Қоғам | Общество

“Бір көз бен қолсыз қалды”: Маңғыстауда граната жарылып, сарбаз ауруханаға түсті

Маңғыстау облысында әскери қызметкер оқу-жаттығу кезінде граната жарылып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі инАктаубасылымына сілтеме жасап. 

Оқыс жағдай 17 шілде күні Маңғыстау облысы Бейнеу ауылындағы полигонда болды. № 99116 бөлімінің әскери қызметкері Сергей Кошелев оқу-жаттығу кезінде граната жарылып, ауыр халде ауруханаға түсті.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасындағылар Бейнеуден Маңғыстау облысындағы ауруханаға ер адамның ауыр жарақаттармен жеткізілгенін растады.

«Аурухана дәрігерлері жылдамдатып аман алып қалу шараларын бастады. Осы сәтте науқас Маңғыстау облысы ауруханасының травматология бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты, өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Дүйсенбі күні емді әрі қарай жалғастыруы үшін Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілмек», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Зиян шеккен сарбаздың туыстары оның бір қолы мен көзін алып тастағанын хабарлады. Дәл қазір екінші көзін аман алып қалу мәселесі туындап отыр, дейді.

«Бас жарақаты өте көп болғандықтан, Маңғыстауда мұндайда ота жасай алмайды. Сергейді шұғыл Нұр-Сұлтанға жеткізу қажет. Оның дүйсенбіге дейін күтетін уақыты жоқ. Әзірге екінші көзін аман алып қалу мүмкіндігі барда оны шұғылдатып санавиациямен жеткізу қажет», – деп дабыл қақты әскери қызметкердің туыстары.

Енді ер азаматтың туыстары денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып, Маңғыстауға борт жіберуді өтінбек.

Комментарий