Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

Дания Еспаева, Парламент Мәжілісінің депутаты: «Президент сайлауына әйелдер намысын қорғап қатыстым»

– Дания Мәдиқызы, Қазақстанда әйелдер арасында алғаш рет Президент сайлауына​ президенттікке​ үміткер ретінде қатыс­тыңыз. Бұл сіздің өз шешіміңіз бе, әлде партиядан берілген тапсыр­ма ма?
– Әрине, өз шешімім. Президент сайлауы болады дегенде «Ақ жол» партиясы атынан фракциямыздың жетекшісі Азат Перуашев мырза өз кандидатурасын ұсынады деп ойлағанбыз. Бірақ партияның сайлауалды пленумы болған кезде ол мұндай қадам жасамайтынын мәлімдеп, фракцияның кез келген мүшесі президенттікке өз кандидатурасын ұсына алатындығын айтты. Пленум мүшелері бір ауыздан «ер адамдарды ұсыну керек, қазақ халқының ділі ер-азаматтың болғанын дұрыс көреді» деді. Шынымды айтсам, бұл сөз менің намысыма тиіп кетті. «Неге тек қана ер адамдар ұсынылу керек, әйелдердің олардан қай жері кем?» деген ой санамды тілгілеп, мен бірден – «Құрметті пленум мүшелері, бұл дұрыс емес, демократиялық елміз, әйелдер де өз кандидатурасын президенттікке ұсынуға құқылы, мен қатысамын сайлауға» деп аяқ асынан шешім қабылдап, өзімнің кандидатурамды ұсындым. Егер тек ерлер ұсынылу керек деген пікір айтылмағанда, мұндай қадамға бармаған болар ма едім. Намыс өз дегенін жасады. Келесі кезең съезд болды. Естеріңізде болса, Nur Otan партиясы бір ғана үміткерді ұсынса, біздің партия тарапынан бес үміткер сайлауға қатысуға бел байлады. Съезд өте қызу пікірталасқа толы болды. Екі бөлімнен тұрған отырыста әркім өзінің бағдарламаларын ұсынды. Нәтижесінде дауысқа түскен кезде мен және Талғат Ерғалиев деген экс-депутат топ жарып шықтық. Екінші кезеңге екеуміз түсіп, дауыс ашық берілді. Партия мүшелерінің дені маған дауыс берді.

– Жұртшылық бұған сенді деп ойлайсыз ба?
– Иә, мұнда менің ел дамуының негізі – экономика саласында, соның ішінде қаржы жүйесінде 36 жыл жұмыс істегенім үлкен рөл атқарды. Жалпы, экономистер бәрін жасаймын, қатырамын деп ауызбен орақ оратын популистер емес. Олар нақты жағ­дайды, мүмкіндікті зерделеп жұмыс істейді. Мұның сыртында депутатпын. 2016 жылдан бері заң шығарушы ұйымында атқарған қызметім менің қабілетімді бағалауға мүмкіндік берді. Азаматтық позициям қандай, депутат ретінде үкіметке қандай сауалдар жасадым, қандай заң жобалары бойынша жұмыс тобында бармын, қандай ұсыныс­тар қостым, соның бәрі серіктестерімнің көз алдында. Осының бәрі менің кім екенімнің, білім-білігімнің, аты шықпаса жер өртеуге бейіл біреу емес екенімнің картинасы еді. Екіншіден, Қазақстан үшін әйел адамның президенттікке үміткер болуы тосын оқиға болды. Еліміздегі тұрғындардың жартысы әйелдер екендігі, әйелдердің әйелді қорғайтыны белгілі. Өйткені, біз әлеуметтік мәселелерді барынша терең, нақты қозғап, көтере аламыз. Әйел – ана ретінде бірінші кезекте отбасын сақтау­ға мүдделі. Осы фактор мені қолдауда басты рөл атқарды. Сайлаудың нәтижесі де дұрыс жолда екенімізді көрсетті. Біз үшінші орынды алдық. Бұл бірінші рет президент лауазымына баруға қадам басқан үміткер үшін өте жақсы нәтиже. Бастысы мен осы шешіміммен ары қарай басқа әйелдер үшін жол аштым. Олар енді қандай сайлауда болмасын өздері үшін мүмкіндік барын біледі. Бұл сонымен қатар еліміз үшін де, шығыстық менталитет үшін де ерекше жаңалық болды. Есіңізде ме, АҚШ-та қара нәсілді адамдар президент бола алмайды деген ұғым болушы еді ғой. Барак Обама осы таптаурын түсінікті бұзды. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстандағы президент лауазымында әйел адам болатынына сенімім зор. Біз демократия жолымен келе жатқандықтан, бұған түптің түбінде жетеміз.

– Бұл қадам арқылы елге не бермек болдыңыз?
– Біз бүкіл аймақтарды аралап шы­ғып, қарапайым адамның проблемасын терең түсіндік. Жұртшылық мені әлеу­меттік мәселелерді барынша шешеді деп үміттенді. «Ақ жол» партиясы бұған дейін де зейнетке шығу, балалар жәрдемақысына қатысты мәселені көтерген болатын. Көрші Ресейде бірінші бала дүниеге келгеннен бастап ана капиталы бөлінеді. Оның көлемі балалар саны артқан сайын өседі. Яғни, жас отбасыларға мемлекет тарапынан осылайша материалдық көмек беріледі. Біз Қазақстанда да осындай шара қабылдау қажеттігін айттық. Сонымен қатар, жас отбасылардың ипотекалық қарызының пайыздық өсімін бала туған сайын азайтып отыру жөнінде ұсыныс жасадық. Бұл еліміздегі бала тууды ынталандырып, халықтың санын көтеруге ықпал етер еді. Өкінішке орай, бізде бұл тұрғыдағы пайыздық жеңілдіктер төрт баласы барлар үшін ғана қарастырылған. Төрт бала бірден өмірге келмейді ғой. Сондықтан әр бала туылған сайын пайыздық өсімдер біртіндеп 10 пайыздан бастап 25 пайыз көлемінде азайтылып, төртінші бала дүниеге келгенде толығымен жойылғаны дұрыс.
Жалпы, қаржыгерлер қалтадан шы­ғатын әрбір ақшаның тиімділігін, оның бір күнге емес, болашаққа қызмет етуін ойлап тұрады. Елдегі әлеуметтік мәселені тек қана жәрдемақы көлемін арттырумен шеше алмаймыз. Халықтың әл-ауқатын көтерудің, экономиканы дамытудың тура жолы – бизнестің еркін бәсекесіне мүмкіндік беру. Біз осының жолдарын ұсындық. Егер біз бизнесті көтерсек, халықтың әл-ауқатын да жақ­сарта аламыз. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күреске маңыз беріп, талан-таражға түскен ақшаны қайтару шарасын күшейту жөнінде мәселе көтердік. Бұл ойымыз халықтың көкейінен шықты. Сондықтан маған халықтың алдына шығу жеңіл болды. Мұның сыртында менің өмірбаяным да үлкен қолдау тапты. Мен қатардағы маманнан бастап, мәнсаптың барлық сатысынан өткен ауылдың қарапайым қызымын, ешқандай жебеушім болмады. Халық қашанда өз арасынан шыққандарды ұнатады ғой. Өмір тарихымды естіген жастар да адам қаласа, қабілеті болса, еңбек етсе, жетістікке жететініне көздері жетіп, маған сенді.

– Десе де, қазір көп адамдар қабілетіне сай өмір сүре алмайды ғой. Замандастардың арасында біліктілігін көрсететін мүмкіндік таба алмай жүргендер аз емес. Мысалы, сіз айтып отырған жастардың көбі мамандығына сай жұмыс таппай шетел асуда.
– Бұл әрине, үлкен проблема. Былтыр 400 мың, биылғы жылдың жарты жылында 200 мыңнан астам адам елден кетті. Олардың арасында мамандардың кетіп жатқаны жаныма батады. Олар қажет болмай қалғандықтан кетуде. Жастар ол жақтан өздерінің біліміне сай табыс табатынына сенімді. Менің құрбымның баласы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Сол баланың айтуынша, оның сыныптастарының бәрі мектепті бітірген соң шетелге кетпек. Қайтқысы келетіндері де аз. Себебі, елімізде өзіне лайықты жұмыс табатынына сенбейді. Шын мәнінде осы мектепке ел бюджетінен қаншама ақша жұмсалып жатыр? Бұл – трагедия. Бізге жастарды жұмысқа орналастыру саясатын қайта қарау керек. Жұмысқа қабылдаудың ашық жүйесі жасалуы тиіс. Бүгінде ол өкінішке орай жабық. Әр ұйым өзіне қажетті мамандарды өздері жасап алған өлшемдермен немесе таныс арқылы қабылдайды. Мұны жастар күн сайын көріп жүр. Мың жерден білікті маман болса да мамандығына сай қызметке өзі емес, қабілеті жетпесе де, біліктілігі болмаса да қолдаушысы мықты жанның қабылданатынына көздері әбден жеткен. Сондықтан өз тағдырына өзге елде жол салғысы келеді.

– Бұл жерде жұмыс беруші­лердің ел мүддесіне жанашырлығы қажет секілді.
– Иә, біз ұлт мүддесі жайлы көп айтатын шығармыз, бірақ бұл іспен дәлелденуі керек. Шыны керек шетелге шенеуніктердің балалары да кетіп жатыр. Бұл жерде патриоттық тәрбие ақсап тұр. Патриотизм нақты мысалдармен көрсетілмейді. Мына азамат шетелде жұмыс істей алатын еді, бірақ елге қызмет етейін деп Қазақстанға келді дейтін өнеге жоқ. Осындай мысалдар отбасында, қоғамда жиі айтылып, көрсетілуі керек.

– Бүгінде жұмыссыздық көп. Жұмысы барының табысы шайлыққа жетпейді, соның салдарынан несиеге ұрынып жатқандар аз емес. Қазір адамдар азық-түліктің өзін қарызға алуда. Несиені төлей алмау да аз мәселе туындатпайды. Банктердің де араны ашылып кеткен сияқты. Тіпті, бөтен әлемде өмір сүріп жатқандай. Неге олар шағын бизнес, ауыл кәсіпкерлігін дамытуда арзан несиелерімен қолдамайды? Тәжірибелі қаржыгер ретінде бұған не дейсіз?
– Шынында да қазір банк секторында мәселелер өте көп. «Ақ жол» партиясы Ұлттық банктің 9,75 пайыз көлемінде базалық ставкасын тым болмағанда 5 пайызға төмендету туралы талап қойып отыр. Егер осы мәселе шешілсе, екінші деңгейлі банктер бизнеске, тұрғындарға беретін несие өсімін 8 пайыздан асырмас еді. Қазіргі таңда олар Ұлттық банктің 9,75 пайыз базалық ставкасына өздерінің үстемесін қосып, ақырында несиенің бизнеске арналған жылдық өсімін 14-16 пайызға жеткізген. Өндіріс дамып, ішкі нарық халық тұтынатын тауарға толуы үшін оларға берілетін несие өсімі 10 пайыздан артпау керек. Банк депозитпен елден жинап алған ақшаны экономиканы қаржыландыру үшін бөлуі керек. Яғни, нақты секторды, бизнесті несиелеуі тиіс. Бүгінгі таңда Ұлттық банк 35 триллион теңгенің тек 20 пайызын бизнеске бағыттап, 26 пайызын тұтыну несиесіне жіберіп отыр. Неге? Өйткені, бұл бизнеске берілген қарызға қарағанда мол табыс әкеледі. Қалған ақшаны, яғни, 43 па­йыздан артығын Ұлттық банктің бағалы қағаздарына салып отыр. Егер базалық өсім 5 пайыз болса, ақшаны бұлай ұстау тиімсіз болып, пайда табу үшін оны бизнеске жіберер еді. Қазір екінші деңгейлі банктердің тұрғындарға беретін тұтыну несиесінің ең төменгі ставкасы 25 пайыздан жоғары. Ипотека бойынша – 14 пайыз. Қарапайым адам үшін бұл өте қымбат. Пәтерге деп алған несие он бес жылдан кейін екі есеге өседі. Кредитті алған адам үшінші жылы шаршай бастайды. Себебі, балалар дүниеге келіп, қосымша шығындар пайда болады, мұның сыртында азық-түлік, өзге тұтынуға қажетті тауарлар бағасы да өседі. Тапқан ақшасы жетпеуге айналады. Осының бәрі жүйкеге салмақ салады. Мұның арты түрлі наразылыққа алып келіп жатады. Сондықтан біздің Ұлттық банк алдына қойып отырған талабымыздың басты мақсаты ставканы қаржыландыру деңгейін төмендету. Бізді бірақ Ұлттық банк тыңдап отырған жоқ. Оның айтатыны – егер біз пайыздық үстемені төмендететін болсақ, салымшылар өздерінің депозитін алып кетеді. Оларға бұлай депозитті ұстау тиімді емес. Өкінішке орай, банктер үшін тек салымшылар жағдайы ғана маңызды, несие алғандардың мәселесі екінші кезекте.

– Алматыда бес адамның өліміне себеп болған оқиға несие мәселесінің маңызын одан сайын айқын көрсеткендей.
– Иә, бұл жағдайды сатылған мүлік құнының ақылға сыйымсыз деңгейде төмендетілгені ушықтырды. Банктің осындай шешім жасауына біздің заң жол береді. Оның талабына сай несиені төлемесең банк мүлкіңді нарық бағасынан елу пайызға дейін төмен сата алады. Мысалы пәтер 20 млн тұрса, оны саудаға он миллион теңгеге дейін арзандатып, шығарып, пәтерді өзінің балансына ала алады. Негізінде мүлік бағасы көп дегенде 25 пайызға төмендетілу керек. Сонда қарыз алушы қарыздың 16 миллионының жабылатындығына сенімді болады. Екіншіден, Ұлттық банк, Қаржы қадағалау агенттігі осы сауданың өткізілу барысын бақылауы тиіс. Бүгінде банктер сауданы электронды түрде ұйымдастырады, қатысушылар жоқ, бұл тәжірибені тоқтату керек. Үшіншіден, азаматтар қаржылық сауатын көтеру керек. Шыны керек, замандастарымыз борыштың қамытын көбіне несиенің қыр-сырын білмегендіктен киіп жатады.

– Сол секілді банктер азаматтардың төлем қабілетіне көз жұма қарайтын секілді. Осы тұрғыда нақты талап қажет деп ойламайсыз ба?
– Бұл да өзекті мәселе. Иә, соңғы жылдары оған шектеу енгізілді. Мәселен, бұрынғыдай үйін кепілдікке алып, несие беру тәжірибесі жойылды. Жалпы, несие рәсімделген кезде төлем қабілеті міндетті түрде ескерілуі, қарызды өтеу сомасы оның табысының елу пайызынан аспауы керек. Яғни, қарызды жапқаннан кейін ақшасы қалу керек. Өкінішке орай, бізде бұл талап ең төменгі күнкөріс деңгейіне негізделген. Өзіңіз ойлаңызшы адам қалай 16 мың теңгеге өмір сүреді? Бұл деген абсурд қой. Сондықтан шекті өлшем қайта қаралып, банк несие бере алатын төлем қабілетінің деңгейі көтерілу керек. Сонда несие алатын адамдар саны азайып, кез келгені қарыз құрығына түспейтін болады. Шыны керек, бүгінде адамдар несиені түкке тұрғысыз нәрселер үшін алады. Мәселен, телефоннан бастап, той жасау, жаназа шығаруға дейін қарыз алып жүзеге асырылатын болған. Егер несие баспана үшін алынса түсінуге болады. Қызығы, осы мақсатта алынатын борыш несие тұтыну қарызынан әлдеқайда аз. Сондықтан біріншіден, несие нормативтерін қайта қарап, екіншіден, адамдардың санасын өзгерту керек.

– Бұл тәжірибе шетелде қалай?
– Онда пайыздық өсімдер 0,3-0,4 пайыздан аспайды. Сондықтан банктер дептозитті бір пайызбен тартып, несиені 3-4 пайызға дейінгі ғана өсіммен береді. Өсім төмен болса, қызмет ету де жеңіл. Бізде мемлекет беретін, мысалы Отбасы банкі ұсынатын несиенің өзінің ең төменгі өсімі 6 пайыз.

– Сол секілді​ адамдарды көптеп тартып жатқан қаржы пирамидалары жайлы айтып өтсеңіз. Бірі жабылса екіншісі пайда болатын қаржы пирамидаларына алданған азаматтардан арыз түспейінше анықтау мүмкін болмағаны ма? Құзырлы орындар осындай мәселеге неге мән бермейді?
– Бұл мәселеге орай Парламент депутаттары құзырлы орынға сауал жасады. Расында жағдай өте қорқынышты. Қаржы пирамидасына қатыс­ты 2016–2020 жылдар аралығында прокуратурада 618 іс қозғалыпты. Тек 2020 жылы бұл санаттағы істер саны 7 есеге артқан. 2019 жылы барлығы 24 іс қозғалған болса, 2020 жылы 118 іс қозғалған. Ал биылғы жылдың 9 айында олардың саны 380-ге жетіп отыр. Барлығы 43 мың адам зардап шегіп, 417 млрд теңге жоғалтқан. Бұл өте көп ақша. Сондықтан қаржы пирамидаларының құрығына түспеу үшін бірінші кезекте тұрғындар сақ болу керек.
Шын мәнінде тегін ешнәрсе жоқ. Пирамида да солай, ол адамдарды оңай олжамен алдап құрыққа түсіруді мақсат етеді. Пирамиданы қалай тануға болады? Онда біріншіден 20 пайыздан 50 пайызға дейін жоғары пайда табасың дейді. Бұл шындыққа сай емес. Екіншіден, адамдарды тартқаны үшін бонус төлейтіндігі. Біз осыған сеніп, өзімізбен қоса, соңымыздан ерген адамды да сазға отырғызамыз. Үшіншіден, қымбат пәтер құнының бірден отыз пайызын береміз дейді. Бұл тұзақ. Адамдар оған тез баюды мақсат етіп барады. Шарттары күмәнді болса да кейде саналы түрде, кейде сауатсыздық салдарынан оларға мойынсұнады. Ашкөздік те бар. Оны мойындауымыз керек. Бұл үрдістің алдын алу үшін мемлекеттік құрылымдар алдын ала ескерту бағытында жұмыс істеу керек. Қаржы мониторингі мен қаржы реттеу агенттіктері, құқық қорғау органдары өкілдерінен құрылған сауатты команда адамдарды қаржы пирамидаларына шақыратын сайттарды анықтап, жұмыс әдістерін саралап, ақпараттандыру, алдын алу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Ондай сайттар жедел жабылуы керек. Өкінішке қарай, біз бұл мәселеде шабанбыз. Мысалы 2019 жылы іргеміздегі Ресейді дүрліктіріп, үстінен қылмыстық іс қозғалған Финика қаржы пирамидасы өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанға келіп, биылғы жылдың шілде айына дейін адамдарды қатарына тартқан. Егер біздің мамандар тиімді жұмыс жүргізген болса, бұл ұйым біздің елді маңайлай алмас еді.

– Жуырда Парламентте алдағы үш жылдың бюджеті туралы заң қаралған кезде Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев келер жылы инфляция деңгейі 4 пайыздың айналасында болады деді. Бұл шындыққа келе ме?
– Ресми статистика шынайы өмірдің көрінісін бермейді. Инфляция төмендеуі үшін барлық тауарды өндіретін өндірістер Қазақстанда құрылып, оларға өсім пайызы төмен несие берілу керек. Жоғарыда айтқанымдай қазіргі банк беріп отырған қарыз өсімімен өндірісті дамыту мүмкін емес. Бұл үшін несие қазіргідей 14 пайыз емес, 8-9 пайыздың айналасында болғаны жөн. Бізде субсидияны көбісі ала алмайды. Бизнес­тің дамуына жағдай жасалып, оларға салынатын салық көлемі азайтылу керек. Қазір салық шағын, орта және ірі бизнес үшін бірдей деңгейде. Бұл дұрыс емес. Нан, ет, сүт өндірушілер үшін салық 1-2 пайыздан аспағаны жөн. Күнделікті қолданбайтын тауаралар өндірісіне салынатын салықты арттыруға болады. Осындай тетіктермен халық тұтынатын тауарлар нарығын өз өнімімізбен толтырғанда ғана инфляция деңгейі төмендеп, әл-ауқатымыз жақсаратын болады. Басқа жағдайда бәрі бос сөз.

– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Айша Құрманғали,
«Заң газеті»

Комментарий