары қолданылып, тағайындалған жаза шартты деп есептелсін, сотталған М.Ермекбаевқа тағайындалған жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді. (Кейіпкерлердің аты жөндері өзгертіліп алынды)
Назира ҒИЗАТҚЫЗЫ

Комментарий