Жаңалықтар | Новости

Михаил Ломтадзе: «Kaspi.kz – Қазақстанда құрылған бірегей компания»

Қызметтерді, өнімдер мен технологияларды Kaspi.kz командасы Қазақстанда әзірлейді.

Михаил Ломтадзенің сөзі «Шекарасыз финтех. Цифрлық Еуразия» 2-ші халықаралық Плас-форумындағы ең ерекшелердің бірі болды. Kaspi.kz басшысы және негізін қалаушылардың бірі қазақстандық компания, бизнес үлгісінің бірегейлігі мен инновациялық технологиялар туралы айтты.

«Kaspi.kz – Қазақстанда құрылған бірегей компания, – деп бастады сөзін Михаил, «Біздің миссиямыз – сүйікті тұтынушыларымыздың өмірін жақсартатын инновациялық сервистерді жасау. Біздің миссиямызда сіз индустрия немесе банк нарығы туралы ештеңе көрмейсіз. Бұл әрқайсымыздың өмірлік құндылықтарымызды көрсетеді».

Михаил дәл осы миссияның негізінде Kaspi.kz-тің әлемде теңдесі жоқ, бірегей  бизнес үлгісі құрылғанын айтты. Бұл үлгінің орталығында — компания тұтынушылары, олардың күнделікті қажеттіліктері негізінде қалыптасқан Kaspi.kz-тің барлық қызметтері мен мобильді суперқосымшасы тұрады. Kaspi.kz басшысы мен оның командасындағылардың барлығы «клиенттер» ғана емес, «біздің сүйікті клиенттеріміз» деп бекер айтпайды.

Kaspi.kz сүйікті клиенттерінің айналасында бірнеше платформалар жасады: «Төлемдер», «Маркетплейс», «Финтех», «Мемлекеттік қызметтер», «Тревел». Олардың әрқайсысы негізгі миссияны жүзеге асыруға көмектеседі. Және олардың барлығы бір суперқосымша — Kaspi.kz-ке жинақталған.

«Біздің бизнесіміздің бірегейлігі бізде көптеген қызметтер барында емес, — деп түсіндірді Михаил Ломтадзе, — олардың барлығы бір қосымшада жинақталғанында. Kaspi.kz біздің сүйікті тұтынушыларымызға күнделікті өмірде көмектесетін көптеген қызметтерді біріктіреді».

Kaspi.kz суперқосымшасын қазірдің өзінде 11 миллион қазақстандық пайдаланады. Қолданбаға күн сайын 6 миллион тұтынушы кіреді. Пайдаланушылар саны бойынша Kaspi.kz-пен тек қытайлық WeChat бәсекелесе алады.

Kaspi.kz сайтында қазақстандықтар 5 мыңнан астам түрлі қызмет үшін комиссиясыз төлейді, достары мен туыстарына ақша аударымдарын жасайды. Маркетплейсте 1,2 миллионнан астам өнімді тегін жеткізу, бөліп төлеу мен несиеге, тиімді бағамен және бонустармен сатып алады.

Kaspi.kz маркетплейсінде 80 мыңнан астам серіктес бар. Олардың көпшілігі Kaspi.kz интернетте де және әдеттегі дүкендерде де сатуға көмектесетін шағын және орта бизнес кәсіпорындары. Компания сондай-ақ жақында кәсіпкерлерге арналған финтехті дамытуды бастады, атап айтқанда, бизнесті дамытуға несие береді. «Қазір бұл біз үшін басым өнім, біз өте тез өсіп жатырмыз», — деді Ломтадзе.

Kaspi.kz мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бірқатар технологиялық қызметтерді іске қосты. Мәселен, дәл қазір үйден шықпай-ақ жеке кәсіпкерді тіркеуге немесе автокөлікті қайта тіркеуге болады. Еліміздегі әрбір үшінші көлікті сату-сатып алу келісімі Kaspi.kz суперқосымшасында онлайн режимінде рәсімделеді.

Жақында зейнетақыны Kaspi Gold картасына алуды онлайн рәсімдеу, сондай-ақ әлеуметтік шот ашу және балалар жәрдемақысын рәсімдеу қызметтері пайда болды. Енді қарттарға да, жас ата-аналарға да ХҚО-ға құжат үшін барудың қажеті жоқ, тек қосымшада өтініш жазу жеткілікті.

Михаилдың Kaspi.kz қолданбасы арқылы Ashyq мәртебесін тексеретіндер бар ма деген сұрағына бүкіл зал «иә», деп жауап берді.

«Біз мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметтерді әрбір азаматқа қолжетімді ету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Біз барлығына осы қызметтерді тез, оңай және комиссиясыз алу мүмкіндігін жасағымыз келеді. Біз мұны тегін, өз қаражатымызбен жасаймыз және мемлекеттік органдарға сараптамамызбен қуана бөлісеміз», — деп атап өтті Михаил.

Егер бір жыл бұрын «Мемлекеттік қызметтерге» айына 1,7 миллион адам кіретін болса, қазір бұл қызметті 7 миллион қазақстандық тұрақты пайдаланады.

Kaspi Gold картасын 9 миллион қазақстандық пайдаланады, бұл елдегі ең танымал карта. Картаға мұқтаж кез келген адам Kaspi.kz қосымшасында тапсырыс беріп, жақын маңдағы Kaspi Картоматта атаулы картасын басып шығара алады. Kaspi.kz әзірлеген бұл бірегей құрылғы Қазақстанда жасалған және жеке картаны небәрі 60 секундта басып шығарады. Салыстыру үшін айтсақ — басқа елдерде атаулы картаны алу үшін әдетте бірнеше күн қажет.

«Барлық технологияларды Қазақстанда біздің команда әзірлеген. Біреу ойлап тауып, біз үшін бірдеңе жасайды деген әртүрлі мифтер бар. Біз бәрін өзіміз жасаймыз, ал бізде қаптаған кеңесші жоқ», — деп атап өтті Kaspi.kz басшысы.

Kaspi Gold және онымен байланысты қызметтер қолма-қол ақшасыз төлемдердің жылдам өсуіне ықпал етті. Келесі қадам кәсіпкерлерге қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға ыңғайлы құрылғыларды жасау болды. Kaspi.kz бірнеше керемет технологиялық құрылғыларды — Smart POS, Mobile POS және QR-дисплейді жасап шығарып, кәсіпкерлерге тегін таратты. Соңғы бір жылда мұндай құрылғылардың саны 22 мыңнан 215 мыңға дейін өсті.

Нәтижесінде Kaspi Gold картасы іске қосылған 2016 жылдың желтоқсанынан 2021 жылдың маусымына дейін еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 39 есеге өсті. Жалпы төлемдердің ішіндегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 15%-дан 77%-ға дейін өсті. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мысалы, Ресейде қолма-қол емес ақшаның үлесі әлі де бар болғаны 39% құрайды. Ал Қазақстанда өсім жалғасуда.

«2018 жылы біз IPO жасаймыз, Қазақстанды әлемдік инновациялық картаға қосамыз деп уәде бердік. Және біз уәдемізде тұрдық, — деп жалғастырды Михаил, — 2020 жылы біз табысты IPO өткіздік. Бүгінгі күні Kaspi.kz капитализациясы 25 миллиард долларды құрайды. Бұл әлемдегі ең ірі финтехнологиялық компаниялардың бірі». Салыстыру үшін айтсақ, Yandex капитализациясы шамамен 27 миллиард долларды, Tinkoff — шамамен 21 миллиард долларды құрайды».

«Біз Қазақстан туралы айтқымыз келеді! Біз Қазақстан туралы барлық жерде айтамыз!», – деп сөзін эмоционалды түрде аяқтады Kaspi.kz басшысы, — Біз Қазақстанда инновация қарқыны басқа елдермен салыстырғанда жоғары деп санаймыз. Бұл туралы көбірек айту керек! Гарвард Бизнес Мектебі біздің компанияның тарихы туралы кейс жазды. Қазір онымен магистратура студенттерін оқытады. Гарвардта бір компания туралы кейсті үш жыл қатарынан оқытуы өте сирек кездеседі. Бұл Kaspi.kz – Қазақстанда жасалған!» — деді Михаил таныстырылымның соңында.

 

Комментарий