Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Желтоқсан жадымызда

Егеменді еліміздің тарихында Желтоқсан мен Тәуелсіздік – егіз ұғым. Екеуін бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Өйткені бүгінгі қасиетті де қастерлі Тәуелсіздігіміз – сонау сексен алтының ызғарлы желтоқсанында алаңға шыққан қазақтың қайсар ұл-қыздарының төгілген қанымен, үзілген жанымен келгені тарихымызға өшпестей болып жазылған шындық.

Сол бір дүрбелең шақта ұлы дүрмектің арасынан табылған мен үшін Желтоқсанның орны бөлек, маңызы ерекше. Әр жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі жақындағанда, жүрекке жара салған Желтоқсан жадымда жаңғырады. Таяуда қандыкөйлек жолдастардың бір парасымен жүздесудің сәті түсті. Бұл жолы да әдемі кездесуге себеп болған «Желтоқсан – Алматы». Иә, жүздеген «желтоқсаншының» басын қосқан жаңа қоғамдық ұйымға осындай атау беріліпті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық және Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдық мерейлі тойларының қарсаңында жаңа қоғамдық бірлестіктің ашылу салтанатына куә болып қайттық.
Бірлестік төрағасы Жандыбай Серікбек Дүрүмбайұлы жиын басында қоғам мүшелерінің қатарына жаңадан қосылған Желтоқсан ардагерлерін таныстырып, куәліктерін табыс етті. Сонымен қатар бүгінгі күннің батырларын «Желтоқсан қаһарманы» төсбелгісімен марапаттады.
Келесі кезекте төраға ҚР Премьер-­Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың Парламенттегі «Ақжол» және Nur Otan фракциялары депутат­тарының Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды құрметтеу, оларды әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатыс­ты депутаттық сауалына берген жауабының толық мәтінімен таныстырды.
Жиын барысында қоғамдық ұйымның алдағы жұмыс жоспары ортаға салынды. Ең алдымен қазақ елінің патриоты болам деген әр азамат алдымен аты-жөнін қазақшалауы тиіс. Қатарда жүрген ардагерлерді ұлықтау мақсатында әрқайсысының туған елімен тығыз қарым-қатынас орнатқан абзал. Батырлар оқыған білім ұясында қолда бар жәдігерлерден Желтоқсан бұрышын жасақтап, жергілікті әкімшілікпен бірлесе ескерткіш қою, тақта орнату мәселелерін қолға алу керек. Ондағы мақсат жас түлектерге қасында жүрген бүгінгі ардагерлерді насихаттау, мақтан ету, сонау 1986 жылы 16 мен 25 жас арасындағы жастардың ұлттың намысы үшін жасаған өжеттіктерін үлгі тұту. Екіншіден, ескерусіз, елеусіз қалған Желтоқсан батырларын ауыл-ауылдан іздеп тауып, ұйымға тарту.
2009 жылы ҚР Әділет министрлігінде заңды тіркеуден өткен «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің алғашқы төрағасы Бейсенғазы Сәдуұлының басшылығымен бүгінге дейін 170-ке жуық әртүрлі тақырыптағы іс-шара өтіпті. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш қойылып, көше берілді. Алматы іргесіндегі Талғар қаласында Алаш арыстарына ескерткіш орнатылып, Желтоқсан қаһармандарына Батырлар саябағында тасбелгі қойылды.
Жалпы, алға қойған мақсат көп. Ең бастысы – еліміздегі желтоқсаншылардан құралған 13 ұйымның басын біріктіру. Тәуелсіздік тұғырын асқақтату мақсатында ел билігіне қолдау көрсету. Ұлы Отан, ауған соғысының ардагерлері сияқты Тәуелсіздік жолында ұлтымыздың намысын қорғап қалған жастарымыздың ерлігі – Желтоқсан оқиғасы өзіне лайық бағасын алса, мемлекет тарапынан қаһармандар әлеуметтік қолдауға ие болу жолында жұмыстар атқарайық, – деді асқақ армандарымен бөліскен бірлестік төрағасы.
«Желтоқсаншылардың» әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне де назар аударылды. Қоғамдық көлікте тегін жүру, емдеу-сауықтыру орындарына жолдама беру, тұрғын үй салу үшін жер телімін бөлу, болашақта бірлестік мүшелеріне арнап ықшамаудан тұрғызып, Желтоқсан құрбандарының есімін көшелерге беру сияқты іргелі істерді жүзеге асыру міндеті тұрғанын айтқанда, қатысушылар қуана қолдады.
Басқосу соңында қоғам жұмысын әрі қарай жандандыра түсу мақсатында жиналғандардың арасынан белсенді азаматтарға әртүрлі міндеттер жүктелді. Сонымен қатар мүшелік жарнаның мөлшері белгіленіп, бірауыздан қабылданды.

Ұлбала ӘЛІШЕВА,
«Заң газеті»

Комментарий