Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

Рақымшылыққа ілінетін санаттар анықталды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жазасын өтеп жатқан еліміздің бірқатар азаматтары рақымшылыққа ілінуі мүмкін. Бұл жөнінде кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қарау барысында белгілі болды.

Жаңа құжатты депутаттар алдында қорғаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, мақсат – онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату, кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның мерзімін қысқарту. Рақымшылық – ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, 1 және 2-топтағы мүгедектерге, сондай-ақ, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады.
Жалпы, елімізде бүгінгі таңда 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Олардың арасында 30 мың азаматқа сот үкімі шықса, қалған 4 мың адам тергеу мен қамауда отыр. Сотталғандардың 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бас еркінен айырылғандар болса, 45 пайызы бірнеше рет сотталғандар. Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.
Аталмыш заң жобасы негізінде 2 236 сотта­лушыға, 11 310 пробацияда тұрған адамға рақым­шылық жасау көзделуде. Соның арқасында бірін­шіден 1 мың адам қамаудан шығып, 3 818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Екіншіден, 1 294 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға, яғни барлығы – 8 786 адамға жаза мерзімі қысқартылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс жабылады. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, 1471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелерін қолданады. Ал аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, рақымшылық қарастырылмаған.
Сөз алған депутаттар заң жобасында айқындалған талаптардың азаматтар мен мемлекеттің, оның ішінде азаматтардың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босатуға мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Бұл ретте азаматтардың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына, кәмелетке толмағандарға (қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде), әйелдер мен егде жастағы еркектерге, 1 және 2-топтағы мүгедектерге және қоғамға зор қауіп төндірмейтін басқа да адамдарға ерекше назар аударылған. Азаматтардың осы санаттарының барлығына рақымшылық жасалады.
Бұл қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құжат қолданысқа енгізілгенге дейін онша ауыр емес және орташа қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдардың жасаған қылмыстары туралы соттар қарамаған қылмыстық істерді тоқтатуға негіз болады.
Арнайы құрылған жұмыс тобы шеңберінде талқылау кезінде депутаттар тарапынан заң жобасына бірқатар нормаларды «Ардагерлер туралы» заңға сәйкес келтіру мақсатында түзетулер енгізілді. Олар әлеуметтік жағынан әлсіз адамдарға Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерін, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерін, еңбек ардагерлері мен басқа да адамдарды жатқызуды көздейді. Сондай-ақ, жұмыс тобы асырауында 18 жасқа дейінгі ғана емес, олардың жасына қарамастан, яғни 18 жастан асқан бала кезінен мүгедек балалары бар адамдарға да рақымшылық жасауды қолдануды нақтылайтын түзетулер жасады.

А.Тұрмағанбетова,
«Заң газеті»

Комментарий