Саясат | Политика

Қасым-Жомарт Тоқаев интернетті шектеуге қатысты ойын бөлісті

Қасым-Жомарт Тоқаев Интернетті шектеуге қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ресейлік журналист Алексей Пивоваров президенттен интернетті шектеп, бақылауға алу, керек кезінде өшіріп тастау туралы не ойлайтынын сұрады. “Президент 2.0” деректі фильмі “31 арнада” көрсетілді.

“Қиын сұрақ. Бірақ қазіргі заманда ұлу секілді бүркеніп өмір сүру мүмкін емес. Бәрібір үлкен желіге шығатын жолдарды табады”, — деді Тоқаев.

Президент осыған дейін үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік қызметкерлер әлеуметтік желілерде белсенді болуы керектігін айтқан еді.

“Қазір интернет дамыған заманда әлеуметтік желілермен жұмыс істеуге ерекше назар аудару керек. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші әлеуметтік желілерде белсенділік танытқаны жөн. Ең алдымен, орталық және жергілікті атқарушы органдардың әрқайсысында халықпен тікелей жұмыс істейтін және кері байланыс жасап отыратын алаңдардың болуы шарт”, – деді мемлекет басшысы.

Комментарий